Жер жаннаты — Жуалы. Батыр Бауыржанның ауылы дамудың даңғыл жолында

«Qazaqstan dauiri» газеті, «Нұр Отан» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі
және «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайтының бірлескен «Ауыл – рухани жаңғырудың қайнар көзі» атты экспедициясы Жамбыл облысы Жуалы ауданында

 

«Әкім бол, халқыңа жақын бол» дейді қазақ даналығы. Расында бүгінде бұқарамен берік байланыс орнатып, есепте емес ел есінде қалар қыруар тірліктер атқарып жатқан әкімдер баршылық. Әсіресе, аудандық деңгейдегі «болыстарға» Үкімет тарапынан сенім артылып, округтердің дербес бюджетін қалыптастыру бастамасы қолға алынғалы бері ондағы атқа мінерлердің жауапкершілік жүгі еселенгені белгілі. Осы орайда, Жамбыл облысына қарасты Батыр Бауыржан Момышұлы туылған өлке Жуалы ауданына «QAZAQSTAN DAUIRI» газетінің бас директоры Сәуле Мешітбайқызы бастаған топ ат басын бұрып, аудан басшысы Нарбай Ергебековпен арнайы сұхбаттасқан едік.
Нарбай Әбілқасымұлы елді мекеннің жыл басынан бері еңсерген жұмыстары мен алда тұрған жоспарлары жайлы кеңінен әңгімелеп берді.

 

— Нарбай Әбілқасымұлы, Жуалы ауданына әкім болып тағайындалғаныңызға үш ай толды. Әрине бұған дейін аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарғандықтан өлкенің өрісі мен тынысы сізге жақсы таныс. Бір сөзбен айтқанда ауданның сай-тасынан толық білесіз. Айтыңызшы, есепті кезеңде ауданда жоспарланғаннан жұмыстар жүйесін қаншалықты тапты? Көзделген міндетті межелер еңсерілуде ма?


— Биылғы жыл аудан үшін табысты басталды десек болады. Жалпы өңірлік өнім көлемі есепті кезеңде 11 368,7 миллион теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 36,9 пайызға өсті. Жекелеп айтсақ, өңірлік өнімнің құрылымында өнеркәсіп үлесі – 24,7 пайыз, ауыл шаруашылығы шығарылымы — 47,5 пайыз, құрылыс жұмыстарының көлемі – 7,9 пайыз және сауда айналымы — 19,9 пайызды құрады.
2019 жылдың қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 3 510,1 миллион теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда индекс көлемі 103,4 пайыз болып тұрақтады. Бұл облыс көлемінде үздік екілікті көрсетіп тұр. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі 1 358,4 миллион теңгені межелесе, былтырғы жылмен салыстырғанда 4,7 пайызға артқан.
Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 5 миллиард 303,2 миллион теңге болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 102,7 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш облыс бойынша 4-орын. Оның ішінде тұтастай көлемін мал шарушылығы өнімдері құрауда.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2019 жылдың қаңтар-мамыр айларында 2 343,1 миллион теңгеге жетті. 2018 жылдың 5 айында 8 459,2 миллион теңге болса, оның ішінде 7 954,1 миллион теңге «Бурное Солар-2» ЖШС есебінен артқан. Сондықтан 2018 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 26,9 пайызға орындалып отыр.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 621,6 миллион теңгеге теңелді. Былтырғы жылмен бағамдағанда 194,2 пайызға орындалған. Бұл меже ауданды облыс бойынша 1-ші орынға шығарып отыр. Мұндай жетістікке «Қаралма» тау шаңғы кешеніндегі жол құрылысы жұмыстарының жүргізуі негізінде қол жеткізілді.
Жеке тұрғын үй салушылардың есебінен 2019 жылдың қаңтар-мамыр айларында жалпы алаңы – 5 443 шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлер аула құрылыстарымен бірге қабылданды. Бұл көрсеткіш 2018 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 112 пайызға орындалғанын айғақтауда. Бұл бағыт бойынша облыста 3-ші орындамыз.
Бөлшек сауда айналымы 1 284,2 миллион теңгеге жетіп, өңірде 8-орынға тұрақтасақ, көтерме сауда айналымы 649,6 миллион теңгені межеледі. Бұл ауданымызды үздік үштіктегі деңгейін көрсетіп тұр.
Әлеуметтің әлеуетіне қатысты, тұрғындардың орташа айлық жалақысы алғашқы тоқсанда 104,2 мың теңге болса, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 13,5 пайызға артқан.


2019 жылдың қаңтар-мамыр айларында жұмыссыз ретінде 781 адам тіркеліп, ресми жұмыссыздық деңгейі 2,7 пайыз болып қалыптасты.
Аудан бюджетінің кірістер жоспары 5 013 008,0 мың теңге болса, нақты түсіп отырған соммасы 5 094 878,0 мың теңге. Орындалуы 101,6 пайыз. Оның ішінде жергілікті бюджет түсімдері бойынша есепті мерзімге салықтық түсімдер 595 840,0 мың теңгеге жоспарланса, нақты түскені 670 831,6 мың теңге. Яғни, 74 991,6 мың теңге артығымен орындалып отыр. Ал аудан бюджетінің шығыстар жоспары 5 093 941,0 мың теңгені құраса, кассалық атқарылуы 4 999 669,6 мың теңге немесе бюджет шығыстарының атқарылуы 98,1 пайызды межеледі.
Міне, бұл ауданның есепті кезеңде еңсерген жетістіктері мен бағындырған белестері. Әрине, бір тұста өсім болса, екінші салада ілгерушілік байқалуда. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды жыл соңына дейін жүйелі жалғастырып, межелі міндетті толықтай орындап шығуға күш саламыз.
— «Үйі жоқтың, күйі жоқ» дейді. Шынында бүгінде баспана мәселесі көптің қос бүйірінен қысып тұрғаны жасырын емес. Бұл бағытта ауданда нақты қандай жұмыстар атқарылуда?
— Жуалы ауданы бойынша жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер кезегінде 2122 адам тұр. Бүгінгі таңда Б.Момышұлы ауылындағы Көктөбе жаңа тұрғын алқабындағы 30 гектар жер теліміне инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс-монтаж жұмыстарын 404 320,0 мың теңге қаралған. Аталған алқаптан 2019 жылы 170 учаске беру жоспарлануда.
Бұдан бөлек жалпы алаңы — 86,7 гектар (Б.Момышұлы ауылынан 36,7 га, Көкбастау ауылдық округінен 30 га, Ақсай ауылдық округінен 10 га, Нұрлыкент ауылдық округі 10 га) жер телімдерінің жаңа тұрғын алқаптарына инженерлік жүйемен (электр, қиыршық тас жол) қамтамасыз ету ЖСҚ әзірленді. Нұрлыкент, Қосбөлтек, Теріс ауылдарын электрмен жабдықтауға ағымдағы жылға республикалық бюджеттен қаржы бөлуге тапсырыс жасалып, Нұрлыкент (34240,0 мың), Теріс (33709,0 мың), Қосбөлтек (26398,0 мың) елді мекендеріне электр тартуға қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жанданды.
Аталған алқаптарды газ және ауызсумен қамтамасыз етуге ЖСҚ әзірлеу үшін 2019 жылға аудандық бюджеттен 26 800,0 мың теңге қаржы бөлініп жобалау жұмыстары басталды. Аталған жоспарларымыз толықтай жүзеге асса, 2020 жылы 309 жер учаске үй салу үшін тұрғындарға беріледі.


— Жамбыл облысы әкімінің 2019 жылғы 13 наурыздағы №70 өкімімен аудан әкімдерінің жұмыс алгоритмін бекіткен болатын. Аталған тапсырма ауданда қаншалықты тетігін табуда?
— Облыс әкімі бекіткен жұмыс алгоритміне сәйкес, Жуалы ауданы әкімінің ауылдық округтерде халықпен кездесу және аралау кестесі жасалды.
Кестеге сәйкес, айына екі реттен екі айда 4 ауылдық округтің15 елді мекендерін аралап, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарын көріп, тұрғындармен жүздестім.
Халықты алдын-ала ақпараттандыру мақсатында өтетін орындары мен мерзімі аудан әкімінің ресми сайтында, әлеуметтік желілерде жарияланды.


Іссапарларымның қорытындылары аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» газетінде, аудан әкімінің жеке парақшаларында жариялануда.
Бұқарамен жүздесу барысында барлығы 58 мәселе көтеріліп, оның 20-ы өз шешімін тапты. 38 мәселенің орындалуы қатаң бақылауымда тұр.
Көптің көкейінде жүрген мәселелерге келсек, кәсіпкерлік ашуға көмек беруге -5 адам, ауызсу мәселесі бойынша -2, білім мекемелерін жөндеу жұмыстарына қатысты-9, жеңілдетілген несие алуға көмектесуге -4, спорт және мәдениет нысандарын салу ұсынысымен -4,автомобиль жолдары мәселесі бойынша -13, тұрғын үймен қамтуға қатысты-2, тазалыққа – 4, денсаулық нысандарын жөндеуге- 4, мешіттерді жөндеуден өткізуге-4, ветеринария саласы бойынша -1, көшені жарықтандыруға- 4 және жайылым жерлеріне қатысты -2 адам қайырылып, өз сауалдарын жолдады. Тұрғындардың тілегін мұқият тыңдап, жолға қатысты-8, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген тұрғындарға көмек бойынша-5, ауыз су мәселесінде-1, жайылым жерді қайтаруда-1, тұрғын үйге газ кіргізуде-1, ғибадат үйлерін жөндеуде -2 және кәсіпкерлік нысанын ашуда-2 мәселеге қатысты шешімді сол жерде шығарып, түйінін тарқатып бердік. Аталған мәселелердің 7-еуі демеушілер көмегімен, 10 -еуі жергілікті бюджет есебінен шешілсе, 3 кәсіпкерге құжаттар әзірлеуге қолдау жасалды.
Алгоритмге сәйкес, бүгінгі күнге өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласымен 2 рет, білім саласы мен денсаулық сақтау саласымен 1-1 рет жалпы 4 рет кездесулер өткізіліп, 34 мәселе қаралды. Олардың бүгінгі күнге 18-і шешімін тапса, 16-ның орындалуы бақылауға алынды. 34 мәселенің 18-і ауылшаруашылығы қатысты болса, (техникалар алу, тыңайтқыштармен қамту, кооперативтерден сүт жинауды ұйымдастыру, т.б), білім саласы бойынша — 9, денсаулық сақтау саласына – 7-і тиесілі.
Бұдан бөлек, аптасына бір рет аудан әкімінен бастап, орынбасарларым, бөлім басшылары, округ әкімдері мен мекеме басшылары аппараттық жиын өткізеді. Есепті кезеңде 9 рет жиналып, индикаторлық көрсеткіштер мен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жан-жақты қаралды.
Әр ай сайын айдың 10-ына дейін кеңейтілген аппараттық жиында соңғы қорытынды көрсеткіштер мен тапсырмалардың орындалуы талқыланады.
Ал ауылдық округ әкімдері аптасына бір рет елді мекендерді аралап тұрғындармен кездесуде. Жалпы ауылдық округтердегі көтерілген мәселелер- 111 болса, оның ішінде орындалғандары- 59. Орындалуы үстіндегілері -52. Мұндағы басты мәселелер ауылішілік жолдарды жөндеу, арық-атыздарды тазалау, жарықтандыру, аз қамтамасыз етілген отбасыларға көмек беру.
Осылайша бұқарамен берік байланыс орнатып, қара халықтың өтініш-тілектерін ескерусіз қалдырып жатқанымыз жоқ. Қолдан келгенше әлеуметтің әлеуетін арттыруды басты назарға алудамыз.


— Қазір дала жұмыстарының қызған шағы. Жуалы өңірінде өзге аудандарға қарағанда көктем кеш келетіндіктен мұнда шаруалар айрықша қолдауды қажет ететіні белгілі. Әсіресе, жанар-жағармай тапшылығы еңбеккерлердің қос бүйірінен қысатыны бар. Айтыңызшы, биыл осы мәселенің мәнісі қалай болып жатыр?
— Кепілденген дизель отынын Жуалы ауданына таратушы операторлар болып жыл басында «Орсо Энергу» ЖШС және «Ауыл мұнай» жеке кәсіпкерлігі белгіленді. Бүгінгі күнге «Ауыл мунай» ЖК жұмыс атқаруда.Көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 2360 тонна жанар-жағар май бөлінді. Жекелеп айтсақ, наурызда – 250 тонна, сәуірде – 720 , мамырда – 780 және маусым айында – 610 тонна. Осы жанар-жағармай аудан орталығы Б. Момышұлы ауылы, Жібек жолы көшесінде орналасқан «Алтын ана» май құю стансасында босатылуда. Тарату бағасы бір литріне 174 тенгеден.
