Жер қатынастары саласы цифрландырылуда

Қазіргі таңда мемлекеттік қызмет жүйесін электронды форматта жетілдіру және оған азаматтардың еркін қолжетімділігін қамтамасыз ету үкімет алдында тұрған маңызды стратегиялық міндеттің бірі. Мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде халықтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтауды қамтамасыз ету белгілерінің бірі – қызметтерді цифрландыру, халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсету тиімділігін арттыру және оны сапалы көрсету болып табылады.

Жер қатынастары саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді цифрландыруда, халыққа қолжетімділікті арттыруда көптеген жұмыстар атқарылуда. Мәселен, Электронды үкімет порталы арқылы «Жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін (10 сотық жер) алуға кезекті қарау немесе кезекке тұру» қызметі іске қосылып, жыл басынан бері аталған қызмет арқылы облысымызда 60 мыңнан астам тұрғынның өтініші қабылданды.

«E-License» порталына (әрі қарай – Портал) жер қатынастары саласы бойынша 8 қызмет түрі енгізілген.

Жер учаскелерін қалыптастыру жөнінде жерге орналастыру жобаларын бекiту;
Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру;
Іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскелерін пайдалануға рұқсат беру;
4.Ауыл шаруашылығы алқаптарын бір түрден екінші түрге ауыстыруға түпкілікті шешім беру;

5.Сауда-саттық (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтарды алу;

Жер учаскелерінің бөлінетіндігі мен бөлінбейтіндігін айқындау;
Бүлінген жерлерді қалпына келтіру жобасын келісу және беру;
Жер учаскесін жекеменшікке ақысын бірден төлеп не бөліп төлеуге сату;
«E-gov» электрондық үкімет порталы арқылы 2 мемлекеттік қызмет көрсетіледі:

Елді мекен шегінде нысан салу үшін жер учаскесін беру;
Жер учаскесін алу үшін кезекке қою.
Аталған қызметтерді электронды үкімет веб порталы арқылы үйден шықпай-ақ алуға болады. Ол үшін электронды цифрлы қолтаңба болса жеткілікті.

Мәселен, жер учаскелерін қалыптастыру жөнінде жерге орналастыру жобаларын бекiту қызметін алушы жеке және заңды тұлғалар https://arm.elicense.kz сайты арқылы жобаны бекітуге өтініш пен жерге орналастыру жобасын жібереді. Ұсынылған құжаттар дұрыс болған жағдайда қызметті көрсетуші орган жерге орналастыру жобасын бекіту туралы электронды бұйрық шығарады. Қызмет көрсету мерзімі 4 жұмыс күнін құрайды.

Ал жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру қызметін көрсету мерзімі – 13 жұмыс күні. Аталған қызмет ҚР Жер кодексінің (әрі қарай – Кодекс) 49-1 бабына сәйкес жүргізіледі. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту үшін өтініш жіберу керек. Өтініште жер учаскесінің кадастрлық нөмірі, сұралған жер учаскесінің нысаналы мақсаты, жер учаскесінің көлемі және жер учаскесіне мемлекеттік акттің деректері көрсетіледі. Әкімдік пен аумақтық органдар сіздің жер учаскеңіздің нысаналы мақсатын өзгерту мүмкіндігін бас жоспарда ескерілген немесе ескерілмегендігіне байланысты қарастырады.

Егер бас жоспарда сіздің учаскеңіздің нысаналы мақсатын өзгерту мүмкіндігі ескерілген болса, сондай-ақ еш құқықбұзушылық болмайтын жағдайда, толық әрі дұрыс өтініш жолдасаңыз, сұранысыңызға оң шешім шығарылады.

Іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскелерін пайдалануға рұқсат беру мемлекеттік қызметін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары көрсетеді. Мемлекеттік қызметті алу үшін жеке және заңды тұлғалар портал арқылы көрсетілетін қызметті берушіге мыналарды жолдайды: көрсетілетін қызметті алушы іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскесін пайдалануға рұқсат беру туралы өтініш;іздестіру жұмыстарын жүргізу учаскесі жоспарының (схемасының) электрондық көшірмесі;іздестіру жұмыстарын орындауға арналған тапсырманың электрондық көшірмесі;

Осы қызметті көрсету барысында Кодекстің 71-бабы басшылыққа алынады. Қызмет көрсету мерзімі 10 жұмыс күнін құрайды.

