ЖИЕН ЕЛ БОЛА МА?

Түсіндірейін:

…Қазақта «Жиен ел болмайды» деген сөз бар…

Бұл бұрынғы Қазақ Елі қалыптасқан заманда өте дұрыс айтылған, әрі Ел бірлігі мен тұтастығына ықпал еткен «ереже» болды. Себебі, ол заманда әрбір ру, тайпа белгілі бір аймақты иеленіп, сол жерде өсіп-өнді, ел болып жерін қорғады…

…Қазақ қызын «Жат жұрттық» дегенде — осыны айтқан.

Себебі, ол жиендерін «немере» деп бауырына басса, онда ол елден бірлік кетер еді, әр жақтан келген келіндерден туған балалардың әрқайсысы өз «нағашысына» тартып, осы жердің иесі боп отырған рудың іші өзара алакөз болушы еді…

Сондықтан, дана қазақ оған жол бермеген. «Қызда жұрт болмайды» деп, әрбір ұлға «Не көрсең де еліңмен бірге көр» деп айтатын болған…

Яғни, олар ұлды өз елін қорғайтын, қызын қарындас деп силайтын Жігіт болсын деп тәрбиелеген.

Тек, нағашыдан алыстап кетпесін, анасын ренжітпесін деп, «Жақсы жігіт нағашыға тартқан» деп көрсеткен.

Мұнысы — одан бөлек ұл-қыз тапқан келініне «құрсағы алтын келін» деген разылық сөзі болатын…

Осының арқасында қазақ қыздары барған жеріне «тастай батып», сол елдің АНАЛАРЫНА айналған.

Міне, ол өз кезегінде, қатарлас, тілі ортақ руларды қалыптастырып, оларды құдандастырып, біртұтас ҚАЗАҚ ЕЛІН құраған.

Сондықтан мына алып даладағы Қазақтың қай жері болмасын біркелкі тілде, бірыңғай салт-дәстүрде болған…

Дана қазақ осылай, қыздарын еркін ұстап, батырларды, яғни «Ел баласын» тәрбиелеген…

(Егер қазіргі молдалар айтуымен паранжамен тұмшалап, қызды күйеуге шықпастан, өз ауылында, жеті атадан басы қосылатын бауырларына «қарындасың» деп санауға үйретпей, олардың алдында төрдегі ерке қызын «болашақ әйел» ретінде санаған болса олай болмас еді).

Ал, қазір жағдай өзгерді…

Енді белгілі бір аймақты иеленіп, оны «сыртқы жаудан» қорғайтын Рулық жүйе қирады.

Қазір қазақ рулары мидай араласып кетті. Қыз алысқа бармай ақ, көршісінің баласына үленіп «жат жұрттыққа» айнала салатындай жағдайға жеттік кейде…

Ал, қалалар мен үлкен елді мекендер әр рулардың жиылған тұрғылықты мекенге айналды…

Енді қазақ өз жерін Қазақ Елін, яғни Қазақстан мемлекетін біртұтас қорғайтын болды.

Бұл жағдайда енді «Жиен ел болмас» деген сөз өз мағынасын жоғалта бастады.

Себебі, енді әр қазақтың тұтас жерін, ортақ Отанын «Нағашылар» мен «Жиендер» біріге қорғайтын заман келді: ол — Қазақстан Әскери Күштері деп аталады.

Бұл жағдай Жиен мен Нағашы арасы өте жақын туыстықта, бірлікте болуды талап ететін болды.

…Одан өзге, кей жағдайда «Жиен ел болмас» деген сөз Елдің бірлігіне қауіп төндіретін сөзге айналатын болды.

Ол Қазақстан азаматын өсіруге кедергі болатындай жағдайға келді…

Неге десеңіз, қазір елімізде мыңдаған «жалғыз басты» аналар өмір сүруде… Одан өзге — ажырасқандар бар, жесірлер бар..

Егер біз ол аналардың балаларын «жиен» деп, кеудеден итерсек, онда ол балалар не «өз жұрты» жоқ, не «нағашы жұрты» жоқ, нағыз ТҰЛ ЖЕТІМГЕ айналар еді.

Ондай «жұртсыз балалар» мына өмірге өш, мейірім көрмеген қатыгез болып өсіп, Қазақтың Елдік дамуына өте зиян болар еді…

Ал, қазақтың өзі де осылай өз қыздарын шеттетіп, онсыз да тағдыры ауыр қызын шын мәнінде ТАҒДЫР ТӘЛКЕГІНДЕ қалдырып, өзі де елдік тұрғыда шашырап, ұлттық тәрбиеден ажырап, кімге болса соған жем боп кетер еді…

Сондықтан, қазір қазақ бұрынғы «ережені» өзгертіп жиендерді де «қыздан туған немере» деп бауырына басуды үйренді.

Оны қазақ енді еш әбестік санамайтын болды.

Бұл еліміздің ӨРКЕНИЕТТІ ЕЛГЕ айналуының ерекше бір белгісі.

Сол себепті, қазір көбіне ұл баласына да, жиеніне де бірдей құшақ жаятын болды…

Тіптен, қыз баласын көбірек құрметтейді ма деймін…

Міне, заман өзгеруімен бірге, қазақтың кей дәстүрлері де осылай өзгереді екен.

Мен соны баяндап бердім, бауырларыма!

Ә.БӘКІРҰЛЫ