ЖЕТІМ ШОҚЫ
Бала күнімде есіл — дертім дала еді. Байыз тауып үйде отыруды білмейтінмін. Аңдығаным әкем. Босағада ілулі тұратын тобылғы сапты қамшысына қараса болды шап беріп қайыс белбеуіне жабыса қаламын. Әкем «әуіп пірім» деп орынынан тұрғанда аяғым жерден көтеріліп кетеді. Сонда да белбеуден ажырамаймын. «Мына кенені -ай» деп күледі сосын.
Бір күні Ағалақтағы бір інісімен түн ауғанша әңгімелесе отырып таң ертең ерте тауға арқарға шығатындарын айтып қалды. Қалғып — мүлгіп әңгіме тыңдап отырған мен елең етіп «мен де барам» деген әдеттегі сөзімді айтып үлгердім. Әкем, «естіп қалдыңба» дегендей мейірлене бір қарап басымнан сипады да қойды. Одан әрі білмеймін, ұйқтап кетіппін. Ояна кетсем киіз үйдің іші жап-жарық, уақыт тапа — тал түс болуға айналған. Бірден түндегі әңгіме есіме түсіп далаға атып шықтым. Үй жанындаға қараша күркенің белдеуіне байланған тазыларды көріп әкемнің тауға кеткенін түсіндім. Сөйттім де тауға қарай тұра жүгірдім. Жүйткіп келемін, ызаланып жылап келемін, Сондағы әкеме жеткенде бар айтпағым «мені неге тастап кеттің» деу ғана. Ішіме сыймай бара жатқан ызаны тығындап тұрған да осы бір ауыз сөз. Сол қарқынмен Жетім шоқыны өрлей жүгіріп таудың басына бірақ шықтым. Енді қайда барарымды білмей аңтарылып біраз тұрдым. Ентігім басылып ашыуым да тарай бастады. Жалаң аяқ табандарым тызылдай бастағысын қарасам тас тіліп тастапты. Шым-шымдап қан шығып тұр. Таудың жақпар тастары да тез қызып енді тіптен табан тірер жер таппай қинала бастадым. Уақыт өте күн ысып, шөл де қысып айғайлауға шамам келмей қалды. «Табаныма тікен кірді» десем жерден тік көтеріп алатын қайран әкенің қадірін сонда түсіндім. Өлген деген осы екен деп бойымды қорқыныш биледі. Сөйткенше төменен аттылы кісінің қарасы көрініп, тіке маған қарай салды. Әкем екен.
Содан бері де талай жылдар өтті. Енді ойлаймын ғой, «тастап кеттің» деп табаным тілінгенше соңынан жүгіргенім не?, Белін жаздырмай белбеуіне жабысқаннан не қайыр көрдім? Сөйткен әкеммен бүгінге дейін бірге жүргенім қане?.. Ақ жолына түсті де қайтпас сапарға аттанып кете барды, Жетім шоқының басында шоқиып мен қалдым жалғыз.
Еее деңіз, еміс, еміс есте қалған естеліктер ғой бәрі. Бұл да бір тағыдыр шығар.
Дегенмен, Жетім шоқының басындағы осы бір оқиға мені сабыр мен сақтыққа үйретті. Алыс жолға шығарымды ойласам тас тілген табандарым шымырлап қоя береді. Әлі күнге солай. Әлі күнге әкесінің соңынан жүгірген бала көрсем ойыма Жетім шоқы оралады…
Айдар ТЕМІРБЕКҰЛЫ