ЖЕТІСАЙЛЫҚ ТҰРҒЫН АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК АЛУШЫДАН «МИЛЛИОНЕР» АТАНДЫ

Өткен жылы Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын агробизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу мақсатындағы аталмыш бағдарламаға Жетісай ауданынан Қарақай, Ж.Ералиев, Қазыбек би және Мақталы ауылдық округтерінің тұрғындары қатысқан болатын.
Жоба арқылы өткен жылы мемлекеттен 7,5 млн теңге несие алып, өз ісін бастаған Қазыбек би ауылдық округі, Қазыбек би елді мекенінің тұрғыны Медеу Орынқожаев бүгінде құрылысқа қажетті заттар өндірісін жолға қойған. Бұған дейін жылдар бойы мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алып келген азамат өзінен бөлек тағы 5 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Орта есеппен 1 айлық табысы 1 млн теңге. Шикізатты Шымкент қаласынан алдыратын кәсіпкер тапсырыс берушінің сұранысына қарай термопластиктің 100-ден астам түрін шығара алады.
– Ауыл тұрғындарына «Ауыл аманаты» жобасының тиімділігін түсіндіріп, кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау көрсетіп отырған Мемлекет басшысынан бастап аудан, округ әкімдеріне үлкен алғыс айтамын. Адам өзі жұмыс істеп, кәсіппен шұғылданбай, іс өнбейді. Бұл ретте «Ауыл аманаты» жобасының берері көп, – деген Медеу Орынқожаев өнім түрлерін көбейту мақсатында жуырда Алматы қаласында арнайы оқу курсын тәмамдап, тамызда қосымша жобаларын жүзеге асыруды да жоспарлап отырғанын айтады.
Айта кетейік, былтыр «Ауыл аманаты» жобасы аясында округтегі мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік көмек алатын 87 азамат жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін бастаған. Бұл өз кезегінде округ тұрғындарының әлеуметтік ахуалының жақсарып, жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне оң септігін тигізері сөзсіз.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі