Жер қатынастарында түйткілді жайттар қалмасын
Батырхан Шүкеновтің қазасы кезінде әлеуметтік желілерге қатысушылардың белсенділігіне әрі қуанып, әрі мұңға батқанмын. Қуанғаным – азаматтарымыздың елімізде болып жатқан оқиғаларға баға беруге, бір кісідей жұмылуға шамасы келіп-ақ қалғандығы еді. Мұң басқаны – осындай белсенділік халқымыз үшін тағдыршешті мәселелер бойынша кездесе қалса, оны бағыттау, игеру қиынға соғуы мүмкін екен деген уайымнан еді. Жер туралы мәнісін терең білмейтін азаматтардың алып-ұшпа әңгімелерінен осындай ірі қоғамдық пікір туындауы сол кездегі қобалжуымның негізсіз еместігін көрсетті.
Кез келген істе, әсіресе, қазіргідей шикізат өндірісі құнсызданып, әлемдік экономика күрделі кезеңде тұрған шақта инвестициялық салымдардың маңызы зор екенін жұртшылық жақсы біледі. Қазіргі заманғы соғыстар мен тайталасу әдістерінің ең алдымен өнімді ұқсатып сатуға тосқауыл болып, осыны шектейтін санкцияларды енгізуді қамтитыны бекер емес. Елбасы осыны алдын-ала бағамдап, ауыл шаруашылығы саласын басым бағыт деп белгілеп, он бес жылға жуық уақыттан бері саланы мемлекеттік реттеу мен қолдауды еселеп арттырып отырғаны бекерден-бекер емес. Жер кодексіне өзгерістер де экономиканың аграрлық секторын сауықтыруға, бүгінге дейін қабылданған шаралардың жүзеге аспай тұрған себептерін анықтап, реформа жолында басталған іс-әрекеттерді жеріне жеткізу, осы салада бизнес жүргізуді оңайлату мақсатында енгізілген еді. Біздің заңнамамыз шетелдіктер қатысатын мәмілелерге анағұрлым қатаң талаптар қояды, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетел азаматтарына және шетелдің заңды тұлғаларына сатуға мүлде тыйым салады.
1995 жылғы 22 желтоқсанда қабылданған Қазақстан Республикасы Президентінің «Жер туралы» заң күші бар Жарлығында алғаш рет азаматтарға, оның ішінде шетел азаматтарына жерге жекеменшік құқығын беру нақтыланып қойған. Бірақ, бұл Жарлықта шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жеріне жекеменшік құқығын беру қарастырылған жоқ, ол тек үйіргелік, қосалқы шаруашылық, бағбандық, саяжай, өндірістік және өндірістік емес құрылыс салу үшін берілетін жер учаскелеріне ғана қатысты болды.
Ең бірінші ауылшаруашылық жерін жекеменшікке алу 1994 жылдың 5 сәуірінде Президенттің «Жер қатынастарын одан әрі жетілдіру туралы» Жарлығына байланысты жүзеге асырылды. Жарлықта Конституцияны бұзбай-ақ ауылшаруашылық жерін жекеменшікке беруге негіз қаланды. Жерді тұрақты пайдалану құқығы арқылы сатуға, сыйлауға, жалға беруге және кепілге қоюға мүмкіндік жасалды. Осыдан бастап кеңшар басшыларының ішіндегі 20 жылдан артық еңбектенгендерге шаруашылық жерінің 10 пайызы тұрақты пайдалану құқығы сатылды. Кейіннен бұл құқық жер пайдаланушылардың иелігіне өтті.
1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Конституцияның 6-бабындағы «Заңдармен реттелген негізде жер жекеменшікке берілуі мүмкін» деген жаңа тұжырымына сәйкес сол жылғы 22 желтоқсанда «Жер туралы» Президенттің заң күші бар Жарлығы қабылданды. Онда «Қазақстанда жер заңмен көзделген тәртіп пен шектерде жекеменшікте бола алады. Қазақстан Республикасы азаматтарына жер учаскелері өзіндік қосалқы шаруашылық үшін; бағбандық үшін; саяжай құрылысы үшін; өндірістік және өндірістік емес құрылыс немесе құрылыс салу үшін, сонымен бірге, тұрғын үй ғимараты және осы ғимаратты (құрылғы, құрылыс) қамтамасыз етуге беріледі», делінді.
Осы Жарлықтың нәтижесінде 2,5 миллион адамға үйіргелік жер берілді, 1,2 миллион отбасына қосалқы шаруашылыққа, 112 мың гектар бағбандық үшін, 270 мың гектар 80500 адамға саяжай үшін берілді.
Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғаларға, мемлекеттік емес заңды тұлғаларға жекеменшікке жер учаскелері өндірістік және өндірістік емес сипаттағы құрылыс, тұрғын үй үшін ғана берілетіні нақтыланды.
Түрлі елдердегі жерді жекеменшікке беру үрдісіне зер салсақ, АҚШ-та 40 пайыз жер жекеменшікте, Францияда жер жекеменшікке беріледі, бірақ оны басқа тұлғаға сатуға тыйым салынған, жерді тек жалға беруге ғана болады. Ұлыбританияда жекеменшікке беріледі, бірақ шетел азаматтарына сатуға тыйым салынған. Испанияда жер жекеменшікке беріледі, бірақ оны 12 жылға дейін сатуға болмайды. Швецияда жер толығымен дерлік жекеменшікте, жердің тек 2,4 пайызы ғана мемлекетте. Польшада жер толық жекеменшікте. Румынияда әрбір отбасына ауыл шаруашылығын жүргізу үшін 10 га жер тегін беріліп, 8 жылға дейін салықтан босатылған.
Пәкістанда, Малайзияда, Мексикада, Колумбия мен Бразилияда жер жекеменшікке сатылады. Болгария мен Венгрияда 90 пайыз жер жекеменшікте. Германияда шығыс өңіріндегі кейін қосылған жерлер 12 жылға жалға берілген. Оларда жекеменшікке берілген, мұраға берілмейді, жер өңдеуге қабілеті бар адамдарға сатылады. Жерді сатып алғандар 20 жылға дейін қайта сата алмайды.
Чехия, Словакияда және Югославияда реституция арқылы жерлер бұрынғы иелеріне қайтарылып берілген. Чехияда 8 пайыз ғана жер мемлекет меншігінде. Қазір бұрынғы Югославия елдерінде 85 пайыз жер жекеменшікте.
Посткеңестік елдер ішінде Ресейде, Арменияда, Украинада, Литва, Латвия мен Эстонияда жерге жекеменшік бекітілген. Түрікменстанда мемлекеттік қордағы және пайдаланылмай жатқан жерге жекеменшік бар. Бүгінде 10 пайыз жер жекеменшікте.
Израиль, Италия, Қытай елдерінде жер тек мемлекеттік меншікте. Қытайда жерді пайдалану құқығы ешбір шектеусіз сатылады. Голландияда да жерге мемлекеттік меншік негізінен сақталған, шаруалар жерді жалға ғана алады.
Белоруссия мен Қырғызстанда құрылысқа, қосалқы шаруашылыққа, бағбандық пен саяжай үшін жер жекеменшікке беріледі. Өзбекстанда жекеменшікке тек құрылыс салу үшін ғана беріледі.
Австралияда «Шетелдік инвестицияларды реттеу жөніндегі кеңес деп аталатын (Foreign Investment Review Board (FIRB)» арнайы орган қызмет атқарады. Бұл орган Австралияның заңнамасы жерді шетелдіктерге сатуға тікелей тыйым салмайтынына қарамастан жерді шетелдіктерге жекеменшікке беруге аса мұқият қарайды, көп ретте ұсыныстары кері қайтарылады. Демек, мемлекет тарапынан қатаң бақылау бар.
Бірақ, ауылшаруашылық жерін нарықтық айналымға қоспай, ол жерлерді сақтау, жоғары өнімділікке жету болмайтыны бұрыннан-ақ айтылып келген.
