Жергілікті полиция қызметі халық көңілінен шыға ма?
Халықтың қамсыз өмір сүруі үшін ішкі істер органдары тәулік бойы жауапты да ауыр міндетті қатар атқарады. Өз саласында жан алысып, жан берісуге дайын полиция қызметкерлерінің қызметтік жұмысында бастысы абырой деген ұғым қай кезде де бірінші орында. Соның ішінде, жол қауіпсіздігі мен мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру, қылмыстық жазалар мен құқықтық тәртіпті жетілдіру мәселесін қамтамасыз ету де оларға жүктелген зор міндет.
Өткен жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті полиция қызметінің жұмысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына түзетулер енгізілген болатын. Негізінен, бұл заң мемлекет басшысының Ұлт жоспары — бес институционалдық реформасын іске асыру жөніндегі 100 нақты қадамының 30-31-қадамдарын орындауға бағытталған. Сол себепті қылмыстық ісәрекеттерді ашу, оқыс оқиғалар мен жазықсыз зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету, жедел іздестіру қызметін жүргізу мен ақпараттық қауіпсіздік талаптарының сақталуын жүзеге асыру да осы сала мамандарына артылған зіл батпан жүк. Мемлекет басшысы Жолдауда: «Ел азаматтары полиция қызметкерлерін өздерінің қорғаушысы ретінде танып, өз қауіпсіздіктерін сезінуі тиіс», — деген болатын. Ал бүтін бір мемлекеттің амандығын сақтай отырып, қиындықта қайыспайтын, қатерден қорықпайтын полиция қызметкерлері тек құрмет пен алғысқа ғана лайық. Өйткені қажырқайрат пен төзімділік, шапшаңдық сынды қасиеттерді бойына сіңірген олар кәсіби деңгейде шыңдалып, қалың бұқара халықтың сеніміне ие болуы үшін тәуліктің әр сағатында нәтижелі жұмыс жүргізуге асығады. Бұл ретте Алматы қаласы жергілікті полиция қызметінің атқарып жатқан жұмысымен танысу үшін полиция подполковнигі Жасұлан Құдайбергенұлымен тілдескен едік.
— Жасұлан мырза, аса жауапты қызметті атқару да оңай емес. Мемлекет басшысы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы 30қадамды орындау үшін ішкі істер органдары қызметкерлеріне зор міндет жүктеген болатын. Бүгінде реформа аясында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Кеңінен тоқталсаңыз.
— Өздеріңіз білетіндей, 2015 жылғы 2 қарашада «Қазақстан Республикасының жергілікті полиция қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойылды. Мемлекет басшысы ұсынған бес институционалдық реформа аясында Ұлт жоспарының 30-қадамын жүйелі орындау, республикамыздың әр өңірінің ішкі істер органдарына міндеттелген тапсырма екендігін де жақсы білесіздер.
2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жаңа құқық қорғау институты мен жергілікті полиция қызметі өз жұмысын бастаған болатын. Айта кетейін, полиция қызметі ең алдымен, темірдей тәртіпті қадағалап, ел тыныштығы үшін күреседі. Дәл осы қағиданы берік ұстанатын қаламыздың полиция қызметкерлері көшедегі қылмыстардың азаюы мен әкімшілік құқықбұзушылықтың алдын алу жолын оңтайландырды деп нық айта аламын. Мәселен, көлік апаты салдарынан зардап шеккендердің саны 0,04 %-ға (4800-ден 4798ге дейін) азайды. Жол апатына алып келетін жол жүру ережесін бұзатындарды анықтау жұмыстары ұдайы түрде жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің қатаң бақылауында. Дей тұрғанмен, мұнымен қылмыстың барлығы шектеліп қалмасы анық. Әйтсе де, оны азайту мен қылмыстық іс-әрекеттің алдын алу жолын қарастыру — біздің басты міндетіміз.
Осы жылдың 9 айлық есеп көрсеткіші бойынша қаламызда жол жүру ережелерін бұзу 18,6 %ды көрсетіп отыр. Олардың ішінде мас күйде көлік жүргізгендер 0,1 % (1632-ден 1634-ке дейін), қарсы бағытқа шыққандар 14,4 % (395-тен 452-ге дейін) құрады. Ал әкімшілік жауапкершілікке тартылған жүргізушілер саны 255602ге жетті. 3079-ы жүргізуші құқығынан айырылса, әкімшілік тұтқындау жазасы 82 жүргізушіге қолданылды. Жалпы көлемі 2 млрд. 36 млн. 50 мың теңгеге дейін айыппұл салынды. Сонымен қатар, жол-көлік апаттарын болдырмау мақсатында ағымдағы жылы жол қауіпсіздік бағытында «Автобус», «Нөмірлік белгі», «Қауіпсіз жол», «Қарсы бағыт», «Жаяу жүргінші», «Жаяу жүргіншілерге арналған жол», «Мүгедек тұрағы», «ЖЖЕ бұзу дөрекі кемшіліктерінің алдын алу» ісшаралары атқарылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бүгінде қызметкерлеріміздің әрқайсысы өзіне жүктелген міндетті жүйелі түрде атқаруда. Қабылданған заңнаманың нәтижесінде, Алматы қаласының жасөспірімдері арасында жасалған қылмыс тұрақты түрде 4,3% (162-ден 155-ке дейін) төмендеді. Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс 47,5%ға кеміді. Сондай-ақ, «Демалыс», «Балалар түнгі қалада», «Жасөспірімге арналған заң» сынды тағы да көптеген 13 жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп, криминалды ахуалды аумақтарда жергілікті тау-кен істері бойынша тергеу жұмыстары жүргізілді. Осы бағытта «Қауіпсіз аула» принципі бойынша жұмыс атқарылып, тұрғын үйлер мен подъездерде темір, кодты есіктер орнату бойынша көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізілді. «Қауіпсіз аула» принципі бойынша 5311 көп қабатты үйлерде, 4348 үй ауласында, тағы 22 819 бейнебақылау камералары орнатылды. Алматы қаласының ІІД ЖПҚ балансында 600 бірлік «Falcon eyes vision PPC-120» атты алып жүретін бейне тіркеушілер және 316 бірлік «Best DVR» мобильді тіркеушілер бар. Бейне тіркеушілерден ақпаратты түсіріп, жинақтайтын 6 терминал бар, олар Алматы қаласының ІІД ЖПҚ ЖППП қызметтік бөлімінде орналасқан.
Саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен және азаматтармен жүргізілген акциялардың көбеюіне қарамастан, қалада қоғамдық-саяси ахуал тұрақты екендігі көңіл қуантады. Себебі жыл басынан бері Алматы қаласында 43 акция жүргізіліп, оған 1232 адам қатысқан еді. Өткізілген шаралардың барлығы дерлік өз жемісін беруде. Мұнымен қоса барлық құқыққа қарсы келетін іс-әрекеттер дереу ІІД ЖПҚ қызметкерлерінің арқасында, кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Нәтиже жаман емес.
— Дегенмен Жасұлан мырза, ішкі істер органдары қызметкерлерінің еңбегі еленетін, халықтың сенімі мен құрметіне бөленетін сәт, қылмысты дер кезінде ашып, профилактикалық шараларды жүргізгенде жүзеге асатындығы белгілі… Ел сенімінен қаншалықты шығып жүрсіздер?
— Орынды сауал. Шынында да полиция қызметінің жасаған жұмысы көрінетін уақыт, кез келген орын алған қылмысты дер кезінде анықтау, ашу, шара қолдану екендігін білесіздер. Осыған дейін атқарылып жатқан жұмыстар легі жаман емес. Алматы қаласы тұрғындарының қауіпсіздігі еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда әлдеқайда тыныш. Тәуліктің әр сағатында тынымсыз еңбектеніп жатқан тәртіп сақшыларының жұмысын зор мақтанышпен айта аламын. Қауіп-қатер төніп тұрғанына қарамастан, адам жанын арашалап қалуды, елдің тыныштығын бұзғандарды дереу қолға түсіруді мақсат тұтқан полиция қызметкерлері қашан да өлім мен өмірдің арасында жүреді. Тіпті, кеудесін оққа тосып, мертіккендері қаншама?! Республикамыздың барлық ішкі істер органдары мемлекет басшысы міндеттеген тапсырманы жүзеге асыру үшін тынымсыз еңбек етіп жатыр… Ұлт жоспарының 30-қадамын жүзеге асыруда полиция қызметкерлеріне зор міндет жүктелді. Атқарған жұмысына байланысты елдің сенімін алады, құрметіне бөленеді. Бастысы, өзіне жүктелген тапсырманы соңына дейін жеткізіп, нәтижелі жұмыс атқаруы деп ойлаймын. Қылмыстың ашу деңгейі бойынша ағымдағы жылы күні бүгінге дейін учаскелік полиция инспекторларымен 5063 (2015 жылы 4088) қылмыс ашылса, бөлімше қызметкерлері 30 қылмысты ашуға қатысты. Оның ішінде 3 көлік тонау, 3 ұрлық, 9 алаяқтық, 8 бұзақылық, 3 тонау, 1 қару анықталған. Сонымен қатар 3 іздеуде жүрген тұлғалар табылып, жол-көлік оқиғасына байланысты оқиға орнынaн қашып кеткен 4 адам анықталды. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстық істер бойынша да жұмыс атқарылуда. Айталық, білім беру, денсаулық сақтау, ауданаралық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі сот, үкіметтік емес ұйымдар мен «Нұр Отан» сынды мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жалпы білім беру мекемелерінің оқушыларымен және олардың ата-аналарымен тұрақты түрде кездесулер өткізіліп тұрады. Мектептерде полиция инспекторларының қатысуымен 724 профилактикалық кеңес отырыстары да ұйымдастырылды. Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруда да ІІД жергілікті полиция қызметі жүктелген міндетті барынша орындауда. Яғни бұл қоғамның ішкі істер органдарына деген көзқарасын қалыптастырып, азаматтардың полицияға деген сенім деңгейін көтереді. Сәйкесінше, учаскелік полиция инспекторлары күнделікті халықпен тығыз байланыс орнатқан. Жалпы жыл басынан бері халықпен 1473 кездесу өткізілді. Бұл көпшілік қауымның біздің жұмысымызға деген сенімінің артуына өз ықпалын тигізіп отыр.
— Өткен жылдың 30 желтоқсанында үкіметтің № 1142 Қаулысымен «Жергілікті полиция қызметі туралы» Ереже бекітілген еді. Аталмыш Ережеде Жергілікті полиция қызметінің мәртебесін, уәкілеттілігі мен мақсат-міндеттерін айқындайтындығы жазылған. Осы жайында айтып өтсеңіз.
— Қаулының шыққанына да екі айдан соң толық бір жыл толады. Ережеде полиция қызметі туралы кеңінен жазылған. Олардың уәкілеттігі туралы да біраз дүние назардан тыс қалмады десек, артық айтқандығым емес. Бұл қаулыдан бөлек Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан — жаңа жаһандық нақты ахуалды өсу, реформалар, даму» атты Жолдауында да 2016 жылы жаңадан құрылған Жергілікті полиция қызметінен қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысының қауіпсіздігін, қоғамдық орындар мен көшелерде құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу шараларын арттыру талап етілді. Қалалық, аудандық Ішкі істер басқарма бөлімдерінде, жергілікті полиция қызметі бастықтарының мәртебесі мен ұйымдастырушылық рөлі, ЖПҚ қызметкерлерінің кәсіби деңгейлерін көтеру мен жеке құрам арасында заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету, сонымен қатар полиция қызметінің ашықтығын көрсету — бүгінгі күн тәртібінде тұрған мәселе. Бүгінде Алматы қаласының ІІД ЖПҚ бөліністерінің жұмысы халықтың пен бұқаралық ақпарат құралдарының назарында. Ал Ережеге байланысты қолға алынған жұмыстардың барлығы дерлік қаламыздағы тұрғындардың қауіпсіздігі үшін атқарылып жатыр. Бұл дегеніңіз, БАҚ-пен полиция қызметкерінің оң бейнесін қалыптастыру мен өзіндік көзқарасын оңтайландыруға оң әсерін тигізуде.
— Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан — Жұлдыз Әбіл