Бір сөзбен айтқанда шаруалардың жұмысын жеңілдетіп, еңбегін елеу үшін осындай қолдау жасаудамыз.
— Қазір мектептердің дені оқушыларын жазғы демалысқа жіберді. Осы орайда, жаз айларында балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?


— Биылғы оқу жылында мектеп жанындағы жазғы сауықтыру лагеріне 9841 оқушы қамтылды. Оның ішінде 2750 бала ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Оған, 8 миллион 250 мың теңге қаражат бөлінді. Ал 400 бала жаз айларында «Берікқара-Дзержинец» балалар мен отбасылық сауықтыру орталығында сауықтырылатын болады. Оған бюджеттен 11 миллион 600 мың теңге қаражат қаралып отыр.
Жалпы жастар арасында қылмыс деңгейін төмендету, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану бағытында аудан тарапынан жіті жұмыстар жүргізілуде. Жаз айларында да жас буын бақылауымыздан тыс қалмайды.
— Алда тұрған тағы бір науқан – Ұлттық Бірыңғай Тестілеу. Биылғы ҰБТ-ға дайындық деңгейлеріңіз қандай?
— 2019 жылы мектепті 791 түлек аяқтады. Биыл ҰБТ-ға қатысуға ниет білдіргендер саны-756 (95.5 %) . Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,3 % артып отыр.
2018-2019 оқу жылында «Алтын белгіге» 38 оқушы, «Үздік аттестатқа» 36 оқушы үміткер ретінде тіркелген.
Жаңа ережеге сәйкес ҰБТ-ы жылына 4 рет өткізіледі. Оның 3-і ақылы. Бірінші 2019 жылдың қаңтар, екіншісі наурыз айларында ақылы оқуға түсуге мүмкіншілік берсе, үшінші ағымдағы жылдың маусым айындағы мемлекеттік грант негізінде оқуға түсуге, төртінші тамыз айында түлектерге білімін одан ары жалғастыруға жол ашпақ. Жалпы тестілеу өткен 2 кезең бойынша 524 үміткер қатысып, соңғы нәтиженің орташа балы — 70,8 пайызды құрады. Ал ауданда арнайы сынама тесттің соңғы нәтижесінің орташа көрсеткіші — 85,1 пайыз.
Жуалы аудандық тест өткізу орны болып №1 мектеп-гимназия белгіленген. 10 аудитория, 8 ұялы байланыс сигналын тұншықтырғыш құрал, 3 металл іздегіш құрал (1 жиектемелі, 2 қолға ұсталатын), 13 тестілеу барысын бақылайтын бейкамералар және 1 видео тіркегіш техникалық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Қысқасы, аудан тестілеуге сақадай сай дайын отыр.


— Ауданда 10 жылдың бедерінде жөндеу көрмеген «Теріс-Сұрым-Бақалы-Бәйтерек» жолы бар. Бұл мәселе майшаммен қаралып келе жатқанына да біраз жыл болды. Айтыңызшы, аталмыш автожолдың түйіні қашан тарқатылады?
— Иә, аталған жол жыл сайын ағымды жөндеуден өткізіліп, жарамсыз күйге түсті.Жалпы ол жол 32 шақырымды құрайды. Биыл жолды орта жөндеуден өткізу үшін облыстық бюджеттен 753,0 миллион теңге қаралды. Қазіргі таңда 11 шақырымы толық аяқталып, қалған 21 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бұйыртса, жүргізушілер тақтайдай тегіс жолмен қатынайтын күн алыс емес.
— Жуалы ауданы елімізде «Жасыл экономика» бағдарламасын жүйелі жүзеге асырып жатқан алып елді мекендердің бірі саналады. Мұнда бірер жылдың бедерінде бірқатар жобалардың бойына жан үрленді. Осы бағыттағы жұмыстардың барысына бір тоқталып кетсеңіз…
— Өздеріңізге белгілі, 2015 жылдың шілде айында «Burnoe Solar-1» ЖШС-і 50 МгВ-ты құрайтын күн электр станциясы құрылысын іске қосқан болатын. Жоба құны 23,0 миллиард теңгені құрады. Қуаттылығы жылына 73 миллион. кВт/сағ. өнім өндіреді.
Ауданымызда 2018 жылдың шілде айында тағы да бір қуаттылығы 50 МгВ-ты құрайтын «Burnoe Solar-2» күн электр станциясының құрылыс» жобасы іске қосылды. Қуаттылығы жылына 73 миллион кВт/сағ. өнім шығаруға қауқарлы. Жоба құны 25,5 миллиард теңге. Аталған жобаның инвесторы «Самрук Казына-Юнайтед Грин» ЖШС-гі, ал қаржыландыру көзі «Европейский банк реконструкции и развития» (Лондон). Жалпы 100 МгВ-ты құрап отырған кәсіпорын жылына 6 миллиард 500 миллион теңгенің өнімін өндіреді.
Сонымен қатар «Қазгидрооперейтинг» ЖШС-гі «Көк сай» каналының бойынан қуаттылығы 18 мВт. құрайтын кіші су электр станциясының құрылысын салу үшін ауданның босалқы (запас) жерінен 10 жыл мерзімге өтеулі (жалдау) жер пайдалану құқығы ретінде 1,71 гектар жер телімі берілді. Жоба құны 5,2 миллиард теңге. Бүгінгі күні «Қазгидрооперейтинг» ЖШС-гімен ГЭС-тің 4 каскадын тұрғызу үшін іргетасын бекіту және бетондау жұмыстары жүргізілуде. Құрал жабдықтары толығымен жеткізілді. Шілде айында 2 каскад іске қосылады. Аталған кәсіпорын Ақсай каналының бойынан тағыда 12 мВт-ты құрайтын су электр станциясын салуды жоспарлап отыр.
Бұл өңірдегі «Жасыл экономика» белдеуінің көлемін арттыратыны анық. Сондықтан аталмыш жобалардың тынысы мен тіршілігі аудан әкімдігінің жіті назарында тұр.
— Бүгінде елімізде туризмнің түтінін тік ұшыруда аз жұмыстар жасалып жатқан жоқ. Бұл мақсатта Жуалы ауданында да ауыз толтырып айтарлықтай тіршілік баршылық. Бір ғана «Қаралма» тау шаңғы кешенінің құрылысы республика жұртшылығының назарын өзіне аударып отыр. Осы жұмыстарды тарқатып айтып берсеңіз…
— Жуалы ауданы, Билікөл ауылдық округіне қарасты Берікқара шатқалында «Жанұялық демалыс орталығы» жобасының құрылысы толықтай аяқталып, іске қосылды. Аталған жоба кәсіпкердің өз қаражатына тұрғызылды, жоба құны 750 миллион теңгені құрады. Сондай-ақ, аталған демалыс орталығы биылғы жылы 350,0 миллион теңгеге барлық санаттағы келушілерге арналған демалыс орнының құрылысын аяқтау жоспарда тұр.Аталған нысанда 300 орындық қонақ үй, бассейн және басқа да демалыс нысандары тұрғызылды.
Сонымен қатар ауданымызда қысқы спорт түрлеріне арналған «Қаралма» тау шаңғысы кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде, бүгінгі күнге тау-шаңғы базасына қажетті инфрақұрылым тарту жұмыстары аяқталып, 17 коттедждің іргетасы құйылып, кейбір коттедждің қабырғасы қаланған. Мұнда бір мезгілде 3000 адамға дейін қызмет көрсететін демалыс орталықтары бой көтереді. Жоба құны 3 355 миллион теңгені құрап отыр.
Бұдан бөлек, биыл Көксай шатқалынан жалпы құны 380,0 миллион теңгені құрайтын демалыс орталығының құрылысы басталады. Спорттық-туристік кешенде 180 орындық қонақ үй, спортзал, сауықтыру моншасы, киіз үйлер орналасады. Аталмыш нысандар ауданның ғана емес, облыс туризімін жаңа деңгейге көтереді деген үміттеміз.
— Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында ең басты мақсат әлеуметтің әлеуетін арттыру екенін баса айтты. Бұл орайда халықтың бос уақытын тиімді ұйымдастырудағы мәдениет үйлерінің алар орны ерек. Алайда Нұрлыкент, Көлбастау, Қайрат елді мекендерде мәдениет ғимараттарының жоқтығы байқалуда. Осы мәселе қалай шешімін таппақ?
