Жер қойнауын пайдаланушыға ақбөкендерді сақтау шараларына белсенді қатысуға ұсыныс жасалды

Ақтау қаласында «ҚазАзот» АҚ келісімшарттық аумақтарында Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің кейбір талаптарының орындалуын қамтамасыз ету мәселелері бойынша «дөңгелек үстел» отырысы өткізілді. Басқосуда экологтар жер қойнауын пайдаланушыларға ақбөкендерді сақтау шараларына белсенді қатысуға шақырды.

Ақбөкендер мекендейтін аймақтарда тұрып жатқан жергілікті қауымдастықтар бұл мәселеге бұрынғыға қарағанда енді назар аудара бастағандығы байқалады. Бұл туралы тәуелсіз эколог, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының Маңғыстау облысындағы филиалының төрағасы Әділбек Қозыбақов мәлімдеді.

 

Жалпы киіктерді сақтау шараларына қоғамдағы барлық ұйымдарды барынша тарту қажеттігі бұрыннан айтылып жүр. Әсіресе бұл мәселені оңтайлы шешу үшін бизнес құрылымдарды тарту маңызды. Алайда, кәсіпкерлік субъектілері көбіне мұндай жобаларға қатысуға ниет білдіре бермейді. Ал бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бар екендігін естен шығармасақ, кәсіпкерлерді осындай жобаларға белсенді қатыстыру маңыздылығын әлі жоғалта қойған жоқ.

Мәселен, gis.geology.gov.kz ресми сайтына кірсеңіз ақбөкендердің көбіне мекендейтін аумақтарын көруге болады. Ал олар негізінен Маңғыстау облысының Бейнеу ауданы, Атырау өңірінің Жылыой ауданы және Ақтөбе аймағының Байғанин ауданында көптеп кездеседі. Ал біздің өңірде келісімшарттық аумақтың бірі ретінде «Қаз Азот» АҚ ең бірінші болып көзге түседі. Осыны ескерген тәуелсіз эколог Әділбек Қозыбақов, аталмыш компания басшылығына ақбөкендерді сақтау бойынша өз ұсынысымен шыққанын айтады. Оның үстіне бұл талаптар экологиялық кодексте жазылған, тек бар мәселе компания өз тарапынан қаржы бөлуге дайын ба?!

Ақтау шаһарында өткен отырыстың күн тәртібінде бірқатар тақырыптар қамтылды. Атап айтқанда, жаңа экологиялық қауіпсіз технологияларды енгізу орталығы» қоғамдық қорының «Киіктің үстірт популяциясының сақталуына Қазақстандағы Үстірт өңірінің жергілікті қауымдастықтарын тарту жобасы таныстырылды. Киіктің үстірт популяциясының бүлінген мекендейтін жерлерін қалпына келтіру үшін мүмкіндіктер қарастыру жолдары ұсынылды.

Қандай да болсын себептермін жарамсыз болып қалған артезиан ұңғымаларын жөндеу үшін, сонымен қатар жабайы және үй жанауарларына арналған суат салу үшін мүмкіндіктер қарастыру керектігі де айтылды. Жергілікті қауымдастықтар мен табиғатты қорғау үкіметтік емес ұйымдарына жануарлар дүниесін және оның мекендеу ортасын қорғауына қоғамдық қатысу бойынша бастамаларды жүзеге асыруға ықпал жасау қажеттігі де назардан тыс қалмады.

Отырыс жұмысына «ҚазАзот» АҚ «Шағырлы-Шөмішті» филиалының экологы Батырхан Өмірханов, Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілі Орынбасар Тоқжанов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының өкілі Тұрғанбай Шапағатов, Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің өкілі Раушан Төлепова, облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің табиғатты қорғау полициясы бөлімшесінің инспекторы Маңғыстау Жайлаубаев, «Маңғыстау табиғаты» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Қайрат Мұқашев, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Геология және жер қойнауы комитеті «БатысҚазЖерҚойнауы» өңіраралық департаментінің Маңғыстау өңірлік геология инспекциясының өкілі Алмагүл Келбет және «Жаңа, экологиялық қауіпсіз технологияларды енгізу орталығы» қоғамдық қорының «Киіктің үстірт популяциясының сақталуына Қазақстандағы Үстірт өңірінің жергілікті қауымдастықтарын тарту» жобасының үйлестірушісі Әділбек Қозыбақов қатысты.

Оның айтуынша, жергілікті қауымдастықтар мен табиғатты қорғау ҮЕҰ-на жануарлар дүниесін және оның мекендеу ортасын қорғауына қоғамдық қатысу бойынша бастамаларды жүзеге асыруға ықпал жасау үшін мүмкіндіктір қарастыру қажет.

Мысалы, қоғамдық инспекцияның материалдық-техникалық қамтамасыз етілуіне үлес қосу, қоғамдық инспекторлардық рейд кезінде пайдаланатын кордондар салып беру немесе бұрыннан бар нысандарды кордон ретінде пайдалана алатындай етіп жөндеп беру керек. Сонымен қатар, экологиялық ағарту бағытындағы іс-шараларды ұйымдастыру, атап айтқанда тақырыптық плакаттар, буклеттер, жадынамалар шығаруға қаржылай қолдау көрсету керектігі дөңгелек үстелде отырысында айтылды.

«Басқосу жоғары деңгейде өтті деп айта аламын. Шақырылған барлық мүдделі тараптар шараға белсенді қатысты. Бірқатар сұрақтар көтерілді және ұсыныстар да айтылды. Талқылау нәтижесінде, «ҚазАзот» АҚ келісімшарттық аумақтарында ҚР Экологиялық кодексі 237 және 250 баптары талаптарының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында, «ҚазАзот» АҚ басшылығына бірқатар ұсыныстар берілді. Экологиялық заңнамалардың орындалысын қатаң бақылауда ұстаған жөн. Ол үшін кез-келген мәселелерді жан-жақты қарап, нақтылау үшін сарапшы ретінде өз кеңестерімді беруге өз басым дайынмын», — дейді Әділбек Қозыбақов.

Жалпы шикізат өндіруші кәсіпорындарға үкіметтік емес сектормен жұмыс жасағандары дұрыс және екі арадағы ынтымақтастық уақыт келе өз нәтижесін берері сөзсіз. Жергілікті қауымдастықпен және табиғатты қорғау үкіметтік емес ұйымдармен қарым-қатынас жасау «Қаз Азот» АҚ тигізер пайдасы зор болмақ. Яғни, қоршаған ортаны қорғау бойынша жоспарының «Флора мен фаунаны қорғау» және «Экологиялық насихат пен ағарту» тарауларының тиімді орындалып, іс жүзінде нақты нәтижелерге қол жетпек.

Оның үстіне экологиялық заңнама талаптарын сапалы түрде сақтау мемлекеттік органдар алдында экологиялық заң бұзушылықтарға жол бермейтін табиғат пайдаланушы атағын қалыптастырады. Ең бастысы жұртшылық алдында әлеуметтік жауапкершілігі бар компания ретінде беделінің өсері айдан анық.

 

 

Кәмшат Ізбасарова,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы