Жеті айлығында тілі шығып, екі жасында әріп таныған

Бекзада Байдалы 2009 жылы өмірге келген. Жеті aйлығында тілі шығып, екі жасынан әріп танып, кітап оқи бастаған. Анасының айтуынша, Бекзада балабақшаға барып жүргенде оны бес жасынан мектепке беру туралы ұсыныс түскен. Алайда, анасы бәрінің өз уақытымен, ретімен болғанын қалапты. Осылайша, Бекзада қатарластарымен бірге жеті жасқа толғанда мектеп табалдырығын аттаған.

һБекзада мектеп бағдарламасын өте жылдам меңгеріпті. Ұстаздары мен ата-анасы ақылдасып, Бекзаданы келесі сыныпқа көшірмек болған. Алайда, қатарластарына бауыр басып қалғандықтан, бұл ұсыныстан да бас тартыпты.

«Жаратылыстану, ағылшын және орыс тілдерін сүйіп оқимын. Түрлі мамандықты меңгергім келеді. Кейде психолог, кейде ІТ маманы, кейде нейрохирург болғым келеді. Әзірге нақты шешім қабылдаған жоқпын», – дейді Бекзада.

Ол қатарластары сияқты курстарға қатыспайды. Жақында «Мөлдір бұлақ» журналының жас тілшісі атанды. Журналда өзінің кітап жайлы жүргізетін жеке айдары бар. Онымен қоса, қазір авторлық кітабын жазып жатыр екен.

«Қызым мектеп бағдарламасының оқу жүйесіне көңілі толмайтынын жиі айтады. Орта мектепті аяқтағаннан кейін білімін шетелде жалғастырғысы келеді», – дейді анасы.

Былтыр Бекзада «Гарри Поттердің» 7 кітабын оқып бітіріпті. Пандемия кезінде жеке видеоблог жүргізіп бастаған. Актерлық қабілеті бар, сурет салумен айналысып, фортепиано мен домбырада ойнап үйренген.

Анасының айтуынша, баланың ақыл-ойының қатарластарынан озық болуы, ерте жетілуі ең алдымен оның санасына, одан кейін уақытында көрсетілген демеуге, білімге баулуға байланысты.

«Қызыма ешқашан «мына кітапты оқы» деп айтып көрмеппін. Өзіне қызық шығарманы өзі таңдайды. Бекзада бір уақытта бірнеше кітапты қатар парақтайды.

Қызымның білімге құштарлығын ерекшелік немесе қабілет деп санамаймын. Біз жай ғана оның кітапқа құмарлығын ерте оята білдік деп түсінемін. Кітапханада жұмыс істеймін. Баланы білімге ерте баулысақ та, барлығының өз уақытымен болғанын қаладық. Мектепке қатарластарымен барды. Қазір мектептің үздік оқушыларының бірі де бірегейі деп толық сеніммен айта аламын», – дейді вундеркиндтің анасы.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ,Ақ жол