Жезтаңдай ақын жаңылдық
Халқымыздың басқаға ұқсамас өзгеше ерекшелігі өнер сүйгіштігінде. Оның бір себебі кез-келген ортада ойын-күлкі, сән-сауық, айтысқа елімізде жол ашық, сондықтан «әзілің жарасса, атаңмен ойна» дейтін де біздің жаны жайсаң халқымыз екені анық. Алыстан алты жасар қонақ келсе, алпыс жастағы қартымыздың құшақ жая қарсы алатыны да сондықтан. Үйге келген мейманға «ауылдың алты ауызын» айтып берген соң, «қонақ кәде» сұрайтын ежелгі әдетіміз және бар. Жаратқанның адам баласына сыйлаған ғажайып қасиеттері мол ғой, солардың ішінде жомарт көңіл, кеңпейілдік болса, ол да аңқылдаған аталарымыздың ұстанған жоралғысы. Ұлдарымыздың бәрі жаужүрек батыр, қыздарымыздың шетінен ақын, өнерпаз болатыны да ежелден үзілмей келе жатқан ата-баба салты.
Осы орайда Талас өңірін талмай зерттеген профессор М.Жолдасбековтің Төреқожа Ханқожаұлына берген сұхбатына құлақ ассақ, ол: «Ұлбикенің жолын қуған мен білетін ақын сіңлілері мыналар: Баян, Шынайым, Шәшкел, Назым, Жаңылдық. Бұлардың ішінде ең жүйрігі де, салауаттысы да Баян мен Жаңылдық»,- десе, біз де бұл пікірді құп көреміз.
Жаңылдықтың кезінде айтыстары да, өлең-жырлары да, тақпақтары да мол болса керек, алайда олардың көбі дер кезінде хатқа түспегендіктен бізге жетпегенге ұқсайды. Дегенмен де, ақын қыздың қолда бар дүниелері Төреқожа, Қалыбек, Құдайберген, Рақымбаймен т.б. айтыстары.
Осы орайда біз Құдайберген мен Жаңылдықтың айтысына аз-кем тоқталар болсақ, айтысты Құдайберген бастайды, ол:
Біз келдік, Әйтпембет бай ауылына, Істің жеңіл көруші ем ауырын да.
Ауылына Әйтпембеттің барамыз деп,
Кемпірдің мәслихат қылдық бауырына,- деп өзінің жағдайын аз да болса таныстырып өтсе, бұл құптарлық жағдай. Қарсылас ақынға сыпайлық таныту, оның шама-шарқын танып, ау-жайын түюге керек іс. Мұның ұтымды жақтары мол.
Айтыс өнері сауысқандай сақтықты қажет етеді, өзің құрған қақпанға абайсызда өзің түсіп қалмауың үшін де керек.
Әрине, Құдайберген ақынға Жаңылдық та ақынша іле жауап беруге тиіс, сыпайы сұраққа оңтайлы жауап қажет-ақ. Осыны жақсы сезінген Жаңылдық әрі қысқа, әрі нұсқа етіп келген ісінің мән-жайын сұрайды:
Кемпірдің мәслихат қып бауырында,
Белгісі шұбар аттың сауырында.
Әдейі арнап саған келдік дейсің,
Бар еді не жұмысың ауылымда?
Құдайберген ақын да қарсыласының сұрағына тез және ұтымды жауап береді. Ол:
Біз келдік Әйтпембет бай базарына,
Көріндің сен базардан назарыма.
Өзіңді көрмесек те естуші едік,
Сыртыңнан құмар болып ғазалыңа, — десе бұдан біздің байқағанымыз, Жаңылдық пен Құдайберген бұдан бұрын бірімен –бірі ұшырасып айтыспаған, тіпті кездеспеген сияқты.
Құдайбергеннің ақын қызға берген жауабы нақты емес, екіұштылау, сондықтан Жаңылдық көтеріңкі дауыспен өктемдеу тіл қатады.
Қай өлең, мына өлең жиырма өлең,
Шығады жиырмадан бұйырма өлең.
Тығармын екі аяқты бір етікке,
Апыр-ай, жұтамаса биылғы өлең.
Осы біз сөз етіп отырған ақындардың жан-дүниесіне сәл ой жіберсек, бірін-бірі қамшылап, бірін-бірі қайрай түседі, бұл айтыстың өзіндік ерекшелігі екені дау тудырмаса керек. Жаңа ғана сыпайы тіл қатып, бәсеңсіп отырған Құдайберген де қарсыласына қанаттана түскендей сыңай танытады, біз оның жауабынан анық байқаймыз:
Қарағым, менде де бар елу өлең,
Көңіліңді толтырамын елуменен.
Асықтым деп өзіңді көтермегін,
Алу сенен болғанда, беру менен.
Біз келтірген өлең жолдарында Құдайберген Жаңылдықты сабырға шақырған болып отырып, өзінің де еш ақыннан кем еместігін ескертеді. Алайда, Жаңылдықтың аяқ астынан тапқырлығы, іштей ширығып, іштей қанаттануы тыңдаушының көңіліне қонымды, әсерлі:
Ауылым көшіп барады өліктіге,
Жаяу жолдас болмайды көліктіге.
Аталық еркексініп сөз сөйлеме,
Мен сендей қарамаймын бөріктіге,- десе, ақын қыздың жауабына сүйсініп қаласыз.
Профессор М.Жолдасбеков Жаңылдық пен Рахымбайдың айтысы жайлы айта келіп: «Даңқын естіп Күнгейден әдейі іздеп келген Рахымбай мен ақын қыз Қаратаудың етегінде, кең жайлауда айтысқан екен.
Рахымбай:
Мен танысам жиырма жетідесің,
Отырсаң енді бес жыл жетілесің.
Баладан әйел қырықта қалад деген,
Қалдым деп өкінерсің.
Жаңылдық:
Ақынның дүрілдеген дүрі екенсің,
Жолықпай адамыңа жүр екенсің.
Шаянның биік тауын пана тұтып,
Сорлының ауалаған бірі екенсің.
Жасым бар жиырма бірде, жасырмаймын,
Басымнан жігіт сөзін асырмаймын.
Ақынды тура келген арыныма,
Жүн қылмай, шүйкелемей басылмаймын.
Кедейдің баққан малы семіз болар.
Әр туған балам менің егіз болар.
Қамымды жемей-ақ қой Рахымбай,
Төрт тусам, екі- екіден сегіз болар.
Осы жолдардың өзі Жаңылдықтың нағыз ақындығын растағандай», — дейді зерделі ғалым. (М.Жолдасбеков. «Асыл арналары», 1990ж., 274-275 бб.).
«Талас тынысы» газетінде Жаңылдықтың туған жері Жамбыл облысы, Талас ауданы, Үшарал ауылы, руы ошақты, оның ішінде тасжүрек, шешесі алдына жан салмаған айтыс ақыны болыпты. Ол «1898 ж. туып, 1959 ж. қайтыс болған» делінеді. Ақын қыз жайлы «Ақ жол», «Талас тынысы», «Арай», газеттерінің беттерінде әр кездері материалдар жарияланып тұрғаны мәлім.
Ертеде Төле би заманында тағы бір Жаңыл ақын өтіпті, ол атақты биді сырқат деп көңілін сұрап барыпты:
Жанға, сұрауласып аманыңды,
Естіп тұра алмадым хабарыңды.
Жатырсың қара нардай енді көлбеп,
Тоздырған жауға қарсы табаныңды.
Сүлеймен, Іскендірмен желге мінген,
Сап байқап қызметінде олар жүрген,
Бәрінен бәрін жеңіп сүріндірген,- дегенде Төле би жастықтан аударылып жатып: «Шырағым Жаңыл, ақыретің мамыр болсын», — депті. (Төле би, 1 т. 2013ж., 430-431 бб.).
Біз ертедегі адамдардың бір-біріне деген ақ ниетін, ыстық ықыласын, өзін емес, елін – жұртын ойлайтынын сөзінің емеурінінен танимыз. Олардың асыл сөздері, ғибратқа толы ғұмыр жолдары бізге әркезде үлгі-өнеге.
Сол Жаңыл апасының ізін қуған сіңілсінің бірі Жаңылдық та өзіндік айтары бар, тапқыр, өткірлігімен қоса, әзіл- қалжыңды орнымен толғайтын өрелі ақын. Біз оның:
Жаңылдық жас күнімнен өзім «маспын»,
Ұсынса қол жетпейтін гауһар таспын,-деп өз бағасын да жақсы білетінін байқаймыз.
Артына осындай ұлағатты сөз қалдырған, кезінде ел ішінде «жезтаңдай ақын» атанған Жаңылдық Әйтпембет қызының атын Үшарал ауылындағы Мәдениет үйіне берсе деген сол ауыл адамдарының ұсыныс — тілектерін ескергенді жөн көреміз.
Сәрсенбі Дәуітұлы,
зерттеуші.
«Түркістан» газеті.
28 тамыз, бейсенбі, 2014 жыл.