«Жерді сатуға да, жалға беруге де болмайды», — дейді ақмолалықтардың көпшілігі

Жер реформасы жөніндегі комиссияның алғашқы көшпелі отырысы 3 маусымда Көкшетауда болды. Отырысқа ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары, Жер реформасы жөніндегі комиссияның төрағасы Б.Сағынтаев бастаған комиссия мүшелері және Ақмола облысының әкімі С.В.Кулагин бастаған облыс активтері, республикалық саяси партия өкілдері, жерге жанашыр, елінің ертеңіне алаңдаған ақсақалдар, азаматтар қатысты.

Жиынды кіріспе сөзбен ашқан комиссия төрағасы отырыстың мақсаты жайлы көпшілікке қысқа түсінік берді.

сағынтаев— Жер мәселесіне толғанбайтын қазақстандық болмауы тиіс. Бұл мәселе бәрімізге ортақ. Жер шетелдіктерге сатылған емес, сатылмайды. Бұл — мемлекеттің берік ұстанымы. Сондықтан жер мәселесінің осы бір жанды тұсын қайталай бермейік. Жер кодексіне өзгерістер енгізудің мақсаты — жерді дұрыс пайдаланып, ел игілігіне жарату. Осы өзгеріс халық арасына толқу туғызғанына байланысты Елбасы мораторий жариялады. Жерге реформа қажеттігі айқын болды. Біз жиналғанда дауласу үшін емес, ақылдасу үшін жиналамыз. Сондықтан мәселенің мәнісіне барып, нақты шешіп, кеңескен істің келелі болатынына көз жеткізіп, өнеге көрсеткеніміз жөн. Call-орталық құрылды. Жер туралы сайт ашылды. Орталыққа 6.5 ұсыныс түссе, оның 76 пайызы он сотық жер теліміне қатысты. Бүгінгі отырыста қаралатын екі мәселе бар. Олар: Ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға сату және шетел азаматтарына жалға беру. Баяндамадан соң өз ой-пікірлеріңізді ашық, бүкпесіз айтыңыздар. Ешкімді беттен қақпаймыз, ісіміз жемісті болсын! — деді төраға Б.Сағынтаев.

Өз кезегінде Ақмола облысы әкімінің орынбасары Қ.Отаров облыстағы жер мәселесі жайлы шағын баяндама жасап:

— Облыста жердің 7 санатын қамтыған 14 млн. 621 мың га жер бар. Бұдан ауыл шаруашылығына тиесілі 10,5 млн. га жердің 8 млн. немесе 77 пайызы мемлекеттік емес заңды тұлғаларға және шаруа қожалықтарға 2,5 млн. га немесе 23 пайызы берілген. Жекеменшікке берілгені — 82 мың га. Мәліметтерге сүйенсек, халықты толғандыратын негізгі мәселе — тұрғын үй салуға жер бөлу. Бұл өте күрделі болып тұр. Облыс бойынша 100 636 адам жер алу кезегінде тұрса, Астана іргесіндегі аудандар Аршалыда — 5996, Шортандыда — 5567, Целиноградта — 69147, Көкшетауда — 11748 адам бар. Үй салуға жер берілмеуінің негізгі себебі инфрақұрылымның жоқтығы және Астана қаласы маңында жер қорының болмауы, — деді. Негізгі баяндамалар тыңдалған соң, төраға Б.Сағынтаев қатысушыларға сөз берді.

Ауылдарды кооперативтерге біріктірсек қайтеді?

Тельман Мұқышев, Еңбек ардагері:

— Жер мәселесінен туындаған басқа аймақтарда болған келеңсіздіктерді болдырмау үшін облыстық «Ел бірлігі» қоғамы бас болып, ақсақалдар қостап, халыққа түсіндірме жұмысын жасадық. Облыс әкімі қолдады. Ол нәтижесін берді. Жер мәселесін осындай ушыққан дәрежеге жеткізбеу керек еді, енді дұрыс шешім шығарайық. Өз басым жерді сатуға, шетелдіктерге жалға беруге қарсымын. Ата-бабадан қалған жер халықтікі, келешек ұрпақтікі. Жер тұтас болсын!

Төлеген Әбдин, Ерейментау ауданының өкілі:

— Шетелдіктерге жер сатылмайды дегенді дұрыс қабылдап жатырмыз. Ал оларға жалға беру мәселесіне келсек, шетелден инвестиция тартқаннан гөрі өз азаматтарымызға жағдай жасаған жөн. Жермен жұмыс істеу үшін несие алу мақсатында талай есікті аштық, «комбаиндарың ескі, темір-терсек болып қалады, малың өліп қалады» деп, ешкім несие бермеді. Көмек берілсе, өз азаматтарымыз да жермен жұмыс істейді.

Кейбіреулер Алматыда жатып алып, Ерейментау ауданынан жер сатып алып, сол жерге мал жайғызбай жатыр. Ертең жолды жабады, тағысын-тағылар. Айтылған пікірлер ескеріліп, дұрыс шешім шығарылсын.

Қасымхан Құсайынов, облыстық «Ел бірлігі» қоғамының өкілі, экономика ғылымдарының докторы:

— Жекешелену кезінде ауылдағылардың бәрі жер иесі болды. Оны түрлі компания, фирмаларға берді. Кейбірі нәтижелі, кейбірі жерінен айырылып қалды. Бытыраңқы шаруашылықтарды Беларуссиядағыдай кооперативтерге біріктіру керек. Сол тиімді болады.

Жексенбай Қасқарбаев, «Бараев атындағы Шортанды астық шаруашылығы орталығы» серіктестігінің директоры:

— Тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде ауыл іргесі де жыртылды, мал жаятын жер қалмағаны рас. Егін шаруашылығын дамытуды үкімет қолдағаны жөн. Ұсақ қожалықтар, серіктестіктердің техникалары ескі. Тұқым себу кезінде ақсап жатамыз. Себу науқаны 8-10 күн болса, 15-20 күнге созылады. Егін түсімі азаяды және сапасы төмендейді.

Қиықов Мейрамбек, облыстық «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамының төрағасы, еңбек ардагері:

— Жердің тұтастығы маңызды. Жер сатылмауы керек, шетелдіктерге жалға да берілмеуі керек. Себебі улы тыңайтқыштар қолданған себепті көрші Ресейдің Қытайға берген жерлері жарамсыз болып жатыр. Демек, жердің сапасынан айырылып қалмау үшін шетелдіктерге көп жылға жалға беруге болмайды, ал жергілікті халыққа беруге болады деп есептеймін. Тіпті, шетелдіктерге жалға берілген күннің өзінде оны қатаң бақылау қажет.

Сансызбай Мұхитанов, Ақмола облыстық «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

— Нұрсұлтан Әбішұлы жердің шетелдіктерге сатылмайтынын шегелеп айтты. Біз мұны қуана қолдаймыз. Инвестор өз мүддесімен келетіні белгілі. Ол мейлінше өзі пайда тауып, капиталды шетке тасиды. Бұлардан қалған, қалжыраған жердің еңсесін қайта көтеру оңай шаруа емес. Жердің сапасы жөнінде әңгіме көп айтылып жатыр. Оны неге қатаң бақыламасқа? Бұл орайдағы тексеріске мораторийді тоқтатқан жөн деп санаймын. Сондай-ақ, жер қадірін білетін халқымыз жерді күте алмайды деген астамшылық болады. Өзіміздің мамандарымызға қолдау көрсету керек.

Дахан Шөкшірұлы, журналист:

— Қазақтың жері шетелде көздері жаудырап жүрген қазақтар үшін де өте маңызды. Олардың да қазақ жерінің бір пұшпағына иелік етуге құқы бар деп білемін. Сол ағайындар келсе, осы бос жатқан жерге ие болар еді. Бірақ Елбасының бастап берген көші тоқтап қалды. Себеп белгісіз, кедергі көп. Қазақ «Көш жүре түзеледі дейді», ал көші-қон түзелмей қойды. Жақсы идеямен, жақсы заң шықты. Орындау тетігінде кедергілер көп. Ішкі істер министрлігі тіркеу ережесін қиындатып жіберген. Жер мәселесіне шеттегі қандастар да қатты алаңдаулы. Ұсыныс, пікірлерін білдіріп жатыр. Өзбекстан, Қытай, Ресейде миллионнан астам қазақ жүр. Солар түгелімен келсе, осы жер бос қалмай игерілер еді. Шу шықпас еді. Шеттегі қазақтардың да көбі жер емшегін емгендер. Жер қадірін біледі. Жер жекешеленгенде келген ағайындарға көңілі дұрыс ауыл әкімдері жерден үлес берді. Қырын қарағаны бермеді. Берген жерді тиімді пайдаланып жүргені де, әркімге беріп, айырылып қалғаны да бар. Шеттен келген қазақтарға жер беруді заңға кіргізу қажет. Шетелге жалға бергенше, өз ағайынымызға жағдай жасап, соларға берген дұрыс. Шеттен келген ағайындардан комиссияда мүше болмауы да қынжылтып тұр.

Бақыт Смағұл, «Ақжол» республикалық партиясының өкілі, журналист:

— Егер шетел азаматына жерді берсек, ол біздің азаматшамен тұрмыс құрса, одан туған ұрпақ Қазақстан азаматы болады. Оның туыстары да біздің азаматымыз болады. Сонда 50-100 жылдан кейінгі ұрпақ не болады? Соны ойлайық. Сол кезде жер басқаның иелігіне өтпей ме? Ертеңгі күні жеріміз басқаның қанжығасында кетпесін. Азаматтық туралы заңда «шетел азаматтары азаматтық ала алады» дейді. Осыған сақ болайық.

Болат Жанәділов, Көкшетау қаласының құрметті азаматы, ардагер дәрігер:

— Қазақстан жерінің негізгі инвесторы — Қазақстан Үкіметі. Бізде көптеген жақсы бағдарламалар қабылданды. Өкінішке қарай, нәтиже шамалы. Бөлінген қыруар қаржы қайда қалды? Жердің қазіргі иесі кім? Қараусыз, арамшөп басып кеткен киелі жерімізді олардан неге қайтарып алмасқа? Ұсақ ұжымдарды біріктіріп, қуаттандырумен кім айналысады? Осыларды шешетін уақыт келді. Обал-сауап үшін құрылған комиссия бұл орайда нақты шешімдер қабылдап, тиісті орындарға ұсыныс жасайтынына сенемін.

Айдос Сарым, комиссия мүшесі, саясаткер:

АЙДОС САРЫМ— Комиссия құрамынан бір-екі азамат шығып кетті. Келмей жүргендер де бар. Сол бос орындарды толтыру керек. Жаңа шеттен келген ағайындардан мүше болса деп айтылды, соны ескерейік. Жер мәселесінің ішінде көпшілікті толғандырып отырған мәселелердің бірі — үй салу үшін берілетін он сотық жер. Осы мәселені де тиянақты шешу керек. Митингіге шыққандарды қаралаудың керегі жоқ. Оны түсіну керек. Бүгінгі сөйлегендер жақсы пікірлер айтып жатыр. Әлі де жақсы пікір, ұсыныс айтылатынына сенімдімін.

 

 

 

Комиссия мүшесі, саясаткер Мұхтар Тайжан  сөзін Ақмола облысының әкімі С.Кулагинге сұрақ қоюдан бастады:

— Сергей Витальевич, сіздің және туған-туыстарыңыз-дың атында қанша жер телімдеріңіз бар, соны толық айтсаңыз.

Бұл сұраққа С. Кулагин «80 мың гектар жерім бар» деп жауап берді.

А.Күрішбаев, комиссияның Экономика бойынша жұмыс тобының жетекшісі:

күрішбаев— Қазір біз жерлеріміздің сапасын білмей, жер реформасын жүзеге асыруға асығып отырмыз. Оның үстіне, біздің шаруашылықтарымыздың жартысының төлқұжаттары жоқ. Осыған мониторинг жүргізу бойынша үлкен жұмыстар өткізуіміз керек. Бұл мәселе бақылауға байланысты. Қазақстанда 100 млн. га жер болса, республика бойынша 200 жер инспекторы бар. Ақмола облысында 12 жер инспекторы бар, тым аз, олар не істей алады? Жер инспекциясы мәселесін тыңғылықты ету керек. Жайылымдық жерлерді әр елді мекеннің өркеніне, мал санына қарай жайылым көлемін белгілеген дұрыс.

Жер реформасы жөніндегі комиссияның көшпелі отырысын ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев қорытындылады:

— Осында айтылған сауал ескерусіз қалмайды. Олардың бәрін бір жүйеге келтіріп, бағыттары бойынша қарайтын боламыз. Ашық әңгіме болды. Отырыс төрт сағатқа созылды, қырықтан астам адам сөз сөйледі. Селекторлық режимде облыстың барлық аудандарын қостық. Аудандарда да ниет білдіргендер өз пікірлерін айтты. Отырысқа барлығы 250-ден астам адам қатысты. Өңірлердегі адамдардың сауал-ұсыныстарын тыңдағанда барша халықты мазалайтын жерден бөлек өзге де көптеген сұрақтар бар екенін байқадық. Негізінен, бұлар әлеуметтік салаға, ауыл инфрақұрылымына қатысты жеке сұрақтар. Олар қала тұрғындары үшін түсініксіз болуы мүмкін, бірақ ауыл тұрғындары үшін бұл бірінші кезекте тұрған мәселелер. Біздің міндетіміз — барлық ұсыныстар мен пікірлерді халыққа жеткізу.

1111

Түйін: Екі сағатқа жобаланған отырыс төрт сағаттан астам уақытқа созылды. Жерді сату, жалға беру жайында да әр алуан пікір болды. Жерді мүлде сатуға, шетелдіктерге жалға беруге болмайды деген пікір басым болды. Көптеген дәлел, пікір айтылды. Жердің игерілмеуі тек шаруалардың кінәсі емес. Шаруа техникаға, қаржыға тапшы. Бұрын да, қазір де жыл сайын ауылға қаржы бөлінеді. Нәтиже шамалы. Қаржы талапайға түсіп, ауылға жеткенше жартысы жымқырылады. Ал кінәлі табылмайды. Миллиардтаған бюджет қаржысы игерілмей қалады. Осыларды неге тиімді етпейміз? Жердің бәрін жекеге бере салу қаншалықты тиімді? Оңтүстіктен солтүтікке ел көшіп жатыр, бұл да дұрыс мәселе. Болашағы жоқ деп жабылып жатқан, жабылудың алдында тұрған ауылдарды құтқару қажет. Бұл ауылдар тұрғыны аз, мектептегі бала саны жетпегендіктен жабылып жатыр. Бұл солтүстік, шығыс өңірлерде ғана. Бұл ауылдарды шеттегі қандастарды әкелу, халық көп шоғырланған оңтүстіктен халықты көшіру арқылы толтыруға болмас па? Халық пен үкімет бір-біріне құлақ қойып, ынтымақтасып жұмыс істесе, бітпейтін іс, аспайтын асу, жетпейтін жетістік жоқ.

Дахан Шөкшірұлы