ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДАҒЫ МӘДЕНИЕТ ҮЙЛЕРІНЕ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Жетісай ауданындағы мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аудан әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов құрылысы жүріп жатқан мәдениет үйлерінде болып, жұмыс барысымен танысты.
Қарақай ауылдық округіне қарасты Сәтпаев елді мекеніндегі 1986 жылы қолданысқа берілгелі жөндеу көрмеген мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары өткен жылдың мамыр айында басталған. 2679,1 шаршы метр аумаққа жүргізілуі тиіс жөндеу жұмыстарының жалпы құны 691 млн 445 мың теңгені құрайды.
Келесі жылы қолданысқа берілетін мәдениет үйінде ауылдық кітапхана, спорттың волейбол, футбол және шахмат, ән, күй, би үйірмелері жұмыс істейтін болады. Құрылысқа жауапты мердігер мекеме «Намыс» ЖШС қызметкерлері кестеге сәйкес жүргізіліп жатқан жұмыстарға жалпы саны 23 адам жұмылдырылғанын айтады.
Сонымен қатар, аудан басшысы Жаңа ауыл ауылдық округі, Мырзашөл елді мекенінде орналасқан мәдениет үйінде де болды. Соңғы 10 жылда қолданыстан шығып қалған мәдениет ошағына облыстық қазынадан 236 млн 223 мың теңге қаралды. Жалпы 732,4 шаршы метр аумақта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 45 жылдан бері алғаш рет жүргізілген жөндеу жұмыстары келесі жылы аяқталып, қолданысқа тапсырылады деп жоспарлануда.
Аудан басшысы мердігер мекеме «РемСтрой» ЖШС өкілдерімен кездесу барысында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру мен спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиевке жұмыстың сапасы мен жүргізілу кестесін қатаң бақылауды тапсырды.
Айта кетейік, бүгінде Жетісай ауданында тұрғындарға тұрақты қызмет көрсетіп келе жатқан 11 мәдениет үйінің 1-і аудандық, 7-і ауылдық мәдениет үйлері болса, 3-і ауылдық мәдениет клубтары болып табылады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі