Жерлесіміздің құрметіне

Павлодарда көрнекті Мемлекет қайраткері Аманолла Рамазановтың құрметіне мемориалды тақта ашылды. Аманолла Рамазанов тірі болса, биыл 90 жасқа келетін еді.

Тақтаның Павлодар облысының ауыл шаруашылығы басқармасы орналасқан мекеменің қабырғасына орнатылған себебі: Аманолла Рамазанов – өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің құрылуына қомақты үлес қосып, ұзақ жылдар бойы облысымыздағы ауыл шаруашылығы саласын басқарған парасатты басшы, білікті маман еді.

– Аманолла Рамазанов – қызметінің алғашқы күнінен бастап соңғы күніне дейін бар күшін сүйікті ісі мен Отанымыздың игілігіне жұмсаған қайраткер азамат болған еді, – деді тақтаның ашылу салтанатында облысәкімі Болат Бақауов. – Павлодарлықтар осындай жерлестерін мақтан етеді. Көпшілік үшін олар – бүгінгі күні кәсіби қызметі мен өмірде мақтануға тұрарлық үлгілері мен беделді адамдар.

Аманолла Рамазанов 1928 жылы дүниеге келген еді. Қазақстан Компартиясы Шымкент және Семей облыстық атқару комитеттерінің бірінші хатшысы болып қызмет етті. ҚазақКСР-інің ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары қызметін атқарған. КСРО Жоғарғы Кеңесінің IX және X шақырылымдарының депутаты болды.

Әлихан Рахметоллаұлы