Жерді жалға берсең, ертең Отансыз қаласың
Кез келген ұлттың, халықтың елдігін айғақтайтын ең басты атрибуттар — оны басқа алыс-жақын мемлекеттерден іргесін бөліп тұратын, шекара межесімен белгіленген террриториясының, ана сүтімен бойына сіңген тілінің және басқа жұртқа ұқсамайтын, оларды қайталамайтын ғажайып салт-дәстүрінің болуы екені кәміл. Бұл қағидат сан ғасырлар бойы тәуелсіздігі үшін күресіп келген қазақ халқына да тән. Мәселеге осы қырынан келсек, қазақ өміріндегі ең өзекті мәселе: «Жер дауы мен жесір дауы» болғаны әлімсақтан белгілі жайт. Сан ғасырлар бойы көшпелі өмір сүрген ер қазақ бір сүйем жерін жатқа бермей, қажет болса сол жолда басын өлімге тігіп, бойынан бес қаруын тастамай, белдеуден жорық атын кетірмей ғұмыр кешкен ғой. Соншама азапты тағдырды басынан өткерген бұрынғы ата-бабаларымыз әлгі жерді басқаға сатуға иә жалға беру үшін сақтап қалған жоқ қой. Тәуелсіздік алдық деп бөркімізді аспанға атқан қазіргі күні жер тағдыры көкпарға түсіп тұрған жайы бар. Мәселен, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің уәжіне сенсек: «Жер сату — әлемдік тәжірибеге, экономиканың сан қатпарлы талаптарына толықтай сай», — екен-мыс. Ал, тарих тағылымына жүгінсек, әлемдік тәжірибеде жерін саудаға салған елдің оңғаны жоқ. Кез келген ұлттық мемлекет жерін сатса болмаса оны ұзақ жылға шетелге жалға берсе, онда сол ел әлгі жерінен ерте ме, кеш пе, әйтуір бір кезде міндетті түрде айырылып, айдалада қаңғып қалады иә ұлт ретінде тарих сахнасынан кетері даусыз. Оған тарих шежіресінен сандаған мысалдарды келтіруге болады.
Әріге бармай-ақ, анау Палестина мен Күрдістан халқының отансыз қалуы жерді жалға беруден басталғанын мысал ретінде келтірсек те жеткілікті. Мәселен, экономикасы шатқаяқтап, тіршілігінің іргетасы шайқалған Күрдістан мемлекеті бір кездері амалдың жоқтығынан жерін кепілдікке қойып, сырттан қарызға көптеп ақша алған еді. Қарызын уақтылы қайтара алмағандықтан, оның жерін Ұлыбритания, Франция және Түркия өзара бөлісіп алып, Күрдістан елі мемлекет ретінде тарих картасынан жойылып тынған. Әлемдегі жерсіз, мемлекетсіз қалған саны көп халықтың бірі — курдтердің күллі әлем бойынша саны 40 миллион шамасында. Жерін кепілдікке қойып, қарыз алып, ақыр соңында өзінің мемлекеттігінен айрылып, шілдің қиындай шашырап, қаңғып қалған күрдтер үшін ауыр қасірет болған мұндай оқиға Палестина тарихында да қайталанған. Палестина мемлекеті де кезінде жер сатуды парламент талқысына шығарып, жерді шетелдіктерге сату жайлы заң қабылдаған-ды. Сол заңның негізінде олардың жерінің бір үлкен бөлігін еврейлер сатып алып, сол аймаққа қазіргі Израиль мемлекетін құрды. Сионистер ақшаға құныққан арабтардың басқа да жерін көтерме бағамен сатып алуын үдете түсті. Қазіргі күні қолындағы барынан айырылған Палестина үкіметі еврейлерге жер сатқандарға өлім жазасын кесетін үкім шығарып қойғанымен, болар іс болып, бояуы сіңген соң, одан не қайыр, не үміт?
Тарихтан сабақ алмаған елдер ақыры бармақтарын шайнап, зор өкінішке қалары кәміл. Оған бір кездері қысылтаяң шақта Қытайдан қарыз алып, оны дер кезінде қайтара алмағандықтан ақыры аспан асты еліне Таулы Бадахшанды беріп жіберген Тәжікстанды, ақ патша кезінде елді сыртынан билеп-төстеп келген қазақтың бай-шонжарлары Ресейге кедей-кепшіктің күнкөріс көзі саналатын жайлауларды жалға беріп жіберіп, сол жерлердің артынан қазақ жұртына кері қайтпай қалғанын, бағзы күндерде Алясканы АҚШ-қа 100 жылға жалға беріп, ақырында ол жерден түбегейлі айырылған Ресейді, жекеменшік жерлерін банктерге кепілдікке қойып, несие алып, артынан оны қайтара алмай әлгі жерлерінен айырылып тынған татар мен башқұрт жұртын мысалға келтіруге болар еді. Осы келтірілген мысалдарды ой елегінен өткізсек, жерді жалға берген, сатқан иә кепілдікке қойған елдердің ешқайсысы жерін кері қайтарып ала алмағанын байқар едік. Басқасын былай қойғанда, шығысымыздағы көршіміз Қытай экспансиясынан іш жиған жөн. Себебі, аспан асты еліне қара құмырсқадай қаптаған халқын асырау үшін, экономикасын алға дамыту үшін ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын жер керек.
Қытай тарихына зер салсақ, бұл ел сыртқы жұртты ешқашан қару, күш қолданумен жаулап алмаған. Ол қазіргі күні қара құрлық Африканың басты спонсоры болып отыр. Бейжің билігі қол жайып несие сұрап келген елдің бірінің меселін қайтармайды, қолына қаражатын қыстырып, арқасынан сылап-сипап шығарып салады. Бірақ, беріп жатқан қарыздардың күндердің бір күнінде қайтарылуы керек екенін де ұмытпаған жөн. Бейжің қаржыдан таршылық көрсе, кез келген уақытта берген қаржысын кері қайтаруды талап етуі әбден мүмкін. Қайтара алмағандарға: «Жарайды, қарызды ақшамен емес, жер телімімен қайтарсаң да болады»,— деп, қасақана «кеңпейілдік» көрсетуі мүмкін. Осылайша, кез келген елдің, соның ішінде біз де бармыз, амалсыздан жер телімінен айырылып қалу қаупі зор екенін жоққа шығаруға әсте болмайды десек, артық айтқандық болмайды.
Ендеше, қазіргі қолданыстағы «Жер кодексінің» бірқатар баптарына өзгерістер енгізу қажет тәрізді. Атап айтқанда, 6-бабтың 6-тармағына; 23-баптың 4-тармағына; 24-бабына. Бұларда жер құқығы қатынастарында шетелдік тұлғалардың Қазақстан Республикасы азаматтарымен және заңды тұлғаларымен тең құқықтарды пайдалана алатындығы туралы айтылған. Біз шетелдіктер жер мәселесінде республиканың байырғы ұлт өкілдері — қазақтармен бірдей тең құқықты пайдалана алмайды деген пікірдеміз. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын жер де, шекара аймағында орналасқан территориямыз да осы жер телімдерінің жарғылық қорында шетелдіктердің 1 пайыз үлесі болса да, шетелдіктермен және азаматтығы жоқ адамдармен аралас некеде тұрған Қазақстан азаматтарына (азаматшаларына) жер сатылмайды және жалға берілмейді деп ашық жазылуы керек сияқты. Заң мәтіні бұйрық райлы етістіктің екінші жағында нақтыланып жазылуы тиіс. Өйтпейінше, заң мәтініне «мүмкін» деген бір сөз қосылса болғаны, онда үй ішінен үй тігетіндер, яғни оны өз мақсатына бұрмалап алатындар табылары сөзсіз. Заң мойындалуымен тұрақты, орындалуымен қуатты болмайынша, жер дауының соңына нүкте қойыларына сенім аз. Ендеше, ойланайық, ағайын!