Жерге үш рет түкір». Қазақ неге балаға қарап мақтау сөз айтпаған?
Әкесі тірі бала бас мүжімеген
Қазақта әкесі тірі балаға малдың басын мүжітпеген. Әйтпесе, әкесі өледі деп қорыққан. «Бала бас мүжісе, әкесі өледі деп айтқан. Мұның түбі неде? Яғни әкесі өлгендей, ұстанған жолдан, салттан айырылады деген сөз. Себебі қазақтың кәделі асында бас табақта малдың басын тартады. Сондықтан бас кәдәлі болғандықтан, бала әдеп сақтасын, басқа жармаспасын, әкесінің алдына шықпасын деген. Үйдің басы, қожайыны әке болған қашаннан. Әке мен бала арасындағы жарастық жойылмасын деген сияқты салтты сақтау үшін «әкесі тірі бала мас мүжімейді» деп тыйым салған», — дейді этнограф. Маманның сөзінше, бала «бас мүжісем, әкемнен айырылуым мүмкін» деп қорқып, сол салтты сақтаған. «Бұл бала үшін сәл қорқынышты болғанымен, ол әкесін сыйлауға, тілін алуға, ақыл-кеңесін тыңдауға үйретеді. Осындай мақсатта қазақтың барлық ырымында нақты тыйым, шектеулер бар», — дейді ол.
Баланың төбесінен ұстамаған
Болат Бопайұлының сөзінше, балаға қатысты ырым көп. Оның бәрінде ырымды орындамаса, арты қайғылы болады деп сенген. «Жаңа туған шақалақтың былқылдап тұрған төбесін баспайды дейді. Оны басса, бала бақытынан айырылады деп сенген. Себебі жаңа туған шақалық қырық күнге дейін өмір мен өлімнің ортасында болады дейді. Сондықтан бала қарақұлақтанып, шекесі қатқанға дейін оның төбесін ұстатпаған. Осындай тыйым салу арқылы қазақ сәбидің өмірін, денсаулығын, қауіпсіздігін қорғай білген», — дейді ол. Этнографтың айтуынша, мұндай ырымның түбінде жақсы дүниелер жатады. Баланың төбесінен басса, оған қауіп-қатер төнеді деп сенген. Сондықтан мұны естіген адамдар сәбиді төбесінен баспаған екен.
Балаға қарап тамсануға тыйым салған
Маман қазақ халқының тіл мен көзден қатты сақтанғанын айтады. Сол үшін баланы мақтап, тамсануға да тыйым салған екен. «Сәбиді көрген адамға «Ол не деген сұлу, керемет, періштедей, ай мен күндей екен» деп айтқызбайды. Себебі шақалаққа тіл мен көз тиеді, сұқ қаралады деп қорыққан. Қазаққа ислам діні келмес бұрын да халқымыз баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жас балаға таңғалатын, тамсанатын сөздер айтпаған. Біреу мақтау сөз айтып қойса, «Жерге үш рет түкір, тілім тасқа деп айт» деген. Қазақтар сәбиге тіл мен көздің ауыр тиетінін ерте кезден білген, — дейді ол. Ол «тілінде мең болатын» адамдар туралы баяндады. «Тыйым арқылы баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған. Кей адамның тілінде, көзінде қара мең болады дейді. Сондай адамдардың сөзі мен көзі бала түгілі, ересек адамдар мен малдарға да қатты тиеді деп сенген. Олар таңданса, адам ауырып, мал өліп қалады деп қорыққан. Егер таңданып, кейін түкірмесе, қауіп өз басына келеді деп үрейлендірген», — дейді Болат Бопайұлы.
«Тыйыммен жақсылыққа үйреткен»
Маманның сөзінше, қазақ бос бесікті тербетуден де үйренленген. «Қазақта «Бос бесікті тербетпейді» дейді. Шынынды, бұл жаман ырымдардың бірі. Адам бос бесікті тербетсе, үрейлі нәрсе болады деп ырымдаған. Бұл баласы жоқ, ұрпағы жоқ адамның бейнесін еске түсіреді деп ойлаған», — дейді ол. Болат Бопайұлы қазақтың «жаман болады» деген сөзінің артында үлкен ұғым жатқанын айтады. «Адам жақсылыққа келуі үшін қазақ ырымдарының түпкі тамыры, мәні тереңде жатады. Түрлі тыйымдардан кейін мида қорқыныш сезімі пайда болады да, адамды жақсы жолда жүруге, жақсы іс істеуге баулып отырады. «Көк шөпті жұлма, көктей ұрыласың», «Жұмыртқаны шақпа, бетіңе секпіл түседі» дейді. Содан оны естіген бала көк шөпті жұлмайды, жұмыртқаны сындырмайды. Қазақ бір ғана ырыммен, тыйыммен тек жақсылыққа үйретіп отырған», — дейді ол.
Этнограф Болат Бопайұлы