Жезқазғанда мемлекеттік тұрғын үй қорынан  мұқтаж отбасыларға 49 пәтер берілді

Биыл еліміз үшін мерейлі жыл. Ата – бабаларымыз аңсап, армандаған, сол арманы орындалған ұлтымыздың ұлық мерекесі — Тәуелсіздігімізге биыл 30 жыл. Осы айтулы оқиға аясында мысты өңірде бірнеше әлеуметтік жобалар іске асырылуда. Соның бірі «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы. Бағдарлама шеңберінде ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, халық үшін тұрғын үйдің қолжетiмдiлiгiн арттырылып, республикамыздың әрбір тұрғынының әлеуметтік-құқықтық жағынан қорғалуы қамтамасыз етілуде.

 

 

Біздің қаламыздың тұрғындары да игі істердің шапағатын көруде. Бүгін Жезқазған қаласы мемлекеттік тұрғын үй қорынан мұқтаж отбасыларға 49 пәтер бөлінгені жарияланды. Оның ішінде «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелеріне немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар тізімінде тұрған азаматтарға арнайы бірінші реттік нарықтан сатып алынған 10 пәтердің кілті табысталды. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары санатындағы азаматтарға жаңадан салынған Алашахан даңғылы 34И көппәтерлі тұрғын үйінен 39 пәтер берілді. Жалпы ағымдағы жылдың басынан 130 жезқазғандық отбасы қоныс тойын атап өтті, оның ішінде 28 жетім балалар категориясынан. Ал жыл аяғына дейін 90 пәтер өз иелерін табады.

 

 

Пәтер алғандардың ішіндегі алғашқылары кезекті 7 жыл күткен болса, соңғысы 2 жыл ғана кезекте тұрған. Бұл тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың оң көрсеткіштері деп білеміз.

Біздің мақсат – жыл сайын қаладағы тұрғын үй құрылысы көлемін 5000 ш.м. арттыра отырып (биыл 26,5 мың ш.м. тапсырылады), әрбір мұқтаж азаматты тұрғын үймен қамтамасыз ету!

 

Жомарт Шаймұрат