Жетімнің көз жасы

2018 жылдың күзі. Бажам хабарласып Таразға тойға апарып келуімді өтінді. Апардым. Достарының тойы екен. Тойдан кейін тағы да кафеге ме, караокеге ма бірдемеге барды. 4 ке дейін достарымен мейрамдап, қызып бірақ шықты. Бажам көліктің алдына, қайын бикем артына отырып бірден ұйқыға кетті. Таңғы 9 да жұмыс орнымда отыруым керек. Үйге асығып 130-140 пен басып келе жатырмын. Үшбұлақтың тұсына келген кезде жолдың жиегінде біреу жол тосып тұр. Күн қара суық болып тұрған соң, ерінсем де тоқтауды жөн көрдім. Тоқтап, біраз жер артқа жүрдім. Ол тоқтатқан жерге келсем ешкім жоқ. Ұйқым келіп тұрған, шайттай ашылды. Түсіп тұрып қарадым. Жын ба, пері ма? Ешкім жоқ. Машинаға мініп жүруге ыңғайлана бастап ем, біреудің дауысы шықты. Қайтадан түстім.
— Еу, кімсің?
— Ақыртөбеге барасыз ба?
— Қанша бересің?
— У меня нет денег.
— Кеттік. Жылдам.
Қорқақтап келіп машинаға мінді. Міне салып, ұрсып жатырмын. Тоқтатып алып неменеге қашып жүрсің? Тоқтатқан соң тез келмейсің ба? Елсіз жерде не істеп жүрсің? Бажам оянып кетті. Әңгімеге ол араласты. Үн жоқ. Сөйтсем қазақша дұрыс білмейді екен. Біз орысша онша білмейміз. 17-18 жасар жас бала екен. Суықта әбден жаурап қалыпты. Жеңіл киінген.
Мен ол кезде Ақыртөбеде тұрамын. Ақыртөбе деген 500 дей үйі бар үлкен ауыл. Бәрін тани бермесем де, кімнің үйіне бара жатырсың? – деп сұрадым. Ол өзінің тарихын айтып жатыр.
Меркідегі балалар үйінде өсіпті. Ол жерден 18 жасқа толған соң, қолына құжаттарын ұстатып, ата-анасы туралы ақпараттарды айтып шығарып жібереді екен ғой. Әкесінің аты-жөнін білмейді. Атасы мен анасының атын айтып еді, бажам бірден танып қойды. Сенің анаң Ақыртөбеде емес, Тереңөзекте тұрады. Осыдан біраз жыл бұрын сені іздеп келді деп еді ғой. Ол, иә, іздеп келгенбіз. Бірақ қабылдамай қойған. Алдынан тағы бір өтуге келе жатырмын. Қабылдаса қабылдады, қабылдамаса басқа жаққа кетемін деді.
— Үшбұлақта қайдан жүрсің?
— «Детдомнан» шыққасын бір үлкен адамдар ұстап алып, ұрып-ұрып мал бақтырып қойды. Құжаттарым соларда деді. Сол жерде 1 айдай мал бағып, қашып шыққан беті екен. Денем түршігіп кетті.
Бажама қарап, не істейміз? – десем, үйге алып кетейік. Таңда үйін көрсетіп жібереміз дейді. Осы кезде, қайын бикем сөзге араласып, Сендер қуасыңдар ма? Бұндай адамдарға сенуге болмайды ғой. Үйлеріңді тонап кетсе қайтесіңдер? – деп жатыр. Пендешілік қой енді. Ол да дұрыс шығар.
Бажамның ауылы Тереңөзекке де келіп қалдық. Бажам әйел баласын қалдырып, қайта шықты. Сағат әлі 5. Үлкен керемет зәулім үйдің алдына келіп тоқтадық. Тастап кетуге обал. Әйелім шырылдап іздеп жатыр ))). «Бір проблема шығып қалды,кейін айтып берем» деп қойдым.
Үшеуміз көліктің ішінде таңға дейін отырдық. Анаң осы үйде тұрады деп, бажамды үйіне жеткізіп тастап, үйге қайттым. Одан әрі жұмысқа кеттім. Біртүрлі, көңілсіздік. Ана баланы ойлай берем.
1-2 күннен кейін бажама хабарласып сұрап ем, «ауылда әңгіме жатпайды ғой, ана жынды інісі боқтап, ұрып қуып жіберіпті деп естідім» деді. Жүрегім ауырмасы бар ма?!(((.
— Інісі кім деген еді?
— Танисың. Ж деген жігіт. «Ауылдағы садикті менсінбей,балаларын Ақыртөбедегі садикке тасып жүр» деді.
Бірден таныдым. Үлкен қара джиппен жүретін. Ауылдың ішіндегі көшелермен жүзбен айдайды. Үлкендер тоқтатып тұрып, ауылдың ішінде жәй жүр деп ұрысқанына да қарамады. Ешкімді тыңдамайтын. Таразға бара жатқандағы жолда камаз, икарустар тоқтайтын «Береке» деген кафесі бар еді. Соған мастанып жүретін. Тереңөзектің шалдары да, «Адам қағасың, жәй жүр» дегеніне де құлақ аспапты.
Өмір өтіп жатты. Әкімшілікте Нұрдос деген бірге істейтін жігіт бар еді. Бірге жүреміз. Осы әңгімені соған да айтып бергем. Оның танымайтыны жоқ. Ақыртөбе, Тереңөзек, Өрнек, Бірлес бәрін танитын. Жұмыстан бос уақытта такси айдайтын.
Бір күні Нұрдос қаладан келді. «Өткенде сен айтып жүрген Ж деген жігіт Үшбұлақ жақта жол апатына түсіпті. Әпкесі сол жерде қаза болыпты» деген кезде біреу үстімнен мұздай су құйып жібергендей болды ғой.
Құдайдың құдіреті!!!
Тұп-тура әлгі баланы алып кеткен жерде, арада 5-6 ай өткенде анасы қаза болып тұр.
Сәйкестік пе?! Кездейсоқтық па?!
Ол баланың тағдыры не болды екен?!
Сол кезде қабылдағанда, кафелерінің бір жерінде жүретін еді ғой деген ой әлі күнге дейін маза бермейді…