Жетімнің зарын кім тыңдайды!
Еліміздің қаншалықты бай әрі өркендеп дамып келе жатқандығына қарамастан, жетім-жесірлер мен кедей-кепшіктеріміздің саны арта түспесе, кеміп отырған жоқ. 90 — жылдардың басында мемлекет қамқорлығында тек 80 мыңдай жетім балалар болған болса, соңғы мәлімет бойынша олардың саны бүгінде 120 мыңға жетіп отыр. Қазақта «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» деген сөз бар.
Ананың аялы алақанының өзі әр сәби үшін «майшелпек» емес пе. Бірақ сол ананың аялы алақаны түгілі, анасының сұлбасын бір көру де бұйырмаған бейкүнә сәбилеріміз қаншама?! Тіпті, ол аз болғандай, шыр етіп дүниеге келген топырағының өзі бұйырмай, «тірі тауарға» айналып, шетелдіктерге сатылып кетіп жатқан мың-мыңдаған жетімдеріміздің тағдыры ше? Қоғамды ақша билеген заман десек те, бейкүнә сәбилерімізді саудаға саларлықтай қазақ елінің басына не күн туды?! Неткен жан түршігерлік қатыгездік!? Қандай сорақылық!? Иә, мен неге жан түршігерлік деп түңіліп отырмын? Олай болса төмендегі деректерге көз тоқтатып көріңіз.
Шетелдіктерге сатылған жетім балалар кімдердің «жемі»?
Әуелі сол шетелдіктер біздің балаларды не үшін сатып алады, оларға сәбилердің («тірі тауардың») қаншалықты пайдасы бар, соны барынша жіліктеп көрелік:
— біріншіден, батыс елдерінде баланы асырап алушының ата-анасы қаңғыбас, мейлі ішімдікке салынған маскүнем болса да, кез келген уақытта тастанды баланы асырап алуға құқығы бар.
— екіншіден, баланы асырап алушыға салық мемлекет тарапынан барынша жеңілдетілген.
— үшіншіден, («трансплантация» — латын тілінен аударғанда бір адамның ағзаларын басқа бір адамға келісімі арқылы ауыстыру) трансплантация саласымен айналысатындардың дені қандықол қылмыскерлер екендігі белгілі. Оған жарқын мысал ретінде Бразилиядағы ұйымдасқан қылмыстық топтардың әрекетін айтуға болады. Олар тұрмыс тап-шылығынан қиындық көрген кедей-кепшіктердің бір бүйрегін 10 мың долларға сатып алып, оны Оңтүстік Африка елдеріндегі сырқат байларға 120 мың долларға сатып отырған. Қазақстан шетелге жетім бала сатудан Азияда алдына қара салмай келеді. Осы салада қырықтан астам жасырын ұйымның жұмысы қарқын алып тұр. Жыл сайын мың сан баланы көздерін жәутеңдетіп шекара асырады. Жасына сәйкес әр сәбиге тұрақты баға да қойылған. Мысалы, 6 айлық шақалақ 12 500 доллар болса, 6 жастан асқандары арзандап, 5000 долларға ғана сатылады екен. Осындай «арзан жетімдер» біздің елде ғана бар. Бала сату әлемнің көптеген елдерінде болғанымен, олар біз сияқты жетімін кім көрінгенге жетектетіп жібермейді. Мәселен, Германия мен Англияда баланы жалғыз басты адамдарға бермейтін қатаң заң бар. Латвия мен Литваның балаларын тек сол мемлекеттен қоныс аударған шетелдіктер ғана асырап ала алады. Израиль мен Армения да баланы тек өз ұлтының өкілдеріне ғана береді. Ал бүгінде біздің Қазақстанды әлем мемлекеттерінің көбі танып білді. Оларды біздің ұлан-ғайыр кең даламыз ғана емес, сол жеріміздің астындағы тұнып тұрған шексіз байлығымыз қызықтырады. Сол үшін де шетелдіктер бізге зор құрмет көрсетіп, сыйлаған сыңай танытуда. Әрине, олар біздің қара басымыз үшін емес, қазынамыз үшін солай етеді. Біз бүгінде мұнайды көп сататын ел ретінде ғана емес, адамды да көп сататын ел ретінде әлемге танымалмыз. Мұнай сатудан әлем бойынша төртінші орында болсақ, бала сатудан 1,5 миллиард халқы бар Қытайдың өзін шаң қаптырып, әлем бойынша үшінші орынға табан тіреп үлгеріппіз. Елімізде бүгінде шетелдіктерге бала берумен айналысатын 40 -тан астам агенттік бар. Сол агенттіктердің бір баланы шетелдіктердің иелігіне заңдастырып беруден табатын табысы 35-40 мың долларды құрайды екен. Ал бұл ақша кімнің қалтасына құйылып, кімдерді қарық қылып жатқаны әзірге беймәлім. Бір анығы біздің мемлекеттік органдар тек бала саудасына байланысты өтініш берген ұйымдар мен агенттіктерді тіркеумен ғана айналысатын көрінеді. 1993 жылдың 10 мамырында Гаагада қабылданған «Балаларды қорғау және шетелдіктердің бала асырап алуын қолдау туралы» Конвенцияға қол қойылғаннан кейін, біздің Конституцияда мынадай тармақтар дүниеге келді. «Неке және отбасы» заңының 76-бабының 2-тармағында «Балаларды Қазақстан Республикасының аумағында тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына тәрбиелеуге беру мүмкін бол-маған жағдайларда ғана шетелдіктерге, азаматтығы мен тұрғылықты жеріне қарамастан, асырап алуға берілуі мүмкін» делінген. Алайда бұл мүмкін ғана емес, бүгінде нағыз шындыққа айналды. Кейін мұны халық қалаулылары 2002 жылғы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында талқыға салды. Олардың «сәбилерді шетелдіктерге бергенше, ең жақын туыстарына беру керек» деген ұсынысын Қазақстан үкіметі қолдамай тастады. Сөйтіп, 1999 жылдан бастап шетелден бала асырап алушылар елімізге лек-легімен келе бастады. Мемлекетіміздің ең басты құндылығы адам екендігі бесенеден белгілі. Өкінішке орай, елімізде сол адам тағдыры, дәлірек айтқанда, ертеңгі қоғамның негізгі күшіне айналатын жас жеткіншектеріміздің саудаға салынып жатқаны еріксіз жүрегіңді сыздатып, көзіңе жас үйіреді. Жылына бестен, оннан болса бір сәрі ғой, мың-мыңдап шекара асып жатқан сол бейкүнә сәбилеріміздің қан жылаған жүрек үнін кім тыңдап, көлдеткен көз жастарын кім сүртеді?
Жатқа кеткен жетімдер саны мен тұрып жатқан елдері.
1999 жылдан бері шетелдік азаматтар асырап алды делінген желеумен 8169 қазақстандық бала шетел асқан екен. Бұл — еліміздегі асырап алынған балалардың жалпы санының 21,7 пайызы. Он жыл ішінде жәудіреген жетімдеріміз әлемнің 30 еліне таратылып үлгерген. Біздің жетімдерімізді асырап алудан бірінші орында АҚШ (6406 бала), екінші орында Испания (600 бала), үшінші орында Бельгия (343 бала) тұр. Одан әріде немістер (173 бала), канадалықтар (167 бала), ирландықтар (140 бала), француздар (131 бала) жетімдерімізді асырап алған. Енді мынадай бір қызық дерекке назар аударалық. Шетел асқан 8169 тұл жетімдердің 3752-сі — қазақтар (45,9 пайыз), 4057-сі — орыстар (49,7 пайыз) және 360-ы басқа ұлттар (4,4 пайыз) екен. Онда да басқа ұлттардың арасында өзбек, тәжік, түрiкмен, қырғыз ұлтының бірде-бір баласы жоқ. Неміс, украин, беларус, татар, поляк, молдован, грек, кәріс, грузин, шешен, армян және ұйғыр ұлтының өкілдері ғана бар. Ал осылайша шетел асқан балаларымыздың көбісі 1-3 жас аралығында екендігі тіптен өкінішті! Тағы бір айта кететіні осынау балалардың 537-сін жалғызбасты әйелдер мен еркектер асырап алған көрінеді. Хош, бұл сатылғандар мен сатып алушыларымыздың «қара тізімі» делік. Қазақ қызын ұзатқанда: «Алла жолыңды ашсын, барған жерің баянды болсын, қызым!» — деп, ата-аналары ақ батасын жаудырып, Құдай қосқан қосағы мен ата-енесіне аманаттап тапсырып береді. Ал біз әлі оңы мен солын танып білмеген осынау бейкүнә сәбилеріміздің бұлыңғыр болашағын біле тұра, «тозақтың отына» көзін жәудіретіп отырып тірідей итере сап, «сауда сақал сипағанша» дегендей сыңай танытып, түк болмағандай қарап отыратындығымыз адамгершілікке жата ма?! Жоқ! Жоқ! Осылай еткендердің барлығын қарғыс атсын! Өзінің де адам екеніне, анадан туылып, ұрпақ өрбітіп отырғанына қарамастан, осындай қатыгездікке жүрегі дауалаған «хайуандардың» Алла жазасын берсін! Артық кетсем Алла кешер, дегенмен хайуаннан бұлардың несі кем? Бұларды адам дейміз бе, әлде хайуан дейміз бе?
Қыршынынан қиылғандар мен қорланғандар.
Шетелдіктерге сатылған жетімдеріміздің сәби жүрегі мен көлдеткен көз жастары не дейді? Деректерден үзінді келтіріп көрейік…
1. Қазақстаннан 2004 жылы бала асырап алған АҚШ-тағы бір отбасының азғын әрекеті өткен жылдың аяғында ғана әлем жұртын дүр сілкіндірді. Америкалық өгей ата-ана Джозеф пен Линда Мэйоттар Солтүстік Қазақстан облысынан (Петропавл қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленуші 8, 11 жасар ағалы-қарындастарды) асырап алуға әкетіп, оларды ұзақ уақыт бойы сексуалдық қорлықта ұстаған. Осыншама жылдар ішінде педофиль Мэйоттар отбасының айуандық азғындауына ұшыраған екі жасөспірімнің тағдыры ешкімді қызық-тырмапты. Не Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігінің консулдық қызметін де, не Білім және ғылым министрлігін де. Ешкімнен қайран болмаған соң, Петропавл қаласындағы балалар үйiнiң бұрынғы тәрбиеленушiлерi 2009 жылы АҚШ полициясына өздерiн асырап алған ата-аналары зорлағанын айтып, шағымданғанымен, ол кезде ерлi-зайыптылардың кiнәлары дәлелденбеген. Арада 4 жыл өткеннен кейін ғана Мэйоттардың қылмыстық әрекеті әшкереленді. Бүкіл әлем көз тіккен сот процесі аяқталып, 50 жастағы Джозеф Мэйоттың асыранды қызын 8 жасынан бастап зорлағаны 11 эпизод бойынша дәлелденіп, оған 20 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шықты. Ал оның әйелі Линда 13 жастағы жасөспірімді зорлады деген айыппен 22 жылға темір торға тоғытылды. Он бір жасар асыранды баласын зорлап жыныстық қатынасқа тартқан Линда кейіннен өгей ұлынан бала көтергені де соттың зерттеу қорытындылары бойынша анықталған көрінеді. Бұл жантүршігерлік оқиға шетелдіктерге бала беру мәселесінің күңгірттігін дәлелдеп бергендей болды. Бірақ, солай болды екен деп, оған алаңдаушылық танытып, басы ауырып отырған үкімет жоқ!
2. Осыдан біраз бұрын АҚШ-тың Техас штатындағы «Стар Телеграмм» газетінде америкалық отбасы асырап алған қазақстандық жеткіншек туралы жарық көрген мақала жаға ұстатқан еді. Мақала авторы ата-ананың ыстық алақаны мен мейірімін америкалық отбасынан іздеген Мақсат атты қаракөзіміздің өзіне қол жұмсағанын өкінішпен жазған болатын. Шетелдік газет осы астарлы өлім жөнінде «бала ішқұсадан қайтыс болған» делінген қорытынды тұжырым жасаған.
3. Сондай-ақ, ілгеріректе Америкада жол көлік апатынан қаза тапқан 5 жасар Әлия мен 4 жасар Джейсонға (Жәнібекке) американдық ата-ана емес, қазақы тәрбие ғана керек болған шығар. Бірақ Әлия мен Жәнібек Қазақстанда туылған соң, Алла тағала оларға әу баста мұсылман болуды жазды ғой. Бірақ біз олардың да тағдырларын тәлкекке салып, дінінен айырдық. Қаншалықты Алланың қалауы болар десек те, бұл екі сәбидің өліміне де еш себебіміз жоқ деп айта алмаспыз.
4. Американдықтар Қазақстаннан асырап алған балаларын интернет-биржада сатып жатыр. АҚШ-та отбасыдан отбасыға ғаламтор арқылы берілетін «шетелдік асыранды балалар биржасы» (Қазақстаннан бар) жұмыс істейді деп хабарлады «Российская газета» порталы. «Reuters агенттігінің тілшілері 18 ай бойы Yahoo Groups пен Facebook әлеуметтік желілерінің американдық секторында және өздеріне ұнамай қалған асыранды балаларынан құтылуға ниетті асыраушы ата-аналардың бірнеше онлайн-топшаларында жеке журналистік зерттеулерін жүргізген», — делінген rg.ru сайтында жарияланған мақалада. Аталғандай, жалпының кіруге рұқсаты жоқ жабық форумдарда келесідей мазмұндағы хабарландырулар ілінген екен: «Біз Ресейден (нұсқалар — Қытай, Қазақстан, Камбоджадан…) қыз асырап алдық, алайда, өкінішке қарай, оның бойынан неврологиялық мәселелерді (құштарлық жоқтығы, агрессиялық мінез-құлыққа бейімшілдік синдромын) анықтадық, өтініш, оны орналастыруға көмектесеңіздерші…» Мақалаға сәйкес, Yahoo-дағы бір ғана топшаның осындай мазмұндағы 5029 хабарын тексеріп және талдап шыққан журналистер мынадай қорытындыға келген: — Әңгіме тек асыранды балалардың басқа отбасыға берілуінде ғана емес (заңсыз болса да), керісінше асырап алушылардың «ығырын шығарған» немесе «артық» балаларын тікелей сатуға кірісуінде болып отыр делінген. «Зерттеу қорытындысы осындай сауда-саттықтың жиі құрбандарына айналған балалардың Ресей, Украина, Қазақстан, Африка елдері мен Қытайдан екенін анықтаған.
Міне, балауса балғын сәби денесі-нің жаттың қойнында жәбірленгенін, зорланғанда араша түсер ешкімнің болмағанына қорланғанын айтып, сот алдында етегі жасқа толып еңіреп тұрған қаршадай қыздың келбетін, адамдық арыңызбен ақылға салып, көз алдыңызда елестетіп көріңіз! Осылардың тағдырын ойлап торыққанда, бұларға қарағанда еліміздегі жетімдеріміз тым болмағанда өз елінде ғой деп, аласапыран көңіліңді жұбатқан болады екенсің. Хош! Сонымен кеткені кетті, кеткендердің тағдырын Аллаға аманаттап тапсырдық делік. Ал «тірі тауардың» қара тізіміне ілігіп кетпей, елде қалған жетімдеріміздің жағдайын тәптіштемей-ақ, олардың да санына бір тоқталып өтелік.
Соңғы статистикалық көрсеткіштер не дейді?
Ресми ақпараттарға сүйенер болсақ, республикамызда бүгінде жетім балаларға арналған 44 балалар үйі мен 22 мектеп-интернат бар көрінеді. Ресми тіркеуде 75000 жетім бала бар екен. Олар 660 интернат ұйымдарында тәрбиеленуде. Олардың ішінде: жалпы және санаторий түріндегі мектеп-интернаттарда — 37 541 бала, мұқтаж балалар мен жасөспірімдерге, мінез-құлқы девиантты балаларға арналған мектеп-интернаттарда — 884 бала, отбасы үлгісіндегі балалар үйлерінде 281 бала тәрбиеленуде. Мектеп жанындағы интернаттарда — 15 096 бала, балалар үйлері мен жетім балаларға және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттарда — 12 574 бала, кемтар балаларға арналған түзеу мекемелерінде 12 599 бала ерекше тәрбиелену жағдайларында көрінеді. Ал жоғарыдағы шетелдіктерге асыраттық деген желеумен сатып жіберген 9 мыңдай сәбиімізді былай қойғанда, еліміздің әр облыс орталықтары мен қала-қалашықтарындағы, жертөлелерді паналап күн көріп жүрген үй-күйсіз қаңғыбастар қатарындағы балаларымыз қаншама?! Толықтай отбасы болса да, бастарында баспаналары жоқтықтан, күні ертең-ақ сол баяғы жетімдердің кебін киюге әзір тұрғандары қаншама?! Неге? Бұл сұрақтың нақты жауабын бүгінгі билік басындағы шенеуніктер мен халқы үкілеп үміт артып сайлаған депутаттарымыз беретін шығар деп үміттенейік.
Түйін.
Енді осыған байланысты көкейдегі ой-пікірлерімді ортаға салайын. Осылайша жеткіншек ұрпақтарымызды әр жыл сайын мыңдап шетелдіктерге таратып берерліктей қазақ елінің басына не күн туды? «Бұдан да жаман күнімде тойға барғанмын» демекші, не десек те, мейлі хан, мейлі қара болсақ та, барлығымыз да анадан туылып, ақ сүтін еміп, мейір-махаббатын көріп өстік қой. Адам тағдыры қолдан жасап алатын ойыншық емес. Сол мыңдаған жетімдеріміздің жетім қалуына олар кінәлі емес. Шыр етіп дүниеге келгелі тастанды, жетім, жетімек атанып, қолдан-қолға өтіп, ақыры жетім балалар үйіне келгелі ғана өздеріне туа да бұйырмаған аналық мейірімге толы аялы алақанның жылуын сезініп, өздерінің тәрбиелеушілерін анасындай сезініп, оған әбден бауыр басыр шүлдірлеп, «мамалай» бастағанда көздерін жәудіретіп отырып, тілі де, діні де бөлек жат шетелден бірақ шығардық. Қандай қатыгездік, қандай мейірімсіздік десеңізші?! Аурушаң, әлжуаз балаларды ғана шетелдіктердің асырап алуына бергенбіз деп бүркемелеп, ақталудың да, жалтарудың да еш жөні жоқ. Бүгінгі халық ақымақ емес, сонау мұхиттың арғы жағынан бізден келіп ауру-сырқау балаларды ғана таңдап алатын олар да есалаңдар емес қой. Солардың бойында қазақтың қаны, ата-бабаларымыздың ар-ожданы, биік рухы бірге кетті. Біз олармен бірге дінімізді де, ана тілімізді де саттық. Бүгінде (сыбайласып) жалға берген жерлеріміздегі шетелдік алпауыттарды ең болмағанда экологиямызды ластағаны үшін тәртіпке келтіре алмай отырып, әр елге тоз-тоз болып кеткен сәбилеріміздің құқын қорғаймыз дегенімізге жол болсын дегеннен басқа айтарымыз жоқ. Қалайда адамдық деген ұлы қасиетті ұмытып, аяққа басып, ең сорақы қатыгездікке барып отырғанымызды мойындап, бұл әрекетке заңды түрде біржолата тыйым салғанымыз дұрыс. Қараусыз, асыраусыз қалса да, сол жетімдер өз елінде, өз жерінде болсын дегеніме тілектес адамдар үн қосады деп сенемін.
БАҒДАЛ АҚЫНҰЛЫ
ҚР Журналистер одағының мүшесі