Жер туралы түсініспеушілік неден туындады?
Астана. 1 мамыр. Baq.kz — Жер туралы кодекске енгізілген өзгертулерде шетел азаматтарына немесе шетелдік компанияларға жер сату мәселесі мүлде қозғалған емес және қозғалмайды да. Бұл туралы ҚР ҰЭ вице-министрі Қайырбек Өскенбаев «Бетпе-бет» бағдарламасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Түсінбеушілік неден туды?
Негізінен Жер кодексіне енгізілген соңғы өзгертулерде халық арасында наразылық тудырып, түсініспеушілік тудырып отырған баптарға мүлде қатысы жоқ. Бұл нормалар құжаттың ішінде бұрыннан бар. Егер Жер кодексі 2003 жылы қабылданған болса, осы аталған нормалар ішінде бұрыннан болған. Тек, бір атап айтарлығы өзгеріске дейінгі нормада шетелдіктерге жер он жылға дейін ғана жалға берілген. 2014 жылғы өзгертулерге сәйкес бұл мерзім 25 жылға ұзартылып отыр. Ал шетелдіктерге жер сатуға тиым салынған норма жер құқығын реттейтін құжаттың тарихында бұрыннан бар. Жер кодексіндегі соңғы өзгертулер мен толықтырулар 2015 жылы 2 қарашада енгізілді.
Жерді шетелдіктерге жалға беру
Құжаттағы өзгертулерде шетел азаматтарына немесе шетелдік компанияларға жер сату мәселесі мүлде қозғалған емес, және қозғалмайды да. Жерді шетелдіктер жалға ала алады. Ол үшін жасалатын арнайы шаралар бар. Жер шетелдіктерге жайдан-жай беріле қоймайды. Бұл процесс тек конкурс негізінде өтеді. Аудан немесе ауыл әкімдерінің өзі бұл мүмкіндікті пайдалана алмайды. Облыс әкімі тиісті мекемеге, яғни Ұлттық экономика министрлігіне хат жолдайды. Министрлік мемлекеттік органдармен келісіп, бәрін тексеріп, барлық талаптарға жуап бере ме, жоқ па дегенді анықтағаннан кейін ғана жерді жалға беру туралы келісімшарт жасалады. Жерді жалға алған шетелдік азамат немесе компания бізге ұсынатын инвесторлық жобадан тыс, Жер кодексінде нақты көрсетілген нормаға сай жерді дұрыс мақсатта пайдаланбаса кері қайырып алуға құқылымыз. Кодекстің 92-бабы, 3-тармағына енгізілген өзгерістерге байланысты, егер, ауыл шаруашылығы өндiрiсiн, оның ішінде, шаруа немесе фермерлік қожалығын жүргізуге арналған жер учаскесін пайдаланбау фактісі алғаш рет анықталған кезден бастап бесжылдық кезеңде, жалпы алғанда, екі жыл мақсаты бойынша пайдаланылмаған жағдайларда мұндай жер учаскесi осы Кодекстiң 94-бабында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп алып қоюға жатады. Ауылшаруышылығы кәсіпкерлігі көп қаржы салуды талап етеді және өзін-өзі ақтауы да ұзақ мерзімге созылады. Сол себепті де, жобалардың өзін-өзі ақтауына 13-15 жыл қажет. Сондықтан да, инвестор салған қаржысын өндіріп, алдағы 10 жылда табыс табуы үшін жалға беру мерзімі ұзартылды.
Аукцион өткізу тәртібі
Жер телімі аукционға құнын көтеру әдісімен екі рет шығарылады. Сол аралықта сатып алушы табылмаса, бағасы 50% төмендетіледі. Сонда да алушы табылмаса, жер телімі аукционнан алып тасталады. Аукциондар мәміле шарттары айқын болуы үшін жасалады. Аукционға кез келген қазақстандық қатысуына болады. Шет елдік азамат та, шет елдік компания да бұл аукционға қатысы алмайды. Шетелдіктер жерді тек қана жалға ала алады.