Жер сатылмайды, шетелдіктерге жалға берілмейді және ешкім қол сұға алмайды

Сенат ауыл шаруашылығы жері туралы осындай өзгерістермен жер туралы заңды қабылдады.
Мөде керек, Мөде! Шерағаңның, сол кездегі Парламент депутаты Шерхан Мұртазаның ұлттың ұлтарақтай жері ешкімге қолды болмайтыны туралы рухтанып тұрып айтқан осы сөзі әлі елдің жадында… Жер туралы сөз қозғалған сайын, Шерағаңның осы рухты сөзі ойға оралып, жадыңда жаңғыра береді…
Парламент қабырғасына да сол рух сіңген. Қазақтың бір сүйем жері ешқашан және ешкімге берілмейді.
Сол жолы Шераға:
– Ертеде көктүріктерден шыққан Мөде деген Тәңірқұты болған. Сол кезде көрші елдің императоры Мөденің жүйрік тұлпарына көзі түсіп, сұратыпты. Беріпті. Сұлу әйеліне көзі түсіпті. Бір әйел үшін көршімен соғысып, халқымды қырғынға ұшыратпайын деп оны да беріпті. Енді император «бос жатыр ғой» деп жерін сұрапты. Сонда Мөде «басқаның бәріне төзуге болар, бірақ жерге көз тіккенге төзе алмаймыз, атқа қоныңдар, соғысамыз» деген екен. Сөйтіп ол әлгі елді шауып алып, «жерді берейік» деген кеңесшілерінің басын алыпты ,-деген әңгімені айта келіп «Мөде керек, Мөде!»,- деген еді. Бұл Шерағаңның қазір жерге қорған болатын Мөде жоқ дегені емес, қай заманда да жер мәселесіне келгенде елге осы Мөде ұстанған көзқарас керек дегені еді.
Бүгінгінің Мөдесі кім? Халық!
Бүгінгінің Мөдесі – сол Халық дауыс беріп сайлаған, өз аманатын арқалатқан Парламент!
Бүгінгінің Мөдесі – Халық өзі сайлаған, елі мен жерінің тұтастығының кепілі – Президент!
Иә, Парламент Жер туралы заңды қабылдады. Ал Парламенттің екінші аты кім? Халық! Халық, яғни өздеріңіз оларға «сөзімізді сөйлейді, мүддемізді қорғайды» деп арқалатқан аманаттарыңызбен, Ата заң бойынша берілген өкілеттілігімен олар осы заңды қабылдады. Депутаттар – өз елінің патриоттары. Ұлттық мүддені, мемлекеттік мүддені, халықты ойлайды. Олар да халықтың бір бөлшегі. Ертең сол жерде олардың да балалары мен немерелері өмір сүретін болады. Сондықтан ел мүддесіне немқұрайды бола алмайды, құқықтары жоқ. Олар халықтан биік тұрған жоқ. Олар халықтың, мемлекетттің қызметшілері. Сондықтан Халық пен Парламент біртұтас ұғым. Заң қабылданғанға дейін депутаттар аймақтарға сапармен барып, халықтың пікірін тыңдады, ұсыныстарын жинақтады. Жерге қатысты ұлт патриоттары мен өзге де қоғамдық ұйымдардың пікірлерін, ашық хаттарда, БАҚ-та және әлеуметтік желілерде айтылған ұсыныстар мен тілектерді ескеріп, негізге алды. Сенаттың тұрақты комитеттерінде талқыланып, олардың ұсыныстары ескерілді. Осының негізінде ауылшаруашылығы жеріне қатысты Жер туралы заңға біршама өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, ЖЕР ЕШҚАШАН ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ САТЫЛМАЙТЫНЫ, ШЕКАРАЛЫҚ ЖЕРЛЕР ЖАЛҒА БЕРІЛМЕЙТІНІ,ОНДА ЕШБІР ШЕТЕЛДІК КОМПАНИЯЛАР ЖЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ҚЫЗМЕТ ЕТЕ АЛМАЙТЫНЫ тайға таңба басқандай етіп нақтыланып жазылды.
Сенат депутаттары Премьер министрдің орынбасары — Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің Жер туралы заңға байланысты баяндамасын талқылауға белсенді қатысты және пікірлерін айтты.
Өмірзақ Шөкеев Жер туралы заңға өзгерістер мен толықтыруларды былай түсіндірді:
Бірінші бағытта ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру нормасын сақтау және жетілдіру мақсатында жалға берудің жаңа әрі арнайы тәртібі қарастырылып отыр.
Жер беру тәртібінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету үшін конкурсқа қойылатын жерлер тізбесін бекіту, оны міндетті түрде қоғамдық кеңестермен және үкіметтік емес ұйымдармен келісу, жер комиссиясының құрамына 50 пайыздан кем емес қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың өкілдерін енгізу қарастырылып отыр.
Сонымен бірге, конкурстың жариялылығы мен оған барлық қатысушылардың тең қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа тәртіп бойынша конкурс өткізілетіндігі туралы хабарландыру тек аудандық қана емес, басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктердің ресми интернет-ресурстарында орналастырылады.
Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану және жалға алушылардың жер пайдалану жөніндегі қабылдаған міндеттемелерін орындалуын қадағалау мақсатында жалға алудың алғашқы бес жылында әр жыл сайын, келесі кезеңдерде суармалы жерлерде — әр үш жыл сайын, ал суарылмайтын жерлерде әр бес жыл сайын мониторинг жүргізу белгіленіп отыр.
Екінші бағытта ауыл шаруашылығы жерлерін үлкен көлемде «бір қолға» берілуін болдырмау мақсатында заң жобасында әр облыстың әкімшілік аудандарында ауыл шаруашылығы жерлерінің шектік мөлшерін белгілеу көзделген.
Бір қолға берілетін жерлердің мөлшері маслихаттар мен әкімдіктердің бірлескен ұсынысымен Үкімет бекітеді.
Бұл шектік мөлшерін айқындау үшін тиісті Есептеу әдістемесі әзірленді.
Үшінші бағытта — мемлекеттік шекараның шекаралық белдеуінде орналасқан ауыл шаруашылығы алқаптары ешкімге берілмейді, тек жергілікті халыққа жайылым, шабындық ретінде ғана пайдалануға рұқсат етіледі.
Шекаралық аумақта орналасқан жер учаскелерін шетелдіктерге немесе Қазақстан Республикасының шетелдіктермен некеде тұрған азаматтарына немесе құрамында шетелдіктер бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына беруге тыйым салынады. Бұл аумақта орналасқан ауыл шаруашылығы жерлері тек қазақстандықтарға ғана жалға берілетін болады.
Төртінші бағытта — ауылдық жерлерде жергілікті тұрғындардың жеке аула малына жайылым жетіспеушілігін шешу мақсатында заң жобасымен жергілікті халыққа аналық мал басын ұстау үшін жайылым алқаптарын айқындау туралы норма көзделуде.
Осы мақсатта айқындалған жайылымдарды жалға беруге тыйым салынатын болады.
Сонымен қатар, бүгінгі күні елді мекендердің маңындағы жайылымдардың көбі жеке және заңды тұлғаларға беріліп кеткенін ескеріп, ол жерлерді қайтару мемлекеттік мұқтажға жатқызу заң жобасымен белгіленіп отыр.
Бесіншіден, осы заң жобасында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке сату және шетелдіктерге жалға беру туралы енгізілген Мораторийдің шеңберін кеңейту қарастырылып отыр, онда 1 пайыз болса да шетелдік үлесі бар қазақстандық заңды тұлғаларға жер берілмейтін болады.
Бұл ретте заң жобасы нормаларының барлығы Жер комиссиясы жұмысының қорытындысы бойынша әзірленген және ауыл шаруашылығы жерлерін тек қана қазақстандықтарға жалға беру институтын жетілдіруді көздейді.
Бұл заң жобасымен Жер және Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстері, «Жер кодексінің жекелеген нормаларының қолданысын және «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының қолданысқа енгізілуін тоқтата тұру туралы» және «Қоғамдық кеңестер туралы» заңдарға түзетулер енгізіледі.
Заң жобасының кейбір нормалары республикалық бюджет шығыстарының ұлғаюын көздейді. Олардың барлығы Республикалық бюджеттік комиссияда қаралып, қолдау тапты.
Болжамды шығыстар жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарына қарай және олар мемлекеттік мұқтаж үшін алынатын жағдайда ғана есептер әр жер учаскесіне жекеше анықталып, нақтыланатын болады.
Заң жобасы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға берудің айқын тетіктерін белгілей отырып, олардың тиімді пайдаланылуына бағытталған.
Қаралып отырған жаңа нормалар жергілікті атқарушы органдар қызметінің жариялы болуына ықпал етеді, сондай-ақ жерлерді беру жүйелерін ақпараттандыруға және қоғамдық пікірдің кеңінен ескерілуін көздейді.
Қазіргі кезде Үкімет жер қатынастары саласындағы заңнамаларды жетілдіру жұмыстарын одан әрі жалғастыруда.
Ө.Шүкеевке Сенат депутаттары О. Перепечина мен С.Еңсегенов сұрақ қойып, кейбір түйткілді мәселелерді анықтады және Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің хатшысы Рашит Әкімов қосымша баяндама жасап, былай деді:
– Жер мәселесі қазіргі уақытта қоғамның айрықша көңіл бөліп, халықты ерекше алаңдатып отырғаны шындық. Сондықтан да жерге қатысты заңнамалар қашан да болсын жұртшылықтың зор ықыласын туғызып, қоғамда да қызу талқыға түсуі заңдылық.
Бүгінгі заң жобасы бойынша түрлі пікірлердің де, сын-ескертпелердің де, ұсыныстардың да сан алуандығын қалыпты жағдай деп санау керек.
…Жер реформасы жөніндегі комиссияның жер қатынастарын реттеуге қатысты әзірлеген біршама ұсыныстары бүгінгі қаралып отырған заң жобасында ескеріліп отыр.
Осы орайда Жер реформасына қатысты келесі маңызды өзгертулер мен толықтыруларды атап көрсетуге болады:
— мораторийда белгіленген бұрынғы шектеулерден басқа, тағы да қосымша ретінде, шекара маңы аумақтарында орналасқан жер учаскелерін шетелдіктерге және құрамында шетелдіктердің үлесі бар қазақстандық заңды тұлғаларға беруге тыйым салатын нормалар қарастырылды;
— шетелдік азаматтармен некелескен қазақстандық азаматтарға дәл осындай шектеулер белгіленіп отыр;
— бұдан басқа қазақстандықтарға уақытша пайдалануға берілетін ауыл шаруашылығы жерлерінің шекті көлемін белгілеу;
— ауылдық жерлердегі халықтың малын жайылымдармен қамтамасыз ету;
— ауыл тұрғындарын жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерімен де қамтамасыз етуге бағытталған нормалар қарастырылған.
Әрине, қаралып отырған заң жобасы жер қатынастары саласындағы бұрыннан қордаланып қалған барлық мәселелерді бірден шешіп тастайды деп ойламаймыз. Дегенмен, осы заң жобасы мораторийде белгіленген «өтпелі кезеңдегі» мәселелерді шешуге толықтай мүмкіндік береді десек қателеспейміз.
Ендігі арада Үкімет алдында осы «өтпелі кезең» деп отырған уақыт аралығында ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты мәселелерді саяси-экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан сараптап, жан-жақты зерделеу міндеттері тұр. Келешекте осы мәселеге байланысты тағы да нақтылы ұсыныстардың болары да анық.
Заңды талқылау барысында сенатор Т.Мұқашев мынандай пікір білдірді:
– Жерсіз ұлттық мүдде құндылықтары қалыптаспайды, қалыптасқан да емес. Қазақтың барлық мәселелері, әлеуметтік мәселелерді шешудегі қасиеттері ел мен жер тағдыры төңірегінде өрбіген. Себебі ұлттың барлық өмірі, байлығы, тарихы, дәстүр тәжірибелері, ұрпақ болашағы, тәуелсіздік, жерді қорғаудан бастау алады және оны қорғауға бағытталады, мемлекеттің мүддесін қорғау ұрпаққа қашанда міндеттеледі. Қазақ сол себептен жерді анаға теңеген, ата-бабаларының өмір сүрген, тарихи таңбасын қалдырған мекен деп түсінген және бұл ұғым ұлттың біртұтас санасына айналды.
