Жерлестер форумы өтті

Елбасы Н.Назарбаевтың таным-түсінігімізге, көзқарасымызға соны серпіліс әкелген «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Сырым ауданында жерлестердің басын қосқан форум  өтті. Форумға Сырым елінің қасиеті мен киесін сіңіріп, топырағынан түлеп ұшқан 300-деген  жерлестер жиналды. Туған жерге сағынышпен табан тіреген жомарт жүректі жандар туған ауылын көркейтіп, көңіл тоғайтатын игілікті істерімен қуантты. 

Жан-жақтан жиналған жерлестер  Сырым бабамыз шыққан төбедегі кесенеге аялдап, баба рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойып, естелік суретке түсті. Аудан басшысы Төлеген Төреғалиев  қонақтарға  қош келдіңіздер айтып, елжанды азаматтардың елге келгеніне қуанышты екенін білдірді.

Күнбатыс Алашорданың астанасы атанған Жымпиты  жеріне келген соң, форумға қатысушылар туған елдің  көрікті жерлерін аралауды Алаш саябағынан бастады. Мұнда музей меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаева тарихтың тылсым сырларын бүккен көне жәдігерлермен таныстырды.

Қазақтың дарабозы атанған Қадырдың ескерткіші алдында да шара ұйымдастырылды. Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектеп-балабақша кешенінің мұғалімі Шаттық Әжіғалиева  ақынның өлеңін оқыды. Қадыр Мырза Әлінің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі  медицина саласының ардагері Мақсот Берген мен ардагер ұстаз Марат Қадыровқа ұсынылды. Қонақтар Қадыр алаңына «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында орнатылған «Менің жүрегім Жымпиты» композициясының алдына суретке түсті.

Одан кейін жерлестер Алаш саябағына келіп,  алаш арыстарына құрметін білдіріп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.  Меймандар  жастармен бірге ағаш көшеттерін отырғызды.  Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейін аралады.

Аудандық мәдениет үйінің фойесіне ауылдық округтерде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылған іргелі істер көрме арқылы жерлестер назарына ұсынылып, ауыл әкімдері елде атқарылған жұмыстармен таныстырды.

Мәдениет үйінің залында елдің жаңаша тынысы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауылдардың көркейіп, гүлдене түскенінің дәлелі ретінде фильм көрсетілді. Форумның пленарлық жұмысы өтіп, оған Асхат Маемиров модератор болды. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев Сырым елінде қолға алынған ауқымды істермен таныстырды. Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамбелясының төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов, мемлекеттік қызмет ардагері Есберген Әжібаевтар елге қызмет ету, оның бір кірпіші болып қалану – әр азаматтың арманы екенін айтты. Жарыссөзге шыққан медицина саласының үздігі, медицина саласының ардагері Мақсот Берген Құндыз Нупов деген елжанды азаматтың 1 млн теңге Сырым ауданына демеушілік ететін айтты.  Білім саласының ардагері Марат Қадыров  елден жырақта, шетелдерде  жүрген көптеген сырымдықтардың бар екенін мақтанышпен айтты. Форумның пленарлық отырысының қарары қабылданып, онымен аудандық іщкі саясат бөлімінің басшысы Досжан Тайшиев таныстырды. Форумда ауылдық округ әкімдері мен жеке кәсіпкерлер, ауыл азаматтары арасындағы ынтымақтастық меморандумға қол қойылды.

Форум «Жомарт жүрек» премиясын табыстау салтанатына ұласты.

Аудан әкімі Т.Төреғалиев пен аудандық мәслихат хатшысы Ш.Дүйсенғалиева  ауданның саяси-әлеуметтік, мәдени-экономикалық және рухани  дамуына сүбелі үлес қосқан   ел азаматтары –  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  философия ғылымдарының докторы, М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының  директоры, Қазақстан Театрлар ассоциациясының вице-президенті Асхат Маемиров,  КСРО және ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, ҚР білім беру саласының үздігі Мақсот Берген, ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудандық  «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің редакторы Махмет Қажиахметов, тарих ғылымдарының профессоры, Ж.Досмұхамедов  атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының президенті Дәметкен Сүлейменоваларға «Сырым ауданының құрметті азаматы» атағын табыс етті.

«Жомарт жүрек» премиясының «Жыл меценаты» аталымы  Берік Сүлейменовке, «Туған өлке» аталымы Армат Әлімбетовке, «Жыл тұлғасы» аталымы Махамбет Досалиевке, «Жылдың үздік ұйымы» аталымы «Нұр шуағы» қоғамдық бірлестігіне, «Жүректен–жүрекке» аталымы Ғарифолла Жамбозовқа, «Әлеуметтік саланың дамуына үлес қосқаны үшін» аталымы Әділбек Қайрлиевке, «Жыл қайырымдылығы» аталымы  Мейрам Хамидуллинге, «Алтын ұя» аталымы Бақтияровтар әулетіне, «Үздік түлектер» аталымы Қособа ауылының 1992 жылғы түлектеріне  табыс етілді.

Аудан әкімінің арнайы алғыс хаты ауданның дамуына үлес қосып, демеушілік етіп жүрген 17 азаматқа табысталды.

Түстен кейін форумға келген  жерлестер білім, денсаулық сақтау,  кәсіпкерлік,  өнер, спорт  салалары бойынша шеберлік сыныптарын өткізіп, іс-тәжірибелерімен бөлісті.

Қарасу мөлтекауданында  жаңадан  салынған спорт алаңы ашылып, лента қию рәсімін ардагер спортшылар Чапай Иманғалиев пен Асқар Сәукелин жүргізді.  Кәсіпкер Мереке Молдағалиев «Қайсар» спорт клубының  директоры Бауыржан Ихсановқа  түрлі спортқа арналған доптар табыс етті. Жаңа спорт алаңында шағын футболдан жарыс ұйымдастырылды.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА