ЖЕР – ҚАЗАҚТIКI!

“Жас Алаш” газетiнiң редак­ция­сына мұхиттың арғы бетiнен арнайы хат келдi. Хат жолдаушы– қазақ әдебиетiнiң көзi тiрi класси­гi Мұхтар Мағауин ағамыз. Мұхаң қазiр Вашингтонның iргесiндегi Роквилл кентiнде тұрып жатыр. Ең басты жаңалық, жазушы “Шыңғыс ханның” төртiншi кiтабын тәмамдапты. Төрт кiтаптан тұратын аса құнды бұл еңбектiң қазақ тарихы ғылымына зор бетбұрыс жасайтынына, ұлттық тарихымызды зерттеу мен зерделеудi жаңа арнаға бұрып, баянды қалыпқа түсiретiнi­не де еш күмән келтiрмеймiз.

“Соңғы үш-төрт айда шығармаларымның 22 томдық толық жинағын түзiп қойдым” дептi жазушы. Бұған да қатты қуандық.

М.Мағауин газетке қазiргi тiл­бұзар сауатсыздық туралы жаңа, бұрын еш жерде жарияланбаған мақаласын жiберiптi. Құдай қаласа, газетiмiздiң алдағы нөмiр­лерiнiң бiрiнен бұл мақаланы оқитын боласыздар.

Алыста жатқан ағамызды алаңдатып отырған тағы бiр мәселе – жер мәселесi. “Жер туралы талас қызып жатыр ғой, бұл ретте жұр­ты­мыз әрекетсiз қалмауы керек” дейдi М.Мағауин. Жазушы осыдан 17 жыл бұрын “Жер – қазақ­тiкi!” деген мақала жазған екен. Бұл мақала кезiнде ксерокспен көбей­тiлiп, жер туралы зерттеулер жасап, дауыс көтерiп жүрген жазушы, журналист Сапабек Әсiп ақсақалдың тiлегi бойынша Қазақстан парламентiнiң мүшелерiне таратылып та берiлiптi. Мақаланың өзi “Жұлдыз” журналында (№8, 1999 жыл) жарияланған.

knkn

Бiз бүгiн Мұхтар Мағауиннiң осы мақаласын оқырмандар назарына қайта ұсынуды жөн көрдiк. Жазушының ойы мен сөзi ескiру былай тұрсын, қайта бұрынғыдан да өткiрлене, өтiмдi бола түскендей.

Бүгінгі Қазақстан республи­ка­сы­ның шегіндегі барлық Жер – қазақ халқының жекеменшігі болып табылады. Қазақ халқының жекеменшігі. Даласы мен тауы, орманы мен құмы, жазирасы мен шөлі, өзені мен көлі. Үстіндегі барлық игілік, астындағы барлық қазына. Түгелдей қазаққа тиесілі.

Әлбетте, Қазақ-Ата иелігіндегі жер кесімі бұдан әлдеқайда мол еді. Осы ғасырдың әуелгі бөлігінде, со­веттік жаңа шекара межесі сызылған­да орыс қарауына кеткен: Құлынды даласы мен Омбының түстігі, Орын­бордың қаласы мен солтүстік-батыс мойнақтағы қара топырақты бірнеше аудан, Еділдің бергі беті – Қиғаш пен Бозан аралығындағы сулы, нулы өңір; Ресей бізді өзі ғана талаған жоқ, тынысы тарылсын, қолы байланып, аяғы тұсалсын деп, ғасырлар бойы қа­зақтан еншісі бөлінбеген қара қалпақ­ты өзбекке өткізді, таза қазақ қоныс­танған Үшқұдық пен Тамдыны төңіре­гімен түгел кесіп берді, онымен де тоқтамады, түпкі жоспар – Қазақ­станды бөлшектеп, біржола ыдырату­дың бастамасы ретінде әуелі Бос­тандық ауданын, содан соң Мыр­зашөл аймағын тілі майда ағайынға еншіледі; советтен бұрынғы, пат­шалық Ресей озбырлық отар бөлі­сінде Қытаймен мәміле тауып, Іленің басы – Күнес пен Текесті, Тарба­ғатайдың шығысы, Қарамай, Жайыр­дан тартып, Боғдаға дейінгі байтақ атырапты, бүкіл Өр Алтайды ордалы қалың қазақтан кесіп тастап еді; “тың көтеру” аталған, қазақты біржола жыныштау науқаны кезінде Ресейге атау­сыз кеткен қаншама колхоз, сов­хоз аумағын айтпағанда, бізді Моң­ғол елімен жалғастырып жатқан, айналасы ат шаптырым ғана жалғыз Жаза­тыр алқабының өзі неге тұрады – қатарлас қазақ арасына сына қағыл­ды, енді Баян-Өлгейден қатынау үшін екі рет шекарадан өту керек болып тұр. Сыртта қалған, жат жұртқа көз сүзген елдің зарын, жыртқыш импе­рия­лардың, өктем халықтардың зор­лығымен иесінен айырылып, басқа­ның табанына түскен жердің мұңын айтып тауыса алмайсыз. Мен заманнан заман озғанда, осы атамекен жерлер­дің біразы қазаққа қайтып ораларына нық сенем. Сонымен қатар, бола­шақтан үміт күте отырып, бүгінімізге тәуба деуге тиіспіз. Ол тәуба – Тәуел­сіздік, әлем қауым­дастығы мойында­ған Қазақстан республикасының ту көтеруі. Қалай десек те, айырылғаны­мыздан – сақ­тап қалғанымыз көп екен: қамтыған көлемі жөнінен ал­ғанда, Қазақстан – әлемдегі ең байтақ елдердің бірі, Ресей, Қытай, Америка Құрама Штаттары… тағы бір алып елдердің өкшесін басып, тоғызыншы орында тұр, әзірше жер көлемі жөнінен алғанда, ал бұл жері­ңіздің үсті бейіш, асты кеніш, байлы­ғына ешкім шендесе алмайды. Байтақ ел, бай өлке.

Бүгін сол байтағыңыз божырады, байлығыңыз таланды, Алтын Орданы жоқтау жырларының бірінде айтыл­ғандай, азамат азды, жұрт тозды. Бірақ қасиетті қара жер – қазақ жері табанымыздың астында тұрғанда, бәрі де қалпына келер, ел – еңсесін жазып, ер – мұратын табар деп ойлаушы едік. Қара жерден табанымыз таймай тұрса… Енді сол, қасиетті қара жердің өзіне қатер төніпті. Аспан құлаған жоқ, топан қаптаған жоқ, өзінен өзі құрдымға кетпек. Өзінен-өзі емес. Өзгеше бір күштердің дүмпуі­нен. Бұрынғы мың зорлықтан астам жалғыз-ақ ауыз тозақы сөзбен. Ол – “Жер сатылады!” – деген сөз.