— Жамбыл облысы бойынша елді мекендерді мәдениет нысандарымен қамту және олардың халыққа қызмет көрсету деңгейін арттыру картасына енгізілген 26 елді мекенде кезең-кезеңімен салынатын мәдениет нысандардың қатарына 2019-2021 жылдарға Жуалы ауданы бойынша 3 мәдениет ғимараты еніп отыр.
Жуалы ауданы Нұрлыкент ауылына 100 орындық мәдениет үйінің құрылысын жобалауға жергілікті бюджеттен 2000,0 мың теңге бөлініп, жобалау сметалық құжаттамасы 2018 жылдың 29 мамырда «Сатурн Lux» ЖШС-мен 1960,0 мың теңгеге әзірленді. Сараптамаға дейінгі сметалық құны 73,3 мың теңге. Бүгінгі күнге кешенді сараптамаға ұсынылды.
Ал Көлбастау, Қайрат ауылдарына 90 орындық мәдениет үйлерінің құрылысына жер көлемін анықтау, рәсімдеу, мемлекеттік актісін дайындау жұмыстары жүргізілуде. Жобалау сметалық құжаттарын жасатуға аудан бюджетнен 2 миллион теңге қаржы қарастырылып, конкурс жүргізілуде. Осы жобалау жұмыстары аяқталғаннан кейін, көп кешіктірілмей құрылыс та басталады.
— Еліміз бүгінде цифрлық дәуірге қарқынды көшуде. Бір ғана «Цирфлық Қазақстан» жобасы қаншама ауқымды бастамалардың бойына қан жүгіртті. Соның ішінде кітапханаларды цифрландыру жер-жерлерде жіті жүргізілуде. Айтыңызшы, ауданда бұл бағыт пен салада қандай серпін бар?
— Елді ауқымды әлеуметтік жаңғырту шеңберінде Мемлекет басшысы зияткерлік ақпаратқа қолжетімділіктің инновациялық нысандарын дамыту және Қазақ ұлттық электрондық кітапханасының қорын елеулі түрде кеңейту бойынша міндет қойғаны белгілі. Осы орайда 2020 жылға дейін елдің кітапхана қорларын 100 пайызға цифрландыруды қамтамасыз ету мақсатында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде 2 коворкинг және 5 цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашылды. Бұдан бөлек, биылғы жылға 9 елді мекеннен цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашу жоспарлануда. Тағы жағымды жаңалық, бүгінгі күнге 3 ауылдық кітапханадан цифрландырылған ақпараттық орталықтар құрылды. Ашылған орталықтардан egov.kz порталы арқылы 10нан астам қызмет түрлерін алуға болады.
Қазір тұрғындар тарапынан білім саласы бойынша «Kundelik.кz» сайтына кіріп жұмыс істеу, мүлікті сату, сатып алу келісім шарты, жұмыспен қамту бөліміне тіркелуге қажетті құжаттар қызметтерін алуға өтініштер білдіріліп отыр. Бір сөзбен айтқанда, халық қызмет түрлерін цифрлық жүйеде тұтынуды, әрі қолдануды түсінді. Енді тек осы бағыттағы жұмыстарды жандандыра беретін боламыз.
— Биылғы жылды Елбасы «Жастар жылы» деп бекіткені белгілі. Одан бөлек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл бастаманы қолдайтындығын, одан әрі жалғастыратынын айтты. Осы орайда, «Жастар жылы» аясында ауданда атқарылып жатқан жұмыстар легіне бір тоқталып кетсеңіз? Әсіресе, жастар кәсіпкерлігі мен оларды жұмыспен қамту бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
— «Жастар жылына» орай ауыл жастарын кәсіпкерлікке тарту мақсатында бірқатар шаралар қолға алынуда. Биылғы жылы облыс жастарының кәсіпкерлік бағытын дамыту аясында жаңа бизнес-идеаларды жергілікті елді мекендерде іске асыру мақсатында 324 миллион теңге қаралып отыр. Аталған қаражат облыс жастарына қайтарымсыз грант түрінде 3 миллион теңгеге дейін берілмек. Жуалы ауданын да бүгінгі күні тың жобаларды жинақтап, осы гранттан өз еншімізді алсақ деген ниет бар. Бүгінгі күні осы бағытта 11 жобамен жұмыс атқарылуда. Облысқа 4 жоба ұсынылып, 1 жоба оң қорытынды алып үлгерді.Сонымен қатар, аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 42 жасқа 505 мың теңгеден 21 миллион 210 мың теңге аудан жастарының шағын бизнес жобаларын жүзеге асыру аясында қайтарымсыз грант түрінде беріледі.
Ал «Жастар жылына» орай аудандағы жаңадан өз кәсіптерін бастаған жас кәсіпкерлерге қолдау-көмек ретінде аудан әкімдігінің гранттарын тағайындау жоспарда бар. Грант бірнеше номинация бойынша тапсырылатын болады. Негізінен тың идеяларға, ауданда алғаш жүзеге асырылып отырған кәсіп түрлеріне басымдық беріледі. Жеңімпаздарды арнайы қоғамдық ұйымдардың өкілдері енгізілген комиссия анықтайды.
Жыл басында облыс әкімдігі мен аудан әкімдіктері арасында бекітілген индикаторларға 990 (былтыр-880 адам) жасты жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда «Жұмыспен қамту орталығына» барлығы – 524 жас тіркелген болса, олардың тек 65-і ғана жұмыссыз ретінде тұр. Қалған жастар қоғамдық жұмысқа, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен, әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілсе, 52 жас — қысқа мерзімді кәсіптік оқуға, 40 жас — «Бастау» курсын оқыды. Жыл соңына дейін жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрған жастар толық жұмыспен қамтылады.
Сонымен қатар, 2019 жылдың сәуір айынан бастап 35 жас — «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 2 айлық қоғамдық жұмысқа тартылып отыр. Айлық жалақылары әр жасылелдікке 42500 теңге болды.
Жастар елдің ертеңі болғандықтан. Біз бүгінгі буынның мәселелері мен түйткілдерінің түйінін тарқатуда аянбай тер төгудеміз.
— Қазір өңір-өңірлерде қызу талқыланып, кейбір тұста тұрғындардың түсінбеушілігін тудырып жатқан мәселе – Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек екені белгілі. Дәл қазір аудан бойынша аталған көмек қанша отбасына тағайындалды?
— Иә, атаулы әлеуметтік көмекке қатысты қазір халық арасында түрлі түсінбеушіліктер туындап жатқаны рас. Алайда жергілікті билік жұртшылықпен жіті түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ағымдағы жылдың І- тоқсанында көмек алушы 1477 отбасындағы 7534 адамға 195293,0 мың теңге тағайындап, төледік. 1-ші сәуірден бүгінгі күнге мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек жаңартылған форматы бойынша 3191 алушы отбасындағы 14863 адамға 308179,0 мың теңгеден берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады.
— Ұлт көшбасшысы 2020 жылға дейін бұқаралық спортқа тартылған тұрғындардың санын 30 пайызға жеткізуді тапсырғаны белгілі. Межелі міндетті діттеу үшін шағын спорт алаңшаларының атқаратын рөлі ерек екені айтпаса да түсінікті. Айтыңызшы, Жуалы ауданында «Street Workout» алаңшаларымен қамтылмаған ауылдық округтерге қандай көмек көрсетілуде?
— Казіргі таңда Жуалы ауданында Б.Момышұлы, Қарасаз, Көкбастау, Ақтөбе, Шақпақ ата 5 ауылдық округінде «Street Workout» алаңшаларықолданысқа берілген. Ал қалған 8 ауылдық округте, яғни Қошқарата, Күреңбел, Боралдай, Ақсай, Мыңбұлақ, Қызыларық, Нұрлыкент, Жетітөбе ауылдарда жаңа оқу жылына дейін спорт алаңшалары салынып бітеді.
Бүгінде аудан тұрғындарының жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен айналысатын тұрғындардың үлесі29,4 пайызды құрауда.Бұл біздің Елбасы тапсырманы тиянақты орындап жатқанымызды айғақтап тұр. Әрине, бұған тоқмейілсімей жоспарлы жұмыстарымызды жыл соңына дейін жалғастыра береміз.
— Жан-жақты тарқатып айтып берген әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан — Саятхан Сатылғанов,
Жамбыл облысы