ЖЕТІ АТАСЫН БІЛМЕГЕН – ЖЕТЕСІЗ
Ықылым заманнан — ақ қазақ халқы бала тәрбиесіне үлкен мән берген. «Тәрбие тал бесіктен» деп бабаларымыз айтқандай, балаға жастайынан берілген тәлім — тәрбие оның өмірлік азығы болатындығын жете білген. «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» дейді халқымыз.
Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Әкенің перзентін тәрбиелеуі күнделікті қомақты садақа беруден де маңызды әрі құнды» деп айтқан. Сондықтан бала елін, жерін, ұлтын сүйетін, ұлттық құндылықтарға қанығып, ұлттың тірегі болып өсуі отбасында берілген тәрбиемен тығыз байланысты. Әсіресе бала тәрбиесінде әкеге артылған жүк ауқымды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Балаға әкенің берер ең жақсы сыйы – тәрбие» деген.
Ата-бабаларымыз талай қиындықтарды бастан кешті. Осыған қарамастан ұрпақ тәрбиесін назардан тыс қалдырмады. Дініміз бен дәстүрімізде, күнделікті өмір сүру дағдымыз бен ұлттық болмысымызда ата-ананың ұрпақ алдындағы парызының бірі – жеті атасын білуді үйрету. Ұрпағына жеті атасын үйрету – атадан балаға жалғасып келе жатқан дәстүр. Ес білгеннен бастап балаға әкеден бастап, ата-тегін, руын, ел жұртын білуі, жеті атадан қыз алыспау қажеттігін, қан тазалығын сақтауды үйреткен. «Жеті атасын білмеген жетесіз» деген сөзді естіп, жүзі төмендемесін деп, әрбір әке мен шеше жастайынан перзенттерінің ата — баба шежіресін біліп, жадына сіңіруге тырысқан.
Әлем көз ілеспес жылдамдықпен өзгеруде. Бұл өзгерістер санаға да әсерін тигізуде. Еліміздің үкілеген үміті – жастарымыз сандық технологияды жетік меңгерулері тиіс. Ендігі жерде жас буынның бойына ұлттық құндылықтарымызды, тарихымызды, тілімізді қастерлеуді сіңірмесек, жеті атасын білуі мен қан тазалығын сақтауды үйретпесек ұлт ретінде алға басуымыз екіталай. Өзінің ата тегін білген, қан тазалығы мен ұрпағының денсаулығын сақтаған, арғы ата — бабаларының өнегелі өміржолын, еліне сіңірген еңбегін білген ер жігіт болашақта өзінің тегіне, болашағына құрметпен қарайтын болады.
Қазақ халқын жер бетінде ұлт ретінде сақтап қалған тілі, салт — дәстүрі мен мәдениеті, діні, ділі және қан тазалығы деп білемін. Сондықтан «Жеті атасын білген ұл жеті жұртқа жөн айтар» дегендей, әрбір әке баласына ата тарихын, ел — жұрт тарихын бала кезінен жаттатып өсіретін болса, ұлтымыздың сапасы көтеріліп, еліміздің қуатты мемлекетке айналары даусыз.
Отбасының тірегі – әке болса, жүрегі – ана. Олай болса өсіріп отырған ұл-қыздарымызға жеті атасын білу тектіліктің белгісі, жеті атасын білмеген жетесіздік екендігін түсіндіруден жалықпайық дегім келеді.
Жамбыл облысы Байзақ ауданы Байзақ ауылы
«Тілеш қажы» мешітінің имамы
Абиров Рахымбек Кенжебайұлы