Президентіміз 2002 жылы 16 сәуірде Қазақстан халқына арнаған Жолдауында былай деді: «Жер туралы заңның «Ауыл шаруашылығы жерiне жекеменшiк керек пе?» дейтiн сауалға қайтаратын жауабы болуға тиiс. Осы сұрақтың жауабын iздегенде бiз, әдетте, жердi сату – «Отанды сату» дейтiн тоғышарлық тұжырымға ойыса беремiз, ал жерге деген меншiктiң шаруаның ендiгi жерде өз жерiн ешкiмнiң алып қоймайтынына деген сенiмi мен үмiтi екенiн ескере бермеймiз. Керек десеңiз, жерге деген меншiк – оны абаттандыруға, өз балаларына шұрайлы қалпында мирас етуге деген ынта-ықылас. Иесiз жер жетiм. Экологиялық апатқа алдымен ұшырайтын да сол иесiз жер. Қазақстан жағдайында жердi нарық айналысына қосу дегенiмiз — пайдаланылмай жатқан орасан зор ресурстарды экономикаға қосу деген сөз. …Үкiметке басқа елдердiң тәжiрибесiн зерделеп, «қолдаймын» мен «қарсымынды» қатар таразыға тарта келiп, осы заңның жобасын әзiрлеп, Парламентке енгiзудi тапсырамын.
Жыл өткен сайын мемлекет пен қоғамның қызметi көбiнесе заңдармен реттелетiн бола бастады. Сондықтан, Парламенттiң де, Үкiметтiң де осы заңдар бойынша өмiр сүруге тиiс жандармен көбiрек кеңескенi жөн. Әрине, бәрiн бiрден шешiп тастау мүмкiн емес, сондықтан, төзiмдiлiк таныту керек, ұсақ-түйекке шашыла бермей, күш-қуатымызды қалап алған басымдықтарымызға жұмылдыруымыз керек. Бiздiң, атқарушы және өкiлдi билiктiң халық сайлаған өкiлдерi ретiнде маңызды мемлекеттiк мiндеттердi шешу барысында сезiм жетегiне iлесiп кетпей, салмақтылық көрсетiп, парасатқа жүгiнгенiмiз ләзiм». Міне, осылай халқымызға да, Парламентке де, Үкіметке де қатысты аталы сөз бұдан 14 жыл бұрын айтылып қойған.
Енді жерге жекеменшік мәселесінің құқықтық жағын талдап көрелік. Ауылшаруашылық жерлерін жекеменшікке беру мен жалға беру мерзімін ұзарту мәселесін заңдастыру тектен-текке туындаған жоқ.
«100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 35-36-қадамдары ауылшаруашылық жерінің меншігі мен тиімді пайдалануға арналған. Онда былай делінеді: «35-қадам. Ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу. Жер кодексіне және басқа да заң актілеріне өзгерістер енгізу.
36-қадам. Жер телімдерін мақсатты пайдалану түрін өзгертуге рұқсат алу ресімдерін жеңілдету. Ауылшаруашылық жерлерін пайдалануға тұрақты түрде мониторинг жүргізу. Барлық пайдаланылмай жатқан жерді алдағы уақытта жекешелендіру үшін мемлекеттік қорға беру».
Бұл сөздерде бұрыннан қалыптасып келе жатқан ауылшаруашылық жерлерін жекеменшікке жалға беру мерзімін ұзарту және сату арқылы нарықтық айналымға енуін тереңдете түсу үшін жер заңын жетілдіру деген ой тұр.
Көптеген ауылшаруашылық алқаптары иесіздіктен жылдар бойы өңделмей, арамшөптер басып, деградацияға ұшырап жатыр. Оны түлету үшін ауылшаруашылық жерлері шетелдік компанияларға ширек ғасырға жалға берілмек деген тұжырым қарсылыққа тап болды. «Тәуелсіздіктің елең-алаңында колхоз-совхоздар бекер таратылды, орнына кооператив сияқты меншік формасын өзгерту жолымен-ақ жерге иеліктерді сақтап қалған да болатын еді. Белоруссия мен Өзбекстан бүгінде сол қалыппен өмір сүріп отыр», дегенді алға тартты сөйлегендер.
«Қазақстанда жердің бүгінгідей деградацияға ұшырауына кім кінәлі? Ендігі жерде Үкімет өзінің «жаңа жұмыс орындарын ашу, ауылдың инфрақұрылымын жақсарту, жұмыскерлердің біліктілігін арттыру» сияқты міндеттерін жерді 25 жылға жалға беру арқылы жүзеге асырмақ болып отырғаны қаншалықты дұрыс», дейді наразылар.
Жер алқаптары шетелдіктерге жекеменшікке берілмеуі тиіс деген талапқа қатысты айтсақ, ондай ереже қабылданып, 1 шілдеде күшіне енуі тиіс заңда тіптен көзделмеген де еді. Жалпы, шетелдiктерге жер сату туралы мәселе бұрын да, соңғы өзгерістерде де ешқашан көтерілген және заңдастырылған емес.
Қазақстандағы бүкіл жер қоры 272,5 миллион гектар, мәліметтерге қарағанда, оның 100,8 млн. гектары ауылшаруашылық жері, оның 1,3 миллион гектары біздің азаматтарымыздың меншігінде. 99,5 млн.га жердің 65058 гектары шетелдіктерге жалға берілген. Интернеттегі ақпараттарда оның ішінде 44942 гектары шет мемлекеттердің қатысуымен құрылған бірлескен кәсіпорындарға берілген. Ал 10236 гектары – Ресейге, 7959 га – Кипр мемлекетіне, 859 га – Біріккен Араб Әмірліктеріне, 432 гектары – АҚШ-қа, 294 га – Германияға, 282 га – Қытайға, 45 гектары – Польшаға, 7 гектары Түркияға берілген. Қалған 2,3 гектары 11 мемлекетке 0,1-04 га көлемінде Беларусь Республикасы, Украина, Австралия, Израиль, Иран, Армения, Өзбекстан, ОАР, Молдова, Бразилия, Латвия елдеріне беріліпті.
Ең алдымен, елімізде жерге меншік құқығының екі субъектісі бар екенін түсініп алуға тиіспіз, өйткені, жерді сату мен жалға алу туралы болған жағдайларда осы екеуін білмеу мен шатастыру барлық келіспеушіліктің басты себебі болды. Оның біріншісі – жер учаскелерінің меншік иесі болу, олар – Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар. Ондай жер учаскелеріне қосалқы шаруашылық; бағбандық; саяжай және өндірістік және өндірістік емес құрылыс салуға арналған жерлер жататыны заңмен белгіленген. Демек, осы аталған тұлғалар ғана жер учаскелеріне меншік иесі бола алады. Бұл категория ішінде ауылшаруашылық жері жоқ.
Кодекстің 20-бабының 2-тармағында былай делінген: «Осы Кодексте белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жер учаскелерiне жекеменшiк құқығының субъектiсi – азаматтар және мемлекеттiк емес заңды тұлғалар. Бұл ретте, егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, азаматтар деп Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар ұғынылады». Бұл жерде бәрі түсінікті сияқты.
Жердің меншік иесі бола алатындардың екінші түрі – ауыл шаруашылығын иеленуге құқығы бар тұлғалар.
Даудың басы болған, 2016 жылдың 1 шілдесіне күшіне енетін Жер кодексінің 24-бабының 1-тармағындағы «1. Мемлекеттiк меншiктегi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерi осы Кодексте белгiленген тәртiппен және жағдайларда жеке және заңды тұлғаларға жер пайдалану құқығымен және (немесе) жекеменшiк құқығымен берiлуi мүмкiн», деген мәтіннің ауылшаруашылық жеріне қатысы жоқ.
Осы тармақтың үшінші бөлігі кодекске енгізілген өзгерістерге орай жаңа редакцияда көзделген «Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, сондай-ақ, жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жиырма бес жылға дейінгі мерзімге жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығымен ғана иелене алады» деген мәтінге түсініспеушілік туындаған. Көпшілік 25 жылды көп санайды.
24-бап, 2-тармақ, 2)-тармақшада:
«Мәмiлелер жасалған кезде қолданыста болған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн жер учаскесiне тұрақты жер пайдалану құқығын (ұзақ мерзiмдi жер пайдалану құқығын) мемлекеттен бұған дейiн сатып алған Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттiк емес заңды тұлғалары, осы Кодекс қолданысқа енгiзiлген кезден бастап осы Кодексте белгiленген жер учаскелерi нормаларының шегiнде жекеменшiк құқығын сатып алуға қосымша төлемақы алынбай, жер учаскелерiнiң меншiк иелерiне айналады» делінген.