Ауыл шаруашылығы алқаптарын бір түрден екінші түрге ауыстыруға түпкілікті шешім беру қызметі алқап түрінің ауысуына қарай аудандық атқарушы органмен немесе облыстың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органымен жүргізіледі. Кодекстің 98-бабында көрсетілгендей, ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру (трансформациялау) қажеттiгi табиғи факторларға, оларды бұдан кейiн де басқа жер алқаптарының құрамында пайдаланудың экономикалық тұрғыдан орындылығына негiзделедi.

Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру жөнiндегi материалдар ауыл және су шаруашылығының органдарымен келiсу үшiн жiберiледi. Қызмет көрсету мерзімі – 30 жұмыс күні. Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесінде ауыл шаруашылығы алқаптарын бір түрден екінші түрге ауыстыру туралы шешім немесе мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы уәжді жауап ұсынылады.

Сауда-саттық (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтарды алу қызметі жеке және заңды тұлғаларға көрсетіледі. Аталған қызметті цифрландырудың нәтижесінде қызмет көрсету мерзімі 2 есеге қысқарып, 15 жұмыс күнін құрады.

Көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызметті екі кезеңде көрсетеді. Бірінші кезең – сұралып отырған жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсат бойынша пайдалану мүмкіндігін анықтау, жер учаскесін таңдау актісін дайындау (елді мекен шегінде нысандар салуды қоспағанда, нысандар салу үшін жер учаскесі сұралған кезде), жер комиссиясының қорытындысын беру – 12 жұмыс күні ішінде, екінші кезең жер учаскесіне құқық беру туралы шешім шығару – бекітілген жерге орналастыру жобасы келіп түскен сәттен бастап 3 жұмыс күні ішінде көрсетілуі тиіс.

Жер учаскелерінің бөлінетіндігі мен бөлінбейтіндігін айқындау Кодекстің 51-бабына сәйкес, ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін бөлу осы Кодекстің 97-бабында көзделген нормалар ескеріле отырып жүзеге асырылады. Ол үшін жер учаскесінің бөлінетін бөліктерінің өлшемдері мен нақты бар құрылыс-жайлары көрсетілген жер учаскесін бөлу схемасын, сәйкестендіру құжатын және жер учаскесін бөлуге арналған өтінішті жергілікті атқарушы органға электронды түрде жолдау қажет. Өтініш түскен күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде жер учаскелерінің бөлінетіндігі мен бөлінбейтіндігін айқындау туралы немесе ұсынылған құжаттар дұрыс болмаған кезде мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы уәжді жауап беріледі.

Бүлінген жерлерді қалпына келтіру жобасын келісу қызметі 5 жұмыс күні ішінде жеке және заңды тұлғаларға көрсетеді. Жергілікті атқарушы органға жазылған өтініш пен бүлінген жерлерді қалпына келтіру жобасы талап етіледі. Жоба ҚР Ұлттық экономика министрлігінің 2015 жылғы 17 сәуірдегі № 346 «Бүлінген жерлерді қалпына келтіру жобаларын әзірлеу бойынша нұсқаулықты бекіту туралы» бұйрығына сәйкес жасалынады.

Жерлерді қалпына келтіру – бүлінген жерлердің өнімділігі мен шаруашылықтық құндылығын қалпына келтіруге, қоршаған табиғи ортаның жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар. Бұл жұмыстар Кодекстің 140, 149-баптарын басшылыққа ала отырып жүргізіледі.

Жер учаскесін жекеменшікке ақысын бірден төлеп, не бөліп төлеуге сату қызметін алу үшін жер учаскесінің нысаналы мақсаты, ауданы, орналасқан жері көрсетілген өтінішті жергілікті атқарушы органға жолдау қажет. Сонымен қатар жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құны актісінің электрондық көшірмесі, жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін) керек. Қызмет көрсету мерзімі – 5 жұмыс күнін құрайды.

Жер қатынастары саласындағы көрсетілетін қызметтер күн санап халыққа жеңіл бола түсуде. Сонымен қатар қызметтер қатарын көбейту жұмыстары да қарқынды жүруде. Мәселен, «Жер учаскесін жалға алу мерзімін ұзарту» қызметін электронды форматқа ауыстыру бойынша нормативтік құжаттар дайындалып жатыр. Біздің басты мақсатымыз – қызметтерді цифрландыру арқылы қолжетімділікті арттыру.

Бақтияр КӨПБОСЫНОВ,

облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы.