Жезқазған қаласының хореографиялық ансамблі «Витебскідегі Славян базарында» өнер көрсетеді
Жезқазғанның «Шалқыма» хореографиялық ансамблі V Халықаралық Dream Dance Fest би жобасының ұлттық іріктеу турының жеңімпазы атанып, «Витебскідегі Славян базары» халықаралық өнер фестиваліне жолдама алды. Байқауда жиырма төрт биші «Жібек жолы» би қойылымын ұсынады.
– Біздің «Шалқыма» шығармашылық академиясының ансамблі – түрлі байқаулар мен фестивальдердің, соның ішінде халықаралық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Біздің қоржынымызда негізінен Гран-при бар, – дейді академияның арт-директоры Мақпал Садықова. – «Славян базарына» іріктеу туры Алматыда, Т. Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында өтті. Біздің қыздар «Жібек жолы» биін «Қамажай» стильдендірілген әнімен ұсынды. Бұл біздің көркемдік жетекшіміз Ақерке Оспанованың қойылымы. Қазылар алқасына би өте ұнады, біз беделді фестивальге жолдама алдық, оны мақтан тұтамыз.
«Витебскідегі Славян базары» XXXI Халықаралық өнер фестивалі 13-18 шілде аралығында Беларуссияда өтеді.
– Біздің ансамбль Қазақстанды абыроймен таныстырады деп сенемін. Жақында фестивальге дайындықты бастаймыз. Бізге жаңа, жарқын костюмдер мен реквизиттер керек, – деп қосты Мақпал Садықова.
«Шалқыма» шығармашылық академиясы осыдан жеті жыл бұрын Жезқазғанның Достық үйі жанынан құрылған болатын. Қазір ұжымда 4 жастан 17 жасқа дейінгі 225 бала айналысады. Биылдан бастап академия мемлекеттік тапсырыс аясында жан басына қаржыландыру бағдарламасының қатысушысы болғандықтан, балаларға арналған сабақтар тегін жүргізіледі.
Жомарт Шаймұрат