ЖЕР ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ ЖҰМЫС ІСТЕУІ ТИІС
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың @saparbayev_bm Т.Рысқұлов ауданына жұмыс сапары көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысудан басталды.
Аймақ басшысы «Жамбыл БТТ» шаруа қожалығының, «Лугавой жылқы зауыты» ЖШС-нің жұмыстарын, техникаларын көріп, жергілікті шаруалармен кездесті.
Облыс әкімі биыл да су тапшылығы туындау мүмкін екендігін атап өтіп, сондықтан қазірден алдын алу жұмыстарын жүргізудің маңыздылығына тоқталды.
– Қазір арқаны кеңге салып жүретін уақыт емес. Жағдайды өздеріңіз де көріп отырсыздар. Ылғалдың түсуі өте төмен. Жауын-шашын жаумады десек те болады.
Сол себепті қазірден қам жасап, барлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану керек. Ұңғымалар қазып, жерасты суын игеріп, жаңбырлатып және тамшылатып суғару технологияларын көптеп енгізу қажет. Егер аудандағы 192 ұңғыма тазаланып, аршылса, мыңдаған гектарды суғаруға болады.