Жершілдікті қойсақ қайтеді немесе Құрманғазы батыстың ғана күйшісі ме?
Атамның басы-ай! Атамның басы-ай! Туканың әзілінде осылай деп таусыла сөйлейтін жері барын бар қазақ білетін шығар. Сол «атамның басы-ай!» боп тұр. Әркім өзінің атасының басына тартады. Басқаны қойғанда, бізде патриоттық рухты көтеруі тиіс ескерткіштер мен музейлерде де жершілдікке бұра тарту бар. Қай тұлға, батыр немесе қайраткер қайда туылса, ескерткішін сонда қоямыз. Музейі де сонда. Басқа аймақтың адамдары ол туралы аз біледі немесе ештеңе білмейді. Мұқағалидың ескерткіші Батыстың қалаларында, Қадырдың ескерткіші Оңтүстіктің бар қаласында тұрса, не зиян, не кедергі. Қазақстан — біртұтас мемлекет. Батырлар да, басқа да елі үшін күрескен ұлы тұлғалар да бар қазаққа ортақ мақтанышымыз. Біртұтас қазақ ұлтынікі. Бір жүздің, рудың мақтанышы емес. Өкінішке қарай, әркім көрпені өзіне тартақанды әлі қоя алмай жүрміз. Мүмкін бұл мемлекетшілдік санамыздың қалыптаспай, әлі рулық санадан аса алмай жатқанымыздың белгісі ме екен?
«Туған жер» деген әдемі бағдарлама пайда болып еді. Мақсаты – әркім өз туған жеріне қол үшін соза отырып бар қазаққа, әрісі әлемге таныту, менің түсінуімше. Оны кейбіреулер «әркім өз ауылына тасысын, басқа ауылда ісім жоққа» айналдырып барады. Ірілену, тұтасу орнына ұсақталу, бөлшектенуге бой алдырсақ, мемлекеттік, ұлттық тұтастыққа кері әсерін тигізетінін неге ұғынбаймыз.
Мүмкін сізге нақты мысал керек шығар. Келтірейік. Бар қазақ түгілі, қазақстандық орыстарымызға дейін «кушаю казы, слушаю Курамангазы» деп таңдайлары тақ-тақ етеді. Мақтанады. Күйлерін ұлттық құндылық санайды.
Сол күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының туылғанына үстіміздегі жылы 200 жыл толады. Құдайға шүкір, еліміздің Мәдениет және спорт министрілігі 2018 жылы өткізілетін мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесіне енгізіпті.
Қызық осы жерден басталады! Құрманғазының туылғанына 200 жыл толуына арналған іс-шаралар өткізу Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне тапсырылыпты. Сонда Құрманғазы осы аймақтың ғана тұлғасы ма?
Осы сұрақпен Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов бір топ сенаторлардың атынан Үкімет Басшысының атына депутаттық сауалын жариялады. Онда былай делінген:
«Ұлттық мұрамызды әлемге таныстырған ұлы күйші-композиторға арналған іс-шараның ұлан байтақ еліміздің бір ғана аймағы Батыс өңірімен шектелуі еш қисынға келмейді.
Күй ұлтымыздың үні мен сөзі болған, халқымыз дүниеге әкелген көркем құндылықтардың шыңы. Ал Құрманғазы ұлт мәдениетінің асыл қазынасына өлшеусіз үлес қосқан, әлемдік деңгейге шығарған ұлы өнер иесі. Халқымыз үшін күй мен Құрманғазы есімі бір-бірімен астасып кеткен ұғым. Құрманғазы бір облыстың немесе бір аймақтың перзенті емес. Ол ұлтымызға, елімізге ортақ, адамзат мәдениетінің тарихында өшпес із қалдырған тұлға.
Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығын атап өту күйшіні ғана ұлықтау емес ең алдымен халқымыздың төл өнері күйді ел іші мен шет мемлекеттерде кеңінен насихаттау мақсатын көздеуі керек.
Мемлекет басшысы мақаласында: «Бізде адамзат меншігіне айналған рухани қазыналар бар. Сондай әлемдік туындының қатарына Құрманғазы бабамыздың күйлері де жатады… Құрманғазы күйлерін өз елімізде ғана емес, шетелдер арасында да насихаттамай әлемдік өркениеттің көшіне ілесу тағы қиын» — деген еді.
Сондықтан, Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығын мемлекеттің мәдениет саласындағы әлеуметтік маңызы бар іс-шара мәртебесінде өткізу қажет.
Бұған республиканың барлық аймақтары, мәдениет пен ішкі саясат және ақпарат саласындағы, басқа да мемлекеттік органдары жұмылдырылуы керек.
Ұлы дала Елінің ұлы өнер шебері күй құдыреті Құрманғазы Сағырбайұлын дәріптеу мемлекетіміздегі қолға алынып отырған рухани жаңғыру саясатымен үндес. «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» еңбегінде Елбасы Құрманғазының күйлері ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні екенін атап көрсеткен. Дәулеткер күйшіні мемлекеттің бір аймағында еске алу қоғамда кеңінен талқыланып сынға алынып жүрген жершілдікті қолмен қоздырғандай әсер қалдырары да сөзсіз».
Премьер министр Бақытжан Әбдірұлының атына жарияланған депутаттық сауалда сенаторлар: С.Еңсегенов, А.Бейсенбаев, Ә.Бектаев, М.Бортник, Е Мамытбеков, Ғ.Дүйсембаев, Б. Еламанов осы айтылғандарға байланысты мынандай шараларды қолға алуға байланысты 7 талап қойды. Олар:
1. Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығын республиканың барлық аймақтарында атап өтудің кешенді іс-шаралар жоспарын дайындау және өткізу;
2. Шет елдерде, оның ішінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінде кеңінен насихаттау жұмыстарын жүргізу;
3. Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің гастролдік сапарларын ұйымдастыру. Оның ішінде күйші денесі жерленген Ресей Федерациясының Астрахань облысында арнайы концерттер өткізу;
4. Қазақстан Республикасы мүше халықаралық ұйымдар мен Парламенттік аралық байланыс алаңдарын пайдалану арқылы қазақ күй өнері мен күйші өмірін таныстыру;
5. Халықаралық, республикалық деңгейіндегі байқаулар өткізу;
6. Күйшінің өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми -тәжірибелік конференциялар және басқа да танымдық іс-шаралар ұйымдастыру;
7. Республикалық бюджетті нақтылау кезінде қажетті қаржы көзін қарастыру.
Мен (осы мақаланың авторы Әділбек Қаба ) өткен жылы Елбасы рухани жаңғыру мәселесін көтергенде бағдарламалық ұсыныстарымды Үкіметтің арнайы комиссиясына берген едім. Осы тақырыпта мақала жаздым. Онда да тұлғаларды жер-жерге бөліп, жекеменшіктемей жалпыұлттық ортақ мақтанышымыз, киеміз ретінде ұрпақ санасына енгізу, мемлекеттік патриотимге тәрбиелеуде және рухани жаңғыруға қатысты атқарылуға тиісті шаралар туралы айтқанмын. Реті келіп тұрғанда осы ұсынысымды тағы еске салайын.
Біріншіден, ұлттық тұлғаларымызды барлық аймақта бірдей насихаттап, ірі қалаларда әр көшеге солардың аттары беріліп, сол көшеге ескерткіштері қойылып, музейі ашылса, әр жеткіншек мынау Ұлы даланы кімдердің, қалай қорғағанын біле жүреді және өзі де солай қорғайтын болады.
Екіншіден, барлық ірі қалаларда, аудан орталықтарында, тіпті ауылдарда бас алаңдарда немесе парктерде алаш арысы ел болуымызға еңбегі сіңген батырлар мен хандардың, би, ақын, батыр тұлғалардың, одан берідегі Алаш арыстары мен Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу, өрлеу кезеңінде өлшеусіз еңбегі сіңген азаматтардың суреттері ілінген «Ұлттың ұлы тұлғалары» аллеясы болуға тиіс. Қасында үш тілде таныстыру мәтіні жазылуы қажет. Сол ұлттың нар тұлғалары сомдалған ескерткіштер мен музейлер көбеюі тиіс. Осыны Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ескерсе жөн болар еді.
Әділбек Қаба