Жер мәселесінің толғағы енді қаншаға созылады?

Кеше ғана ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкімет басшысы Кәрім Мәсімовты қабылдап, жер реформасы бойынша республикалық комиссияның жұмыс нәтижесін ұсынуды тапсырды. Демек, жер мәселесіне де тықыр таянып келеді. Біздің білуімізше, әлі нақты бір шешімге келу қиын болып тұр. Кей отырыстар «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» болып кеткендей әсерге бөлейтіні бар. Бұл көп жағдайда халық атынан сөйлеп жататындарға тиесілі. Оларды да түсінуге болатындай. Келешекте жүздері жарқын болуы үшін көп нәрсені қамтып қалуға тырысып жатыр-ау…

Билік тарапы да ашық әңгімеге тосқауыл қойып отырған жоқ. Кім не айтамын десе де ерікті. Осының арқасында комиссия отырысында екі айдан аса уақытта көп мәселе талқыланып, артық-кемі күзелгенін жоққа шығаруға болмас. Алайда әлі де шешілмеген нәрселер шаш етектен. Ең бастысы халық тыныш. Әліптің артын бағып отырғанға ұқсайды. Жер мәселесі тамыздың соңында өтетін Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде қаралмақ. Оған да аз уақыт қалды. «Күлтөбенің басындағы күнде жиын» енді қаншаға созылмақ?

шаханов

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен Жер реформасы бойынша комиссия мүшелерінің Атырау облысы халқымен кездесуі болып өтті. Бүгінге дейін комиссия Астанада төрт отырыс және Ақмола, Алматы, Қызылорда облыстарының халқымен кездесулер өткізді. Көтерілген мәселелер атан түйенің белін қайыстырардай зіл батпан. Ұсыныстар мен пікірлердің бәрін жүйелеу де оңайға соқпайтын түрі бар.

Комиссия отырысына ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен кәсіпкерлер, салалық одақтар мен қауымдастықтар, барлық деңгейдегі қоғамдық кеңес мүшелері, партиялық және кәсіподақ ұйымдары, орталық және жергілікті атқарушы органдар қатысып, өңір аудандарының тұрғындары селекторлық режимде байланысқа шықты.

Жер реформасы бойынша комиссияның негізгі міндеттері, Елбасы айрықша тапсырғандай, бұған дейін құрылған құқықтық, экономикалық, ақпараттық түсіндіру және ашықтықты қамтамасыз ету жөніндегі төрт жұмыс тобының тиімді қызметі арқылы қалың көпшілікпен пікір алмасып, жер заңнамасының нормаларына қатысты ұсыныстарды қарау болып табылады. Және осы мақсатта өрбіп келеді.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов комиссияның vm,өңірлердегі жұмысында белгілі бір принциптердің қалыптасқанын, яғни ашық түрде ешқандай шектеусіз нақты көтеріліп отырған мәселеге байланысты пікір айтам дегендерге шектеу жоқтығын атап өтті. «Біз бұл жерге дауласу үшін емес, жер мен ел тағдырын ақылдасу үшін жиналып отырмыз. Жер мәселесін ақылмен, сабырмен, жан-жақты талқылау арқылы қарап, шоғырланған түйінді мәселелерді шешудің жақсы үлгісін көрсетуіміз қажет», — деді комиссия төрағасы. Күн тәртібінде алдыңғы қозғалған тармақтардың заңды жалғасы ретінде үш мәселе қаралды: Біріншіден, ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру институтын жетілдіру. Оның ішінде жерді ұтымды пайдалануға бақылауды күшейту, жерді жалға беру рәсімдерінің ашықтығын, тиімділігін арттыру, бір қолға жалға берілетін жерлердің шекті (ең жоғары) мөлшерін белгілеу, Қазақстан Республикасының шекаралас аумақтарынан берілетін ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану тәртібін күшейту. Екіншіден, елді мекен маңайынан жергілікті тұрғындарды қажетті жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету жүйесін қалыптастыру. Үшіншіден, мораторий жарияланған 2 мәселеге (қазақстандықтарға жекеменшікке және шетелдіктерге жалға беру) байланысты пікір алмасу.
Бұл комиссия отырысы да өте қызу қарқында өткенін ашық айтуымыз керек.

АҚЫЛБЕК КҮРІШБАЕВ:  ЖЕР САПАСЫН БАҚЫЛАУ ЖҮЙЕСІНДЕ КӨПТЕГЕН
КЕМШІЛІКТЕР БАР

Экономикалық топтың жетекшісі Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаевтың өткір пікірі ерекше назар аудартты.
— Біріншіден, ашығын айтсақ, қазіргі кезде көптеген жағдайда жерді жалға беруді әкімдердің өздері шешіп жатқаны жасырын емес. Бұған қатысты біздің ұсынысымыз — жерді жалға беру демократиялық негізде, ашық түрде болуы керек. Сондықтан бұл мәселені әкімдердің жеке құзырында қалдырмай, халықтың өкілдері кіретін комиссия шешуі керек. Комиссияға қоғамдық кеңес мүшелері, кәсіпкерлер және жергілікті өзін-өзі басқару өкілдері кіруі керек. Яғни жерді жалға беру, я болмаса, мемлекетке қайтару мәселесін тек осы қоғамдық комиссиялар ғана шешуі керек. Екіншіден, қазіргі таңда жерді беру туралы ақпарат көбінесе жасырын түрде өтеді деуге болады. Мұндай мәліметтерді әкімдердің қасында жүргендер көбірек біледі. Біз жерді жалға беру туралы ақпаратты 30 күн бұрын әртүрлі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы аудан, облыс пен республика деңгейінде ашық түрде ұйымдастыруды ұсынамыз, яғни қарапайым халық қай жерде, қанша жер аумағы жалға берілетіні туралы хабардар болуы керек, — деді ол.

Экономикалық топтың үшінші ұсынысы келесі мәселеге саяды. Бүгінде жерді жалға беру туралы келісімшарт жобасын әкімдер өздері дайындайды. Ақылбек Күрішбаевтың тобы осы жүйемін келіспей отыр. «Біз мемлекеттік деңгейде бірыңғай типтік келісімшарт жасауды ұсынамыз. Онда жалға алушының құқықтары және міндеттері барлық аймақтар үшін бірдей болуы керек. Төртіншіден, жер сапасын бақылап отыру қажет. Ашығын айту керек, елімізде жер сапасын бақылау жүйесінде көптеген кемшіліктер бар. Мысалы, бүгінгі таңда ауыл шаруа қожалықтарының жердің төлқұжаттары, паспорттары әлі жоқ. Сонымен қатар, бізде мемлекеттік кадастр, яғни жердің бағасын анықтаудың әдістемесі 2003 жылы бекітілген. 13 жылдың ішінде қаншама экономикалық өзгерістер өтті. Ал дамыған мемлекеттерде әрбір үш-бес жыл сайын жердің бағасы жаңартылып отырады. Осыған байланысты жердің нақты салықтық бағасына қатысты көптеген сұрақтар туындауда. Мәселен, еліміздің кейбір құнарсыз жерлердің салық мөлшері құнарлы жерлердің салық бағасынан қымбат. Ал кейбір аймақтарда жайылым мен шабындық жерлері егістіктен де жоғары», — деп атап көрсетті Күрішбаев.

«КОМИССИЯ ШЫҒЫНЫН ЭКС-МИНИСТР ЕРБОЛАТ ДОСАЕВ ӨТЕУІ ТИІС»

Ал құқықтық топтың жетекшісі Мұхтар Тайжан Болатханұлы топ жұмыстарының нәтижелері бойынша елді мекен маңындағы жергілікті тұрғындар үшін қажетті жайылымдарға байланысты баяндама жасады. nk«Комиссия жұмысы елдің назарында. Ақырғы шешім қалай қабылданатынына бәрі алаңдаулы. Сондықтан жерді сату, жалға беру мәселелерінде кім қалай дауыс берді деген ақпараттар ашық болуы керек. Екінші үлкен мәселе — қазақстандықтарға жерді жалға беру. Кейбіреулер біледі, біреулер білмейді, соңғы заңнама бойынша жерді жалға алу мүмкіндігі алынып тасталды. Біз сол мүмкіндікті қалдыруды ұсынамыз. Келесі қадам — латифундизмге қарсы шаралар. Бір адамға берілетін жердің көлеміне шектеу орнатылады. Амандық болса, осы ұсыныстар Парламентке беріледі. Сонымен қатар, комиссиядағы ұсыныстар ішінде келіспейтін жерлер де бар. Мәселен, кадастр мәселесі. Ол деген — ашық мәлімет. Қазір жер кімнің қолында деген еш ақпарат жоқ. Ол жеке ақпараттар туралы заңға қайшы болып отыр. Меніңше, жер туралы ақпарат жарияға шығуы керек. Жерді шетелдіктерге сатпаймыз деп жатырмыз. Бірақ шетелдіктердің үлесі бар фирмалар жерді сатып ала алады, жалға ала алады. Біздің ұсынысымыз — шетелдіктердің үлесі бар фирма жерді жалға алмасын, сатып алмасын. Сосын прогрессивті жер салығы туралы айтқым келеді. Ол туралы комиссия төрағасы да айтып кетті. Бұл ұсыныс келесі салық кодексіне енеді. Осы ұсынысты комиссияның ресми түрде қабылдауын ұсынамын.

Президент жер мәселесі компромиспен шешілуі керек деп айтты. Жерді сату, сатпау, шетелге жалға беру, бермеуге қатысты түрлі көзқарас бар. Егер біз осы мәселеде келісімге келе алмасақ, мораторийді бес жылға ұзарту керек», — деді Мұхтар Тайжан.

Кейін «Facebook» парақшасында аталған комиссия отырыстары мемлекеттің қалтасына әжептәуір салмақ салып отырғанын қынжыла жеткізді. Мәселен, соңғы Атырауда өткен жиынға қатысқан 25 адамға ең кемі 5 миллион теңге жұмсалыпты. Бұл шығынға ғимараттың жалақысы, оған қызмет еткен адамдардың ақысын тағы қосыңыз. Ал бұған дейін комиссияның тағы 7 отырысы өткен болатын. Әрқайсысына 25 емес, 75-тен мүше қатысыпты. Демек, шығын көлемі де 2-3 есеге көп. Бұл қаражат демеушілердің қалтасынан төленіп жатпағаны белгілі. Сондықтан әу бас-та осы комиссияның құрылуына себеп болған экс-министр Ерболат Досаев шығындарды өз қалтасынан жабуы тиіс деп есептейді Мұхтар Тайжан. «Жер мәселесі бойынша соңғы заң сапасыз болғандықтан, халық оған қарсы үн шығарды. Бұл заңның авторы кім болатын? Ерболат Досаев мырза өзі бұны мойындап, сол үшін отставкаға кетті. «Отставка» болғанда қазір мемлекеттік «Бәйтерек» деген қорды басқарып отыр. Менің ұсынысым — Жер комиссиясының бюджетін Ерболат Досаевтың жеке мойына іле салып, мемлекеттік жұмысынан алып тастау, болашақта жолатпау керек. Бұндай айыппұл толығымен әділетті болады деп санаймын», — дейді комиссия мүшесі.

ЕРЕУІЛГЕ ШЫҚҚАН ХАЛЫҚТЫҢ ТАЛАБЫН ОРЫНДАУҒА НЕ КЕДЕРГІ?

Комиссияның отырысында Парламент Сенатының депутаты Қуаныш Айтахановтың да айтқан ұсынысы көпшіліктің көңілінен шықты. Ол облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа халықтың 10 сотық жер мәселесін бір-екі жылдың ішінде шешіп беруді ұсынды. Себебі «Атырау облысы — бай облыс, бюджеті көп, түсімі өте үлкен, сол бюджеттің есебінен инфрақұрылымды жасауға болады», — деді сенатор. «Кешегі ереуілге шыққан халықтың толқуына себеп болған мәселелердің негізінің бірі — жекеменшік тұрғын үйге жер телімдерін бермеу мәселесі. Осы мәселе, мысалға, бүгінгі таңда республика бойынша түскен сұрақ-хаттардың 76 пайызы жеке үй салуға жер телімдерін беру мәселесіне арналған. Ал Атырау облысы бойынша 80 пайызға жуық сұрақ жеке үй салу бойынша жер мәселесі екен. Олай болса халықтың осы бір қажет етіп отырған мәселесін шешуіміз керек», — деді Қ.Айтаханов.

Сенатордың айтуынша, халыққа жеке үй салуына жағдай жасау үшін заңға ешқандай өзгеріс енгізудің қажеті жоқ. Себебі заңда: «Қазақстанның әрбір азаматы өмірінде бір рет тегін он сотық жер алуға құқылы», — деп анық жазылған. Осыны еппен іске асырса, жетіп жатыр.

Жер реформасы жөнiндегi комиссияның көшпелi отырысында комиссия мүшесi Айдос Сарым төрт жұмыс тобын біріктіріп, бір топ құруды ұсынды. Оның ойынша, комиссия қазіргі форматпен жұмыс істей берсе, барлық аймақтарды аралап үлгермейді. «Бүгiн төртiншi өңiрге келiп отырмыз. 25 адамнан үшке бөлiнiп араласақ, тамыз айының соңына дейiн бiраз жердi аралап өтуге болатын сияқты. Менiңше, мұны көпке созбай жасағанымыз дұрыс», — дедi ол.

Осы орайда комиссия мүшесi өзінің нақты ұсынысын жеткiздi. «Бiзде төрт жұмыс тобы бар. Қарап отырсақ, олар бiр мәселенi қарастырып отыр. Менiң ойымша, бiр топ құру керек. Оның iшiне 7-8 адам кiрсiн. Заңды да, нақты ұсынысты да 75 адам дайындамайды. Сондықтан 7-8 адамды жұмыстан босатайық. Ақылбек Күрiшбаев пен Мұхтар Тайжанды тең төраға қылып, бiр топ жасайық. Олар Астанада отырып, жұмыс жасай берсiн, ал бiз өңiрлердi аралап, көрген-бiлгенiмiздi осы азаматтарға жеткiзiп отырсақ», — деген ұсыныс айтты Айдос Сарым. Оның ойынша, тамыз айының соңына дейiн нақты шешiмдер қабылдап, ары қарай 5-10 адамнан тұратын жұмыс тобының еңбектенгенi жөн.

САРАЙШЫҚ ҚАЛАСЫНЫҢ 620 ГЕКТАР ЖЕРІ ЖЕКЕМЕНШІКТІҢ ҚОЛЫНДА

Жер реформасы бойынша қоғамдық комиссиясының кезекті отырысында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев аймақтағы жер мәселесіне қатысты кейбір сұрақтарға жауап берді. Соның ішінде ежелгі Сарайшық қаласының территориясы да бар. Әкімнің айтуынша, ол жер жекеменшіктің қолында. Кәсіпкер ол жерде емдік шөптерді өсіруді көздейтін көрінеді. Жиынның басында Мұхтар Тайжан мырза біраз сұрақтар қойған болатын. Соған жауап берейін. «Сарайшықтағы 620 гектар жер неге басқаларға беріледі?» деген сұраққа жауап мынадай. Ол 620 гектар жер қазақстандық азамат Мирзоев дегеннің жекеменшігінде. Ол жерді 2005 жылы алған. Қазіргі таңда сол жерде 170 гектар декоративті ағаш егеді ол. Үйеңкі, терек, ива егіліп жатыр. 40 гектар жерге бір жылдық мал азығы дақылдарын, шөптер егеді. Алдағы уақытта 100 гектарға алма бағын егу жоспарлануда. Сол жерде медицина бағытында емдік шөптер егу де жоспарлануда. Себебі Атыраудың түбінде фармацевтикалық фабриканың құрылысы жүріп жатыр. Құны — 7 млрд. 400 млн. теңге. Соның құрылтайшыларының бірі. Сол жерде еккен өсімдіктерін сол фабрикада қолданады», — деді Н.Ноғаев. Аймақ басшысының сөзіне қарағанда, кезінде Бақтықожа Салахатдинұлының (Атырау облысының бұрынғы әкімі) тапсырмасымен Сарайшықтың бір жарым километрін бекіту бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалған болатын. Жобаның жалпы құны — 1 млрд. 600 млн. теңге. Бүгінде ол ақшаның 100 млн. теңгесі бөлініп, конкурстық процедуралар өтіп жатыр. Келесі жылы аталған жұмыстарды аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Н.Ноғаев Тайсоған полигонының жері жайында айтып берді. «Тайсоған полигонының аумағы 750 мың гектар болған. Қазақстан үкіметінің жүргізген келіссөздердің нәтижесінде қазіргі таңда 625 мың гектар жер қайтарылды. Қазір қалғаны — 125 мың гектар. Сол Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арасындағы мемлекеттік келісімшарттың негізінде қолданылып жатыр», — деп атап көрсетті ол.

әйел4Атырауда өткен жер комиссия жұмысы барысында өңір тұрғындары депутаттарға қарата сыни пікірлер айтылды. Соның бірі мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханға бағытталды. Ол өз кезегінде былай деп жауап берді: «Жер мәселесі таразыға түскенде жанымыз ышқынбаса, онда ұлт болып жарытпаймыз. Ал мені кінәлауға қатысты айтарым — ол заңдар қабылданғанда мен депутат болмадым. Ұлттық спортта өз бетіммен жүрдім. Менің позициямды білгілеріңіз келсе, мен оны айттым. Шекара аумағындағы жер, кепілдікке қою туралы ойларымды естідіңіздер. Әлеуметтік шиеленіс шақыратын мәселелерден барынша сақ болу керек. Шекарадағы жер мәселесінде километрмен емес, тұтастай аудандарды ескеру керекпіз, Үржар, Нарынқол сияқты аудандарды ерекше назарға алу керек. 86-ның желтоқсан оқиғасына мен де қатысқам. Политехтан шығып, консерваторияға кетуге сол себеп болған. Ол кеңестік империяға қарсы бас көтеру еді. Мына жағдайда өзіміз отырған бұтақты өзіміз аралағандай болмайық. Байыппен келмесек, кей мәселеде ашуға салынсақ, ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздікке қауіп келтіреміз. Жер қамын бірен-саран адам айтып жүр деуге болмайды. Бәріміз де қазақпыз, бәріміз де жер үшін алаңдаймыз. Шаруа шешілетін кез болады, сол кезде кімнің кім екені белгілі болады. Ол уақыт әлі келген жоқ. Әзір мені қинамаңыздар», — деді Бекболат Тілеухан.

ТҮЙІН:
Комиссия мүшелері жиын барысында өз жұмыс топтарының аясында, уақыты келісілген шешімдер бойынша ұсынымдар әзірлеп, ортақ пікірлерді тұжырымдайтын кездің келгендігіне кеңінен тоқталды. Демек, өңірлерде халықпен кездесулер өз дәрежесінде жалғасатын болады. Мұндағы түпкі нәтиже — халықты толғандырып жүрген жер тағдыры бойынша мәселені әбден саралап, салмақтап, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдармен бірігіп, Парламентке нақты ұсыныстар беру. Қазір, өкінішке орай, жер комиссиясы жұмыс жасап жатқанына қарамай, заңбұзушылық әрекеттерге мемлекет сенім білдіріп отырған лауазымды тұлғалардың өздері жол беруде. Бұл мәселе бірнеше рет айтылып та қалды. Мұндай келеңсіздіктердің орын алуына заңның әлсіздігі себеп. Мәселен, ҚР Әкімшілік кодексі бойынша құзіретті тұлға жерді жалға заңсыз беретін болса, жерді мемлекетке заңсыз қайтарса, оған салынатын айыппұлдың мөлшері 30 АЕК құрайды. Оның көлемі 63 600 теңге ғана. Бұл қатаң жазаға жатпайды. Аталған соманы қалтасынан жұлып алып төлеп кете беру қалталы шенеуніктерге түк те емес.

Осыған қатысты комиссия мүшесі Ақылбек Күрішбаевтың сөзімен мақаланы қорытындыламақпыз. «Бұндай жазалау шараларымен біз ешқандай тәртіп орната алмаймыз. Сондықтан Әкімшілік кодексті күшейтуді ұсынамыз. Ал егер заңсыз әрекеттер мемлекеттің мүддесіне қайшы келсе, кінәлі тұлғалар Қылмыстық кодекс бойынша жауап берулері керек деп есептейміз. Қоғамдағы көптеген түсінбеушілік ашық ақпараттың жоқтығынан туындайды. Сондықтан біздің ұсынымыз — кімнің қанша жері бар туралы ашық ақпарат беретін сайт ашу керек. Сонда кез келген адамға жер мәселесінен хабардар болуға жағдай жасаймыз. Ал халықтың үкіметке деген сенімі артады».

Нағашыбай Қабылбек