Енді жерді жекеменшікке алып алғандар мен ұзақ мерзімге жалға алғандар сол жердегі жолдардан өтуге, аумақтағы электр бағандарына, молаға, т.с.с. бұрыннан орналасып қалған нүктелерге кіргізбей қояды, бабаларымның қабіріне барып дұға оқи алмай қаламын дегендерді Жер кодексіндегі сервитут деп аталатын мынадай ережемен таныстырып қояйын: «сервитут – бөтен жер учаскелерін шектеулі нысаналы пайдалану, оның ішінде, жаяу өту, көлікпен өту, қажетті коммуникацияларды тарту мен пайдалану, аңшылық және балық шаруашылықтары және өзге де мұқтаждар үшін пайдалану құқығы». Демек, бұл мәселеде де проблема жоқ, барлығы заңмен нақтыланған.
Кодекстің 8-бабында: «Мемлекеттiң ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн жекеменшiкке сатқаннан түсетiн қаражат Ұлттық қорға аударылады» делінген. Ұлттық қор туралы арнайы заң бар, оның қаржысы терең зерттеулермен, басым бағыттарға ғана жұмсалады. Бұл да «мемлекет күнін көре алмағандықтан ата-баба жерін сатқалы жатыр» деген сөздерге жауап.
Ауылшаруашылық жерлерін шетелдіктерге сатпау туралы халықтың талабы қордаланған проблемаларды ашып көрсетті. Оның негізінде халық тұрмысының төмендеуі, қымбатшылық, жеңіс бермей жатқан сыбайлас жемқорлық, стратегиялық нысандардың жабық схемалармен сатылып кетуі, әділдікке жетудің бұралаң-бұлтағы мол жолы, мемлекеттік тілдің алмағайып халі, білім саласындағы асығыстау жүргізілмек өзгерістер, т.б. проблемалар жатыр. Халық бағдарламалардағы уәде етілген мерзімде емес, тап бүгін жақсы, лайықты өмір сүргісі келеді.
Бұларға жерді жалға беру мен сату ұсыныстарынан туындаған күмәндерді сейілдіруде Үкіметтің құлықсыздығы, халыққа түсіндіру жұмыстарының қасаңдануы қосылды. Бұрындары ел алдында заңнама мен жаңа идеяларды түрлі түсіндіру жұмыстарына жұмылдырылатын Үкімет басшысы мен Бас прокурор сынды беделді тұлғалардың жабық режімге өтіп, әрі кеткенде ресми брифингтерде ғана монолог формасында түсіндірілуі басым болып қалыптасты.
Осы жөнінде үстіміздегі жылғы 5 мамыр күні өткізілген жиында Елбасы дұрыс айтты. «Біз Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына талпынып, әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосыламыз деген мақсат ұстанып отырмыз. Бұл ұйымдағы, жалпы, дамыған елдердің ең бір жақсы стандарты – мұндай елдердің үкіметі халық алдына күнде шығады, үкімет мүшелерінің барлығы қоғам алдында құрдай жорғалайды. Ол елдердің министрлері бір мәселе туындай қалса, жедел пікір білдіреді. Ал, бізде қалай? Менің айтарым, брифингке келіп, журналистердің алдында қағазға жазылған мәтінді оқып беру – ақпараттық жұмыс емес. Біздің министрлер брифингтерде журналистерден қашқанда, алдына жан салмайды, қарапайым сұраққа жауап бермейді», – деді.
Біздегі ауыл шаруашылығы мәселелері Үкімет басындағыларды шындап қызықтырмайтыны жер-жерлерде бұрын да айтылып жүрген. Осыдан барып жер пайдаланудың ескіден келе жатқан үрдісі босаңсыды. Тіптен, әріден айтсақ, Абылай ханның арманы болған «халқымды жерді еміп өсетін ете алмадым» дегені, ол кездегі жер пайдалануды тым болмағанда малшылық өнерінің аса дамыған сәттері екенін есімізге аламыз. Социалистік қоғамдағы қоғамдық меншіктің басымдығы адамдарды меншік иелігінен айырғаны да кемшілік болғаны көрініп тұр. Адамдар жерді пайдалану мен оны өз игілігіне жұмсау құқығынан айырылған осы 70 жылдағы әдеттенген қоғамдық меншікке тек айлық жалақы алу тәсілі ретінде қарастыру бүгінде зиянын тигізуде. Адамдар меншікті шындап иеленуге, оның игілігімен отбасын асырауды, содан төленетін салық арқылы қоғамға пайда келтіруге әлі де болса толық бейімделе алмай келеді.
«Өзімдікі дегенде өгіз қара күшім бар» деген қазақ мәтелі бар. Солай «өзімдікі» дей алмағандықтан, социализм қазақтары үйіндегі 5-6 тұяғына риза болды және оның жем-шөбін қоғамдық малға тиесілі игіліктен үзіп-жұлып алуды әдеттенді. Осы пиғылдан әлі де арыла алмай келеміз. Әсіресе, нарық экономикасына көшкелі бері егін салып, мал өсіруге бейімделгендер ауыл адамдарының жалпы көпшілігі болудан қалды. Мұны да 2012 жылдың 10 шілдесінде «Егемен Қазақстан» газетінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында әдемі айтылды. «Рас, тәуелсіздік қоғамымызға еңбек еркіндігін сыйлады. Кеңес заманындағыдай мәжбүрлеп жұмыс істету жоқ. Әркім нендей кәсіппен шұғылданамын десе де, еркі, қалауы біледі. Бірақ, күнгей мен көлеңке қатар жүретіні секілді бұл бостандықтың да екінші жағы бар екен. Өздерін өздері жұмыспен қамтып жүргендерді мемлекет қоғамға зәру мамандықтарға қайта, тегін оқытып жатқанда, жаңағы еңбек еркіндігін пайдаланып, жаңадан ашылып жатқан кәсіпорындарға керекті мамандық алып, іске кірісудің орнына, қайсыбіреулер жекеменшік машинасына мініп, ауыл арасында, қала ішінде жолаушы тасығанды артық көруде. «Жанымды қинап қайтемін, осы тірлігім пайдалы» дейтін секілді», деді.
Жасыратыны жоқ, халықпен келіспей шешім қабылдау, өз өктемдігін жүргізуге тырысу біздің Үкіметке абырой әпермейді. Стихиялы түрде туындаған жер туралы талқылаулардың басты себебінің бірі – халықты ақпараттандырудың аздығы. Оған Кеңес кезінен қалған: «Айтқанды істе, басқада шаруаң болмасын» деген тәрбие алып келген құқықты түсінбеу қосылды.
Абыз Әбіш ағаның: «Бүгінгі елдік – тыныштық, бүгінгі ерлік – сабыр, бүгінгі отаншылдық – төзім!» – дегені бүгінде ең керекті ұстаным.
Жер телімдерін 49 жылға жалға беру туралы өзгеріс Жер кодексіне 2003 жылы енгізілген болатын. 2016 жылдың 1 шілдесі күні бұрын жасалған жалға беру туралы келісімшарттар заңды күшін жоймайтыны, есесіне, жалға алушылардың жер телімдерін жеңілдікпен сатып алу мүмкіндігі пайда болатыны да, әкімдікке өтініш жазса болғаны, сол жерде тікелей аукционсыз сату туралы келісімшарт жасалатыны, жер иесі атану үшін жалға алушы адам жердің кадастрлық бағасының 50 пайызын ғана төлесе жетерлік екендігі, қожалық иесіне жердің құнын бірден немесе 10 жылға дейін бөліп төлеуге мүмкіндік берілетіні де жете түсіндірілуі тиіс ережелер.
Заңда аукцион қазақстандықтар үшін, ал конкурс шетелдіктер үшін өткізіледі деп анық жазылғанымен, мұндай жүйеде сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді, аукционның өзі азаматтар арасында ашық бәсекелестікті күшейтеді, – деп айтылғанымен, қарапайым тұрғындарға мұны дұрыстап түсіндірген ешкім болмады.
Қазақстан азаматы жерін шетелдік азаматқа сатып пайда таба алмайтыны, олай етуге заңда нотариустардың мұндай келісімшарт жасауына тыйым салынғаны дер кезінде түсіндірілмеді.
Осының бәрі қордаланып, Елбасының шұғыл шешімімен ғана қалпына келтірілді.
Жерді жекеменшікке алып, жалға алып игеріп, шаруа өз нәпақасын айыруы қажет. Жер беру зайырлы мемлекеттердегідей жариялы түрде, ашық жүруі керек. «Жердің электронды картасын жасап, қай жер сатылатынын көрсетіп тұру керек» дегеннің де жаны бар. Жерді алған адам тиімді пайдаланбаса, Елбасы сөзінде айтылған комиссия қарап, ол жер қайтарылып, игере алатын, өзіне де, салық арқылы елге де пайда әкелетін адамға берілгені дұрыс. Адамдарды жер табыс көзі екендігіне үйрету, қалай ұқсатуды оқыту керек. Сонда ғана біз еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын, экспорт деңгейін қамти алатын мемлекетке айналамыз. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кейбіреулер айтқандай, өзімізде өндірілетін тауарлардан халыққа қажет мөлшерінің 70-80 пайызын қамтамасыз етіп отыруды ұстану емес, өнімді қажеттіліктен екі есе арттырып шығаруға жету деген сөз. Сонда ғана бізде азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі және экспорттық тауар өндіруді жоспарлауға жетеміз.
Ауыл шаруашылығын дамытып, экономикамызды өрістету үшін алып үш нарықтан (Ресей, Қытай, Иран) айырылып қалмау керектігі де айтылуда. Бұлардай алып нарықтан қашпауымыз керек. Біз үлкен нарыққа шықпай, өз бетімізше дами алмаймыз. Оларға керегі, өз нарығын қамтамасыз ете алатын, тиімді алыс-беріс жасай алатын біз секілді ел. «Осы үш алып нарық жылына 100 миллиард доллар тұратын азық-түлікке зәру. Біз соның 10-ақ пайызын алсақ, ауыл шаруашылығы өнімін 2-3 есеге өсіреміз. Бұл дегеніңіз, жаңа жұмыс көзі, еңсесін көтерген ауылдар, үлкен қаржы көзі», деді Елбасы.
Талдауымыз көрсеткендей, жұртшылықтың талаптарындағы басты мәселе заңда емес, Үкіметтің өзі ұсынған өзгерістерін қорғамауында, тіпті, қорғағысы келмеуінде. Сондықтан, Үкімет бұдан былай халықпен санасып, сұхбаттасып, пікір алысып отыру қажеттігін түсінгені жөн.
«Жер туралы Заңның қабылданғанына 13 жыл болды. Оны көпшілік білмейтін болып шықты. Масқара ғой… Кеше ғана жер туралы сайт ашылды. Бірақ бұл да кешіккен шара. Әлі де ашылуы тиіс ақпараттар көп. Мысалы, көрші Ресейде кімнің меншігінде қанша гектар жер барын оп-оңай біле аласыз. Олар сондай тізімді жариялап отырады. Ал біз қай жер кімнің иелігінде екенін біле алмаймыз. Содан кейін күдік пен күмән қоюланады» дегенді айтты жақында менің бір әріптесім.
Ауыл шаруашылығы жерін пайдалануды жақсарту жолында жеткен жетістіктеріміз де мол. Астықты алқаптардағы жер пайдалану үдерісі көңіл толатындай жағдайда – жыл аралатып миллиард пұт астық жиналуда. Суармалы жер көлемі 1990 жылмен салыстырғанда 800 мың гектарға азайып кеткенімен, кейінгі жылдары жер пайдаланудағы жаңа технологиялар тиімді пайдаланылуда. Оның ішінде, тамшылатып суару технологиясы шаруалар еңбегінің тиімділігін арттырды. Оған қоса Сарыағаш ауданы бас болып, Оңтүстік өлкенің шаруалары жылыжайлар салуда үздік нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Бұрын Өзбекстаннан тасымалданатын көкөніс өнімдерімен бұдан былай республика халқын толықтай қамтамасыз ету мүмкіндігі туып отыр.
Сөз соңында ғалым әрі ауылдан түлеп ұшқан перзент ретінде енді ғана құрылған арнайы комиссияға айтар нақты ұсыныстарым да бар, оны бөлек баяндармын.
«Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген көнеден бізге жеткен мәтел бар. Сол айтқандай, Елбасының 6 мамырдағы «Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» Жарлығы халық көңілінен шықты, түйткілді мәселелерге нүкте қойды. Ендігі мәселе – жыл аяғына дейін асықпай талдап, түрлі көзқараста болғанмен сындарлы ойлайтындардың пікір алмасуларын ұйымдастырып, қоғамдық тыңдаулар өткізіп, болашағымызға балта шаппайтын, ел үшін тиімді бір ортақ шешімге келеміз ғой деп үміттенемін.
Мырзагелді КЕМЕЛ,
экономика ғылымдарының докторы
АСТАНА
egemen.kz