Жерді мемлекет меншігіне қайтару міндет

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте аймақтың осы жылдың сегіз айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы қаралды.

Облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиеваның айтуынша, биылғы жылдың бірінші тоқсанында жалпы өңірлік өнім 549 миллиард теңгені құрап, 1,4 пайызға артқан. Сондай-ақ, жедел деректер бойынша экономикалық өсім 104,8 пайызға айналған.

– Осы жылдың сегіз айында өнеркәсіп өнімінің өндірісі 6,7 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 24,8 пайызға, тұрғын үй 1,2 пайызға, сауда 2, байланыс 8,2 пайызға артып, ауыл шаруашылығы 3 пайызға, көлік қызметі 0,7 пайызға төмендеді.

Негізгі капиталға 268 миллиард теңге инвестиция тартылды. Ал, өнеркәсіп саласында 574,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, оң динамика сақталуда, – деген басқарма басшысы бірқатар көрсеткіштерде төмен нәтиже көрсеткен салалар мен аудандарды да атап өтті.

Басқосуда облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Батырхан Әкек осы жылдың бірінші қыркүйегіне облыс бюджетінің кірістері 390,2 миллиард теңгеге немесе 106,4 пайызға орындалғанын айтты. Сондай-ақ, ол облыс бойынша бюджеттік қаражаттар 99,7 пайызға игерілгенін жеткізді.

Облыс әкімі көрсеткіші төмен аудандар мен басқармалардың басшыларынан жауаптар алып, нақты міндеттер жүктеді.

Кеңес барысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге қатысты мәселелер де қаралды. Жер қатынастары басқармасының басшысы Ермек Карентаев жыл соңына дейін өңірдегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы 200 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару міндеті тұрғанын атап өтті.

Ербол Қарашөкеев бүгінге дейін 125,7 мың гектар жер (62,9 пайыз) қайтарылғанына назар аударып, жоспарды жыл соңына дейін орындау бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар берді.

Жиын қорытындысымен аймақ басшысы тиісті тұлғаларға бірқатар міндеттер жүктеп, өзінің орынбасарларына олардың орындалуын бақылауда ұстау керектігін баса айтты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.