Сол себептен қарап отырған заң жобасы осы кезеңде аса маңызды болып табылады. Заң жобасы Сенатқа, әсіресе Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің қарауына келіп түскен сәтінен бастап бірнеше рет саралаудан өтті. Жұмыс топтарының және комитеттің отырыстарында қаралып, егжей-тегжейлі зерделенді. Жұмыс барысында заң жобасының жекелеген нормаларына қатысты бірқатар сауалдар қойылып, әзірлеуші тараптан жауаптар да ұсынылды. Дегенмен де бірнеше мәселелер әзірлеушілердің назарынан тыс қалды.
Мәселен, қазіргі уақытта тұрып жатқан ауыл тұрғындары жер учаскелерін рәсімдеу үшін көптеген кедергілерге тап болады. Әсіресе, бұл мәселе алшақ жерде орналасқан ауыл тұрғындарына өте қиын. Сондықтан біздің пайымдауымызша, ауыл әкімі жер учаскелерін жекеменшікке немесе оны пайдалануға беру функцияларын өз мойнына алуы тиіс. Осылайша, ауыл тұрғындары үшін әкімшілік тосқауылдардың қауіпі төмендейді.
Тағы да бір мәселе, жер учаскесін ұсынудың шекті нормасы ұлғайтуды қажет етеді, әсіресе ауылды елді мекендерде орынды болып табылады. Себебі, баршамызға ауылдың жағдайы мәлім, ауыл тұрғынының күн көрісі жермен байланысты. Өзінің жер учаскесіне үйімен қоса қорасын да, сарайын да, моншасын да тұрғызуы қажет. Сонымен қатар, ауылдық жерлерде иесіз, шөп басқан бос жерлер де баршылық. Қаңырап, арам-шөппен шырмалып жатқанның орнына өңделіп, ауыл тұрғыны мен оның отбасына пайда әкелгені әбден абзал. Осы үшін ұсынылатын жер учаскесінің шекті мөлшерін ұлғайтуды жөн көреміз.
Одан басқа, жер қатынастарын реттеуге бағытталған осы заң жобасының нормалары ауыл тұрғындары арасында кеңінен түсіндірілсін деген өтінішті әзірлеушілер ескерсе жақсы болар еді.
Сөзімді қорытындылай келе, жоғарыда айтылғандай жер ұлттың өмірін жалғайтын дүние. Сондықтан да ол ұлттың қазынасы, ұлт меншігіндегі байлық болып ұрпақтан ұрпаққа табысталып отырмақ. Оны үнемі жадымызда сақтауымыз керек».
Бүгінгі сәтте бүкіл қоғамды толғандырып отырған жер мәселесіне қатысты сенатор М.Бақтиярұлы да өз пікірін ортаға салып, ұсыныстарын айтты.
– Өмірзақ Естайұлы, алдағы уақытта жерге қатысты мына мәселелерге назар аударылса деймін. Тәжірибе көрсеткеніндей, әлемнің барлық елдерінде жерді жалға беру, не сату көкейкесті мәселе болып табылады. Өйткені жер — кез келген мемлекеттің негізі. Қазақ халқының да бүкіл тұтас тарихындағы ең үлкен олжасының бірі де ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп қалдырып келе жатқан ұлы мұрасы да, қасиеті осы жер! Сонау VII-VIII ғасырлардағы түркі халықтарының алғашқы жазба ескерткіштерінің бірі саналатын Орхон-Енисей жазбаларында, одан қалды тасқа қашалған Күлтегін жазбаларында да «Жеріңді жат баспағай», «Түркінің қасиетті жер-суының қарғысына қалма» деген сөздер қалған. Демек қазақтың жері — халықтың демі мен жаны, тіршілігі, тәуелсіздігіміздің тірегі. Жер — ұлтаралық татулықтың негізі.
Бірнеше ғасырлар бойы отарлау саясатының зардабын тартқан қазақ халқы шет елдіктерге жерді жалға беруді қабылдай бермейтіндіктеріне көзіміз анық жеткендей болды. Осы бір көңіл ауаны ескеріліп, жерді сауда мен саясаттың құралына айналдырмауымыз керек. Жер тағдырына халық алаңдап отыр. Жер халықтың ортақ байлығы, ол жекешеленбейді, сатылмауы керек деген ой-пікірлер бұрын да, қазір де айтылып келеді. Біздер мұны ескеруіміз керек.
Сондықтан да болашақта жерді пайдаланудың осы кезге дейін қолданып келе жатқан жалға беру түрін ғана негіз етіп алуымыз дұрыс болады деп есептеймін. Осы жалға беру институтының тетіктерін жетілдіруіміз қажет. Өйткені жер біздің ұлтымыз үшін табыс табудың көзі ғана емес, рухани құндылық, атамекен екенін үнемі есте ұстауымыз керек.
Сондай-ақ осы мәселе бойынша сөз алған сенатор М.Жұмағазиев әріптестерінің пікірін түйіндегендей болды.
– Жер – азаматтық заңнамаларға сәйкес және экономикалық тұрғыда қоғамның материалдық, мәдени және басқа да қажеттерін қанағаттандыру үшін шаруашылық және өзге де қызмет процесінде пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкін «табиғи ресурс» және «жылжымайтын мүлік» болып табылады. Сондықтан жер қатынастары жөніндегі заңнамаларды жетілдіру ел экономикасын тұрақты дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға тікелей әсер етеді.
Ата заңымыздың 2-бабында: «Қазақстан Республикасының егемендігі оның бүкіл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз етеді» — деп атап көрсетілген. Қазақстан Республикасы Жер кодексінің негізгі принципі де соны көздейді.
Сонымен қатар, өздеріңізге белгілі, еліміздің мемлекеттік шекарасының делимитация және демаркация мәселелері көрші Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан мемлекеттерімен Халықаралық шарттар негізінде анықталып, бекітілген.
Біз, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшелері өңірлерге кейінгі барған сапарымызда бүгін талқыланып отырған заң жобасы туралы, онда қаралып отырған жаңа нормалар жөнінде де түсінік жұмыстарын жүргіздік. Мысалы, қала және ауыл тұрғындарымен, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен пікір алысу барысында кездесуге қатысушылар жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша кеңінен хабардар екендіктерін көрсетті. Сонымен бірге, осы орайда заң жобасына енгізіліп отырған өзгерістер мен толықтыруларды қолдайтындарын айтты.
Әрине, жер қатынастары жөніндегі мәселе бүгінгі күн өлшемімен шешіле салмайды. Алдағы уақытта бұл құжатты әлі де жетілдіру қажет деп ойлаймыз.
«Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, әріптестерім заң жобасын талқылауға белсене қатысты, ашық пікірлерін ортаға салды. Сөйтіп, ел үшін тиімді, жер үшін түйінді, баянды болашағымызға кепіл болатын ортақ шешімге келдік.
Жалпы, көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан әлемдік дамуға лайықты әрекет ету үшін қабылданған заңдарға ел мүддесі мен ұлттық ұстанымдарды негізге ала отырып өзгерістер мен толықтыру енгізуі қалыпты нәрсе.
Қайталап айтар болсақ – АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ҚАТЫСТЫ ЖЕР ЕШҚАШАН ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ САТЫЛМАЙТЫНЫ, ШЕКАРАЛЫҚ ЖЕРЛЕР ЖАЛҒА БЕРІЛМЕЙТІНІ,ОНДА ЕШБІР ШЕТЕЛДІК КОМПАНИЯЛАР ЖЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ҚЫЗМЕТ ЕТЕ АЛМАЙТЫНЫ тайға таңба басқандай етіп нақтыланып жазылды..
Сөйтіп, өздеріңіз байқап отырғандай, депутат жер туралы заңның халыққа, ұлтқа, мемлекетке тиімді болуын барынша зерделеп, ауылшаруашылық жерлерін шетелдіктердің иеленуіне немесе қандай да қолсұғушылығы болмауына ешқандай жол бермейтін түзетулермен қабылдады.
Ендігі мәселе осы заңның ел игілігі үшін қызмет етуі.
Әділбек Қаба