ЖЕТІСАЙДА ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛІП, КӨШЕТ ЕГІЛДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жобасы аясында бүгін Жетісай ауданында ауқымды сенбілік өтті.
Қоғамның назарын тұрғылықты жерінің тазалығын сақтауға аударып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруда маңызы зор шараға аудан әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов бастаған мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері, жергілікті тұрғындар қатысты.
Мыңға жуық адам мен 8 техника жұмылдырылған санитарлық тазалық жұмыстары қала, кент және барлық ауылдық округтерде арнайы бекітілген кесте негізінде жүргізілді. Мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері өздеріне бекітілген көшелерде тазалық жұмыстарын жүргізсе, аудан тұрғындары үйіргелік жерлерін күл-қоқыстардан тазартты. Сонымен қатар сенбілік барысында саябақтар мен көшелер, арық-атыздар тазаланды.
Сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үйлердің маңы мен аулалары, көше бойларында бей-берекетсіз жатқан қоқыстар, ирригациялық жүйелер тазаланған жаппай сенбілікте мыңға тарта қара ағаш пен қара тал, можжевельник көшеттері отырғызылды.
Сенбілікті ұйымдастырушылардың айтуынша, тазалық жұмыстары қала, кент, барлық округтерде, елді мекендерде жыл он екі ай жалғасады. Сонымен қоса әрбір мекеме мен әрбір аула тұрғындарға бекітіліп беріліп, тазалықты сақтауға ауыл ақсақалдары да жұмылдырылады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі