Жерді заңсыз иемденген кәсіпкерді кім жөнге салады?

Бүгінде жерді заңды пайдалану мен қорғалуын бақылау басты міндеттердің бірі. Алайда кейбір кәсіпкерлер қалаған жерін қоршап, мемлекеттік жерді меншігіне айналдырып алуда. Оған дәлел, Тараз қаласы Жамбыл даңғылы №123 «М» мекенжайындағы «Престиж» қоғамдық моншасының иесі кондоминиумға кіретін жер телімінен рұқсат құжатсыз автотұрақ ашпақ болып балалар ойнайтын аула алаңшасын қиратуда. Осылайша заңды белден басқан кәсіпкер жерге қатысты бірде-бір заңға пысқырмауда.

Мұндай заңсыздықты естіген бойы бірден оқиға орнына жетіп, «Престиж» моншасының иесіне іздеу салдық. Монша қызметкерлері журналист екенімізді естігенде жердің барлық құжаты заңдасқан деп шыж-быж болды. Алайда моншаның басшысымын деп өзін таныстырып жатқан бір пенде жоқ. Тек, белгісіз біреулер  №9 үй тұрғындарының қолы қойылған бір жапырақ қағазды көрсетіп, ақталуда. Жиналғандардан мардымды жауап ести  алмағаннан кейін амал жоқ Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөліміне хабарластық. Бөлім басшысының орынбасары Айдар Молдабаев құжаттарды көтеріп, қарап шығуға уақыт беруімізді өтінді. Осы тұста тағы бір көлік жанымызға тоқтап, одан түскен белгісіз  әйел бізді сұрақтың астына алып, дікеңдей түсті. Жөнімізді айтып, тілшілігіміз бен тіршілігімізді түсіндірдік. Алайда өзін таныстырудан бас тартқан әлгі азаматша: «Бұл жердің құжаттарымен мен айналысып жатырмын. Тараз қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінде жұмыс істеймін. Мұнда барлығы заңды» деп, әңгіме ауанын өзгертті. Белгісіз біреудің бұлайша бұлқынғанын көргеннен кейін, амал жоқ тағы  қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөліміне хабарласып, мән-жайды сұрадық. 

Әлгі әйелмен телефон арқылы тілдесіп болған соң, бөлім басшысының орынбасары Айдар Молдабаев ондай адамның қалалық бөлімде жұмыс жасамайтындығын айтып, бізге алаяқтың ісін әшкере етті. Бұдан кейін бастапқыда бұлқынып отырған «дөкей» апайымыздың мысы басылып, бөтен мекеменің атын жамылған заңсыз әрекетін түсіндіріп беруден бас тартты. Және жұлқынған бойы монша ішіне кіріп, қайта шықпай қойды. Алайда, кейіннен білгеніміз, «әртіс» әкпеміз монша иесі Әлия Нұрмаханбетованың танысы екен. Құрбысымен бірге ілесіп келген әлгі әйел  «қазір журналистердің жанын аламын!» деп сендіріп  келген сыңайлы.  Алайда  бөтен мекеменің атын жамылған ол өзінің қылығы  қылмыстық жауапкершілікпен жаза­лана­тынын  кейін түсінгендей.

img_0130

Қош, сонымен,  елден сұрастыра жүріп, «Престиж» моншасының  иесін таптық. Алайда, Әлия Ыдырысқызы өзін моншаның  қожайыны ретінде мойындамай, қызыққа батырды. Бірақ, «жердің құжаттары заңды» деп алдымызда ақталған ол  өтірікті өлшемей соқты.

Құрылыс басында тұрғанымызда бұл ақпаратты қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Айдар Молдабаев та растады.  Оның айтуынша, автотұрақ құрылысы жүрген жердің құжаты бөлімде мүлде тіркелмеген  екен. Және өзге де құзырлы мекемелердің алдынан өтпепті. Осылайша кәсіпкердің жерді заңсыз пайдаланып жатқанын әшкере еткен  Айдар Тойлыбекұлы мекеме тарапынан арнайы комиссия құрып,  бұл мәселені тексеретіндіктерін айтты.

Осындай ақпарат қолымызға тигеннен кейін монша қожайындары «Құжаттарды  енді жасап жатыр едік. Бұзылған аула алаңшасын бір түнде қалпына келтіріп береміз. Ауланы таза ұстап, автотұраққа үй тұрғындары да көлік қоюларына мүмкіндік жасаймыз» деп еріксіз езуімізді тартқызды.

Жалпы бұл осыдан бір жеті бұрын болған оқиға болатын. Содан бері кәсіпкер Әлия Нұрмаханбетова  қираған аула алаңшасын қайта қалпына келтіріп, түк болмағандай етіп қойыпты. Бірақ, жердің заңсыз пайдаланғаны тайға таңба басқандай көрініп тұр. Және автотұрақтың құрылысы бірде-бір құзырлы мекемемен келісілмей жүргізілген. Сонда көрінген кәсіпкер өзіне қажетті жерді қоршап алып, нысан құрылысын жүргізе беретін болса, қалалық жерге жауапты мекемелердің қажеті қанша?  Әрқайсымыз өз үлесімізді бөліп алып, үйіміздің айналасына білгенімізді істей бермейміз бе?

Осы сауалмен арнайы комиссия құрып тексеруге уәде еткен қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөліміне осы аптада  хабарластық. Айдар Тойлыбекұлынан білгеніміз олар бұл мәселені қала әкімдігінің жер қатынастар бөліміне арнайы хатпен жолдапты. Хат мәтінінде:

«Тараз қаласы, Жамбыл даңғылы №123 «М» мекенжайындағы қоғамдық моншаның иесі Алия Идрисовна Нұрмаханбетова қазіргі кезде кондоминиумға кіретін жер телімінің бөлігінде рұқсат құжатсыз, кондоминиум мүшелерінің толық келісімін алмай, автотұрақ құрылысын жүргізуде. Сол себептен сізден жоғарыда аталғанның негізінде өз тараптарыңыздан заң аясында шара қолдану үшін Жамбыл облысы әкімдігінің жерлерді пайдалану мен қорғалуын бақылау басқармасы коммуналдық мемлекеттік мекемесіне хат жазуыңызды сұранамыз» делінген.

Хат мәтінімен танысқан бойы жер қатынастар бөлімінің басшысы Бақытжан Сүгірбековке хабарласып, қандай тексерулер  жүргенін сұрадық. Алайда бөлім басшысы хат қолына енді тиіп отырғанын айтып, осы аптада құзырлы мекемеге хабар беріп,мамандар тексеріс жүргізетіндігіне уәде етті. 

Осылайша  бір жеті бұрын анықталған заң бұзушылықты мамандар енді тексергелі  жатыр. Және тағы бір қызықты тұсы, онсызда белгілі болып тұрған заң бұзушылықты көре тұра, құзырлы мамандар бір-біріне хат жазып, немқұрайдылық танытуда. Осындайда «қойшы көп болса, қой арам өледі» деген қазақ мақалы еріксіз еске түседі екен. Әйтеуір, жауапты мекеме мамандары қызметінде қалқымай, «өзім білемге» салған  кәсіпкерді жөнге салады  деп сенейік. Және мұндай фактілер қала көлемінде әлі қанша барын бір Құдай біледі? Сондықтан, бұл іске Тараз қалалық прокуратурасы араласпаса болмайтын секілді…

Саятхан САТЫЛҒАНОВ,

Жамбыл облысы