Жерді сату, дәлірек айтсақ, кең­бай­тақ қазақ жерінің құйқалы, кенішті біраз бөлігін өзінің, өлексе үрім-бұта­ғының жекеменшігіне кесіп алып, қалған қаншама аймақты қалталы келімсектерге үлестіріп, осы Жердің байырғы тұрғыны қазақтарды мәңгі­лік құлдыққа байлау – советтен түлеп ұшқан көсемдеріміздің кенезесін кептірген мұнарлы мұраты болатын. Бүгін емес, бұдан алты-жеті жыл бұ­рын, біз – бостандыққа жеттік, еліміз тәуелсіздік алды деп, құрғақ қуаныш­қа лепіріп жүрген, олар – иесіз мал, қисапсыз байлыққа кез болып, кенеу­сіз ұрлыққа көшкен, бар билікті бір-ақ мақсатқа – жеке басының пайдасына ғана жұмсап жатқан, бұдан да зор өктемдікке – жаңа миллиардтарға жол ашқан әуелгі кезеңде. Жерді сатпай, яғни, жекеменшік есебіндегі тауарға айналдырмай, ісіміз оңал­майды деп өзеуреді. Орыс алса қай­те­ді, орман алса қайтеді, басқа бір жаққа арқалап алып кетпейді, бұйда­сы өзімізде емес пе деп көлгірсіді. Тезірек үлестірейік деді. Барлық істе көнбіс қазақ дәл осы жолы дүркірей көтерілді. Жер – Анамыз, сатуға болмайды, Анамызды сатсақ, оңбаймыз десті. Осы орайда қаншама қисынды уәж айтты. Әлде, басқа, маңыздырақ, яғни дау-дамайсыз, еңбексіз түсімі мол шаруаларға алданды ма, әлде көптің сесінен қаймықты ма, Жерді сату туралы әңгіме тоқталды, бірақ өшпеді, бықсып, түтіндеді де жатты. Сату керек… Шіркін, сатса ғой… Ең ғажабы, президентіңізден бастап, біз­дің үкіметіміздің барлық ісін күс­таналап, теріске бұратын, сонымен қатар, тәуелсіздігіңізге кекете, күле қарап, қазақты кемшін нәсіл деп жа­риялаған, қазақ тілін адамзат тілде­рінің қатарынан шығарып тастаған, кісілік кейіптен жұрдай мәңгүрт-подо­ноктордың өзі осы жер сату мәселе­сіне келгенде билеушілермен ауыздас шықты, жерді жекеменшікке өткізсек қана көсегеміз көгереді десті, әрине, “анаңды…” – деген сөз­дің мағынасын білмейтін сабаздар қазақша емес, орысша айтты, ал оларға сол тілде “иди ты әлгі мықтыға” деп, сабап алатын бір бұзық шықпады, бәлкім, айтқысы келмеді, қолы бармады, дәл осы арада – тіл мәселесі сияқты, жер мәселесінде де үкіметі­міз­бен үндес келіп отыр ғой, ал қазақ патша заманынан бері ұлықты сыйлап үйренген. Ақыры, әлгі сілімтік­тердің айтқаны дұрысқа шықты: Жер сатуға түскен жоқ, соның кесірінен, көсегеміз көгерген қайда, бозардық, қуардық… аздық, тоздық… Қазіргі эко­номикалық ауыр жағдай, халық­тың қайыршы тұрмысы… емес, – экономика өрлеп барады, халық байып барады, жоқ, ол емес, ол емес, мына жалқау, ақылсыз елді басқару, тежеу­сіз билік жолындағы күтпеген қиын­дықтар, әлбетте, сол жердің сатылмай қалғанының зардабы… деген шешімге келеді біздің сүйікті үкіме­тіміз, туысқан көсемдеріміз. Сөйтіп, бықсып жатқан шаланы, үстіне шикі мұнай құйып, қайтадан үрлеп, оп-оңай тұтатады да, қауқарсыз парламентке Жер туралы заң жобасын ұсынады. Жазғы демалысқа асығып отырған парламент бұл жолы да бірлік, ынтымақ танытты, жан қина­май, аталмыш Заңды алғашқы оқы­луында мақұлданды деген шешім шығарды. Оның мәнісі – келесі оқы­лымда Заңның құрғақ жерін майлайды, кетік жерін сырлайды, сөйле­мін мипаздайды, сөзін жылмитады – тұта­сымен, біржола қабылдай­ды. Ол деген – Жер – жекеменшікке сатылады деген сөз.

“Жер – сатылады!” – дейді үкімет пен парламент. Олардың артында кім тұрғаны белгілі.
“Жер сатылмайды!” – дейді халық – бүгінгі көзі ашық бүкіл қазақ қауымы. Олардың артында мың жылдық тарих, өткен аруақ аманаты, келешек ұрпақ мүддесі тұр.
Ең алдымен айтарымыз – Жерді сатуға ешқандай құқықтық негіз жоқ. Өйткені бұл Жер – қазақ халқының жеке меншігі. Ата-бабасының қаны­мен жуылған, сүйегімен тыңайтылған. Тоқсан тоғыз буын әулетін өсірген. Бұған – өткен тарих куә.

Қазіргі Қазақстан республикасы­ның территориясы – осы өңірдегі байырғы жұрт қазақ халқының ата мекені болып табылады. Қазақтарда басқа бір мекен, басқа бір отан жоқ. Яғни, қазақ халқы тек қазіргі Қа­зақстан республикасы шегінде ғана өзінің ұлттық ерекшеліктерін сақтап, ұлт мәдениетін дамыта алады. Қа­зақстан республикасы – қазақ халқы­ның бірден-бір ұлттық мемлекеті. Бұл жағдай тек территориялық иелік ар­қылы ғана емес, халықтың ғасыр­лар бойы өткен тарихи жолымен де тығыз байланысты.

Алғашқы қауымдық құрылыс ыдырағаннан соңғы кезеңдегі тарихта ізі қалған сақтар, үйсіндер, қаңлы­лар және ғұндар – қазақ халқының ежелгі ата-бабалары. Солар құрған тайпалық бірлестіктер біздің арғы бабаларымыздың осы өңірде орны­ғып, ұрпаққа ұрпақ жалғауына негіз болды. Қазіргі Қазақстан жеріне тікелей қатысты Ұлы Түрік қағандығы, оның ішінде Батыс Түрік қағандығы, одан соңғы Түркеш қағандығы, Қар­лұқ қағандығы, Оғыз мемлекеті, Қарахан хандығы, Қимақ және Қып­шақ бірлестіктері – біздің ежелгі мем­лекеттік құрылымдар болып есепте­леді. Бұл замандарда (V-XІІ ғасырлар) біздің ата-бабаларымыз өздерінің елдік дәстүрлерін қалыптастырды, әскери зор қуатқа жетіп, өз кезеңіне сай мәдениеттің озық үлгілерін тудырды. Алтын Орда заманында, оның құрамындағы, қазіргі Қазақстан республикасының шегін қамтыған Көк Орда тұсында (XІІІ-XV ғасырлар) елдік сана бірінші орынға шықты, кейін қазақ аталған халықтың ұлттық бейнесі, өзіндік сыпаты, нақты мекен-жайы бұрынғыдан гөрі айқындала түсті. Алтын Орданың ыдырау кезе­ңінде құрылған, алғаш рет 1456 жылы ту көтерген Қазақ Ордасы қазақ халқының өз есімімен аталған ұлттық мемлекеті болып табылады. Осы бір тұста жалпытүріктік ортақ арнадан бөлініп, қазақ атты этноним біржола орнығады. Қазіргі тәуелсіз республика шегіндегі жұрт – қазақтар деп, ал олардың жаңа мемлекеттік құрылымы Қазақ Ордасы, немесе Қазақстан деп атала бастайды. Қазақ Ордасы өзінің қуатының шарықтау кезеңінде қазіргі Қазақстан территориясын және онымен шектес тағы бірталай аймақты иеленеді. Қазақ сол замандағы аса ірі халықтардың бірінен саналатын. XV ғасырдың аяқ кезінде халқының ұзын саны миллионнан асса, XVІІІ ғасырдың бас кезінде үш миллионға жуықтайды. Елді ерікті сайлау – құрылтай шешімі негізінде ақ киізге көтерілген хан басқарса, жекелеген ұлыс-руларды сұлтандар, билер басқарады. Қазақ хандығының ұлттық ұраны – “Алаш”, бас таңбасы (гербі) – төре таңба, бас байрағы – төре таңбалы қызыл ту болды. Қазақ Ордасының астанасы Түркістан қаласы болды. Қазақ Ор­дасын сол замандағы ірі мемлекеттер – Русия мен Иран, Бұқар хандығы мен Жоңғария – алыс-жақын көрші­лердің бәрі мойындады. Қазақ Ор­дасы көрші мемлекеттермен дипло­матиялық қатынастар орнатты, керуен тартқан сауда ісін жөнге қойды, Орталық Азиядағы және онымен шектес аймақтардағы саяси және эко­номикалық өмірге белсене араласты. Ұлттық мәдениетін, әдебиеті мен өнерін дамытты. Қазақ Ордасы төрт ғасырдай уақыт бойы өзінің мемле­кеттік жүйесін, ұлттық тұтас­тығын және бәсіре территориясын ұстап тұру үшін тынымсыз күрес жүргізді. Бұл ауыр соғыстарда қазақ халқы өзінің тәуелсіздігін сақтады, атамекен жерін жауға алдырмай, кейінгі ұрпағына мирас етіп қал­дырды.

Қазақ Ордасының ең соңғы ханы Кенесары шейіт болған, ел өзінің екі жарым мың жылдық ұлттық мемлекет жүйесінен, ғасырдан ғасырға ұласып, халық мүддесін қорғап келген заң жоралғыларынан айырылған отарлық ауыр кезең – әуелі патшалық Ресей билігіндегі, кейін советтік Ресей езгісіндегі жүз елу жылдық зұлмат заманда қазақ халқының ар-намысы ғана аяққа басылған жоқ, жұрты тозып, жері талан-таражға түсті. Бір замандағы кеудесі биік қазақ өз елінде өгей халге жетті, бар билік, бар игілік келімсектердің қолына өтті. Тәуелсіздік туын көтерсек те, бір жарым ғасырлық кемшін, отарлық санадан арылмаған бүгінгі күні қазақтың ата мекен жерін талапайға салу туралы мәселенің көтерілуі – ежелгі отар­лық саясаттың жалғасы, дамы­ған, жетілген, жаңа бір көрінісі деп баға­лануға тиіс. Жай ғана көрініс емес, жаңа саты ғана емес, түйінді, шешуші әрекеті. Ақтабан-шұбырын­дыдан қайта көтерілдік, 32-жылғы ашар­шылық апатынан соң ортамыз толмаса да, оңала бастадық, ал атамекен жеріміз сатуға кесіліп, саудадан өткен соң біржола жойылуға бет аламыз, оңбаймыз, оңалмаймыз, халық ре­тінде құрып бітеміз. Әсіресіз ақиқаты осы.

Міне, жеті-сегіз жыл болды, жерді сату туралы мәселе көтерілгеннен бері қазақ зиялылары дәлелді сөздің бәрін айтты, ренжіді, ашынды, назаланды, бірақ үкіметіміз бен көсем­деріміз соның ешқайсысын да ілти­патқа алмады, жерді сату туралы ние­тінен қайтпады, енді, халық қал­­жы­­раған, азамат есеңгіреген кезде ескі ұранын қайта көтеріп, бірден пәрменді әрекетке кірісіп отыр. Бұл тараптағы заңын жарым-жартылай бекітіп те қойды. Жерді сату – игілікке бастайды дейді. Игілік болар, бірақ қазақ үшін емес. Жерді сату – сорға бастайды дейміз біз. Өйткені Жерді сату – қазақ халқының ұлттық мүдде­сі­не кереғар сұмдық.
Бұл сөздің мәнісін тағы да қайталауға тура келеді.

Отарлықтың патшалық кезеңінде қазақ сулы, нулы, құнарлы қоныста­рынан ығыстырылып, тауға, құмға, шөл мен шөлейтке қуылды, қазіргі Қазақстанның ең құйқалы аймақта­рында басқа ұлт өкілдері отыр. Жер бөліске түсіп, жекеменшікке берілсе, осы, тіршілікке қолайлы, өнім-пай­дасы мол, қымбат әрі көрікті аудан-аймақтардың барлығы да басқа ұлттардың қолына өтеді.

Отарлықтың советтік кезеңінде ғаламат ашаршылық ұйымдастырыл­ды, қазақ халқының демографиялық үстемдігі бұзылды, жат жұрттар тасқыны жергілікті халықты басып кетті, нәтижесінде ел иесі, жер иесі қазақ отыз пайызға да жетпей қалды, біз өстік, олар кетіп жатыр деген бүгінгі күннің өзінде тең жарымға жаңа ғана иек арттық, ол жарымның үштен екісі кәмелетке толмаған, әзірше қоғам өміріне ықпалы кем бала-шаға, Жер бөліске түссе, қалай тартсаңыз да, тым құрса үштен бір есеңізді ала алмайсыз, сондағы қол жеткен жеріңіздің өзі қандай болма­ғын жаңа айттық.

Қазақтың басым көпшілігі ауылда, ауыл – кедей, жер түгілі, жемек сатып алар ақшасы жоқ, яғни, таза қазақ қоныстанған аудандардың өзі, түгел болмаса да тәуір бөлігі жат жұрттық қалталылардың меншігіне көшеді деген сөз.

Жер сатылып жатқаннан кейін, көршісіне көз алартып отырған шетелдер, ондағы басқыншы немесе пайдакүнем топтар мен жекелеген байлар қыруар қаржы шығарып, біз­дегі диаспоралары арқылы аудан емес, тұтас облыстарды сатып алуы хақ.

Көреген көсемдеріміз құмарт­қан жер сату мәселесінің әуелгі нәтижесі: Жайықтағы қазақ-орыстар, Солтүс­тіктегі орыс-орыстар, Орталықтағы алман-немістер, Түстіктегі сарт-өзбектер, тағы бір аймақтардағы ұйғыр, татар, кәрістер, әр тұстан сыналап енген қытайлар, алла тағала жаратып, әркім айдап әкелген тағы алпыс халық әрқайсысы өзіне ғана меншік кеңбайтақ алапқа ие болады, бекіп алғанша бес жылға шыдай ма, шыдамай ма, Қазақстан құрамындағы автономия туралы әңгіме қайда, оған жылап көрісе алмайсыз, шектестері – аудан, облыс, аймағымен Ресейге, қаласымен, даласымен Өзбекке қо­сылу туралы мәселе көтереді, орта­лықта, шал­ғайда қалғандары Еуропа­ның екі мемлекетіне тең жеріміз бар, өз алдымызға, азат, дербес ел боламыз деп жариялайды. Қуаты кенеусіз, қарындары тоқ, арғы бетте қаруын сайлап, қаражатын қамдап, ағайын туысы тағы тұр, тіпті, жалғыз өзі-ақ аш-арық, панасыз, басшы-бақансыз қазақты шынашағымен шертіп құла­туға шамасы жетеді; айтты – бітті, ежелгі қазақ жерінің бестен үш бөлігі тіл тартпай кетті деңіз. Қалған екі бөлік жер – тек қана қазақ отырған, құмды, құрғақ, құнарсыз, шөлейт аймақтар еді ғой, әлі де екі Франция, елу Израиль сиятын ғаламат байтақ; осымен-ақ ел болып кетерміз дейсіз ғой, – жоқ, болмайсыз, өйткені осы қуаң, кебір жеріңіздің асты толған мұнай, тастақ тауыңыздың қойнауы, құмды шөліңіздің түбі тұнған алтын, күміс, темір, көмір, қазақтың сорына біткен тағы бір пәлелер. Мана, талапай бөліс кезінде мұның бәрін әлде­кімдер иеленіп қойған, әлде орыс, әлде ағылшын, кәріс, немесе, әкең атын да естімеген қайдағы бір шүлдір-былдырлар; ара-тұра қазақ та кездесіп қалуы мүмкін, бірақ мұның түрі ғана қазақ, тілі шалыс, ділі шайтан, әйелі жойыт, баласы жеміт, дүниедегі ең жақсы көретіні – заманды билейтін ақша, ең жек көретіні – қазақша сөйлейтін қазақ, осы кәпір қазағыңыз бар, кәпір қазақпен туыс­тас басқа жыртқыштарыңыз бар, табанының астындағы Жері басқаның билігіне көшкен мүсәпір қазақты құл­дық жұмысқа жексе, рақмет-алғысы­ңызды айтып тауыса алмайсыз, ол құлдыққа жекпесе, қара нан, қара шай қайдан келер еді, бірақ көбіне-көп жекпейді, жалдамайды, өме қапсын дейді, он есе артық төлеп, текті жұрттардан, шетелдерден маман жұмысшылар шақыртады.

Елінен айырылған, Жерінен айы­рыл­ған, панасыз, дәрменсіз қазақ қайда барады, қайда барады емес, қаншаға барады? Иә, өзекті жан атау­лының бәрі баратын бақи дүниеге. Тек мезгілінен бұрын және жеке өзі емес, ауыл-аймағымен емес, тұқым-жұра­ға­тымен емес, ордалы жұрты­мен, ұлтымен-ұлысымен – тұтас! Жер сатқаннан соңғы жетер мұратымыз осы – ұлт ретінде жойыламыз. Бірақ жойылып таусылар алдында, мойынға ажал құрығы түскен алғашқы сәтте айыз қанып, рақат­танып тұрып бір күлеміз. Ежелден мәлім: Елге ие болған, Жерге ие болған жаңа әулет ең алдымен өзінен бұрынғы әмірші­лердің басын алады, тұқымын тұздай құртады, иә, дәп солай… Шыңғыс хан хорезмшах Аладдинді неге соншама қудалап, ақыры Хазар теңізінде алапестен шірітіп өлтірді? Шәйбани хан бесіктегі баласынан бастап, Ақсақ Темірдің бүкіл әулетін неге бауыздады? Тарихты білу шарт емес, оқымай, ойланбай-ақ табуға болатын кілтипан. Соншама жерді жаулап алғанда, тойыс, сатып алғанда, әлдекімдермен билік бөлісу қандай қисынға келеді. Бөліспейді, бөлініп кете барады, тек кетпейді, алды-артын тазартып кете­ді, тазартуды өзіне осы Жерді кесіп берген кісілерден бастайды. Күлеміз-ау. Ең соңғы күлкі екенін біле тұра.

Хош. Мұның бәрі – ең соңғы долбар. Оған жетпейді, жеткізбейміз. Сол үшін бүгінгі, алмағайып күні барымызды айтуға, арыла сөйлеуге тиіспіз:
“Жер туралы заң” арқылы жеке бір кісілердің мүддесі емес, тұтас бір ұрпақтың, тіпті, тұтас бір дәуірдің талайы емес, бүкіл қазақ халқының тағдыры таразыға түсіп тұр. Жерді сату – өткен тарихыңызды өшіру, бүгінгі жұртыңызды құлдыққа байлап, келер ұрпағыңызды бесігінде тұншықтыру, қазақ атты халықты дүниеден алас­тау, біржола жойып, тұқымын құрту деп қана бағалануға тиіс. Жерді сату – Отанға опасыздық, күнәлардың күнәсі, кешірілмес қылмыс.

Біз үкіметке, парламентке тілек салмаймыз, жалынып, жалбарынбаймыз – талап етеміз және қатаң ескертеміз:
– Қазақ жері сатылмайды!
Алғашқы оқылымда мақұлданған “Жер туралы заң”, аталмыш бабымен бірге, сол қалпында қабылданған жағдайда, өзін өлім жазасына кескен мұндай зорлық үкімді қазақ халқы мойындамайды, бүгін-ертең болмаса, тақаудағы бес-он жыл ішінде қара низамның күшін жойып, ұлтына опасыздық жасаған сатқындардың барлығын да тиесілі жазаға тартады. Осыншама байтақ жерге нешеме ғасырлар бойы билік жүргізген, ордалы ұлыс ретінде салтанат құрған Қазақ Тәңіріге ғана табынған, адам­ның тәлкегіне көніп көрген емес. Қалжырасақ та, қайратымыз қайтқан жоқ.

Десе де… Тыныштық жақсы. Алмағайып іс ақылмен шешілсін.

Мұхтар Мағауин
15.VІІ.1999.

«Жас Алаш» газеті