«Жер кіндігін қолыма ұстасам да, Жамбыл жерін кетпеймін алмастырып»
«Айтыс – сөз барымтасы, қайта айтпаса қайтпайды қарымтасы» деп Мұхтар Әуезов жырлағандай , бұл күнде қазақ айтысы биік шыңға көтерілген. Осы биік өреден жамбылдық жыр жүйріктері де табылып отыр. Біз оған Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың 177 жылдығына орай «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» атты республикалық ақындар айтысында көз жеткіздік. Аталған жыр додасы облыс әкімдігінің қолдауымен, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен он жылдан бері өтіп келеді.
Биыл бұл аламанға еліміздің әр өңірінен барлығы 20 ақын қатысса, оның ішінде өз өнерін көрсету үшін жамбылдық он айтыскерге мүмкіндік туды. Айтысты белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев жүргізді.
Жыр додасына ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов, жазушы Роза Мұқанова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Жанарбек Әшімжан, айтыс ақындары Ахметжан Өзбеков пен Күміскүл Сәрсенбаева, «Aulieata-Media» ЖШС бас директоры Оралхан Дәуіт қазылық етті.
Дүбірлі доданың шымылдығы Алматы қаласының намысын қорғаған Олжас Отардың әсем жырымен түрілді.
Таластық қарсыласының:
«Ер Олжас айналыспай нәзік іспен,
Қағылып тұр сендегі қазақ үстем.
Сайлаудың додасына бір көрінбей,
Осы жолы тындыңыз анық іштен.
Жаныма менің келіп жайғасыпсың,
Орын алар деп жүрсем Мәжілістен», – деген уәжіне
Олжас та:
«Жасынан жыр өлеңді құндақтағам,
Сондықтан жүрегімде жыр қаптаған.
Жамбыл атам депутат болмаса да,
Ел сөзін жүрегіне шын баптаған.
Депутаттық мандаттан біле білсең,
Айтыстың сахнасы қымбат маған», – деп ұтымды
жауап берді.
Олжастың онысына қарсыласы:
«Құрдастың сәтті болсын бұл көктемі,
Отыз жыл жүрегінде жыр көктеді.
Жамбыл атаның депутат болған кезін,
Олжас ақын шынымен білмеп пе еді», – деп ұрымтал тұсты дәл таба білді.
Айтысты Абай облысынан келген әйгілі Рүстем Қайыртайұлы мен жерлесіміз, Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылының мақтанышы, 10-сынып оқушысы Алина Айдаралы қыздырды.
Рүстем:
«Жамбылдың жастық шағын Тазабеков,
Ағам жақсы ойнағаны айдан анық.
Жамбылдың қарттық шағын түсіріңдер,
Шорабек Айдаровты пайдаланып», – деп бастай келіп, одан әрі:
«Алинада жоғары талғам шығар,
Сізбен түсіп, менің бағым жанған шығар.
Жамбыл атам ғашық болған Кавказ қызы,
Беу, Алина, сендей-ақ болған шығар» – деді де:
«Мен өзім Әулиеатаға жиен едім,
Жиен болып Рүстем талай түйе мінді.
Алина қарындасым осы екен,
Өзі де көркем, сұлу, шие ерінді.
Әулиеатаның жиені болып келіп,
Таразда жолықтырдым жиенімді», – деп түйіндей келе, Рүстемнің оқушы Алина жиеніне бата беруі дәстүрімізге сай әдемі жарасып тұрды.
Бұл айтыста Жайықтың жағасынан келген Жансая Мусина жасындай жарқырады. Көрермендер арасынан да Жансаяның айтысын тапжылмай күтіп отырғандарды байқадық. Жансаяның бұл жолғы қарсыласы Дидар Апбасов болды.
Жансаяға азуы бата қоймаса да, Дидардың өзіне сенімділігі, батылдығы көрерменге жақсы әсер қалдырды.
Қызылордалық Нұрмат Мансұров пен жуалылық Қанат Мырзахан да айтыс көркін қыздырды. Дегенмен, тәжірибелі Қанат Мырзаханнан бұдан да жоғары айтыс күткеніміз анық.
Бұл жолы шабыты ашылып, төгіле жырлаған ақынның бірі Т.Рысқұлов ауданынан келген Асхат Қылышбек болды.
Сонымен қатар, шымкенттік Біржан Байтуов пен тараздық Мұхтар Қонарбаев екеуі жезде мен балдыздың жарасымды айтысын жасады. Мұнан өзге атыраулық Шынарбек Қабиев пен таластық Нұржан Манатбек, жамбылдық Айтмұханбет Исақов пен құландық Айтбек Тұрсынбай да көп көңілінен шықты. Айтыстың алғашқы айналымын қорытындылаған керекулік Рауан Хайдаров пен байзақтық Дархан Әбдіманат та татымды өнер көрсетті.
Қазылар алқасының шешімі бойынша ақтық сынға екі жұптан төрт ақын шықты. Финалдық айтыста алғашқы болып Рүстем Қайыртай мен Жансая Мусина өнер көрсетті. Екі ақын да бір-біріне есе жібермей, достық айтыстың әдемі үлгісін танытты. Әсіресе, Жамбыл ақынға «сталиншіл» деген пікірдің әділетсіз тағылғанын ашына айтқан Рүстемнің: «Халық менің шын атым» деген адам, халықты кекетуі мүмкін емес», деген жыр жолдары халық көңілінен шықты.
Сахнаға шыққан екінші жұп, қызылордалық Нұрмат Мансұров пен жамбылдық жас ақын Алина Айдаралының ақтық айтысы да көрерменнің көзайымы болды. Әсіресе, жас та болса тәжірибелі ақынның жырларына ұтымды жауап беріп, сөзден ұтылмай отырған Алина ақынның орамды ойларына жиналған қауым тәнті болды. Мәселен, ақын ағасының «Өзің де бір әдемі қыз екенсің, Оразада сауабымды бұзатындай» деген сөздеріне ол: «Айша бибі арудың ауылынан, Көріксіз қыз шығуы мүмкін бе еді?» деп тапқырлық танытты. Жалпы, бұл айтыста оқушы Алина жасындай жарқылдады. «Жер кіндігін қолыма ұстатсам да, Жамбыл жұртын кетпеспін алмастырып» деген отаншылдығы ерекше жүрек тербеді.
Аламан бәйгенің қорытындысы бойынша бас жүлдені жамбылдық жас ақын Алина Айдаралы жеңіп алып, 1 000 000 теңгенің сертификатын иеленді. Абай облысының адуынды ақыны Рүстем Қайыртай I орынға лайық деп танылды. Ал II орын Батыс Қазақстан облысынан келген Жансая Мусинаға бұйырды. Үшінші орынды қызылордалық Нұрмат Мансұров місе тұтты. Сонымен қатар, Біржан Байтуов, Рауан Хайдаров, Жарқын Жұпархан, Дархан Әбдіманат, Мұхтар Қонарбаев, Шапағат Сәбитқызы арнаулы жүлдеге ие болды.
Айтыс соңында облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев сөз сөйлеп, жүлдегерлерді жеңісімен құттықтады.
Есет ДОСАЛЫ, aqjolgazet.kz