ЖИЕНҚҰЙРЫҚ НЕМЕСЕ ЖИЕНҚҰРЫҚ

Қазақ қыздарынан туған баланы «жиен» деп, оларды ерекше еркелетіді. Қанша еркелесе де, əуре-сарсаңға салса да, «Иттің күшігі» деп күле қабылдайды. Жиендер ұнатқан нəрселерін сұрамай əкетсе, «Əлгі күшік тістеп кетті» деп риза болады.
Бұл тартудың «Жиенқұйрық» аталу себебі: Ертеден Қайқы бидің жақсы көретін ақылды Смет деген жиені болыпты.
Смет нағашысына барып: – Ата, маған келесі жылғы төліңізден он қозы беріңіз, – десе, атасы: – Қой құйрығында түймесі бар қозы туса, саған беремін, – депті. Келесі жылы барлық қой түймесі бар қозы туыпты. Көрген ел: – Бұл қалай болғаны?, – десе, нағашысы: – Бұл түгелімен ЖИЕНҚҰЙРЫҚ, – депті.
Келесі жылы жиені келіп атасына: – Осы ешкілерден алған төлді маған беріңізші, – депті, жайылып жүрген 20 ешкіні көріп. Нағашысы: – Жиенжан, еркек болса лақтары сенікі, үстіне тағы бір лақ қосып беремін, – депті. Келесі жылы 20 ешкі 40 еркек лақ туыпты.
Нағашысы сөзінде тұрып, лақтарын беріпті.
Лақтарды айдап кетіп бара жатқан жиеніне қарап атасы: – Жиен келгенше ауылға, жеті бөрі келсін, – депті. Қазақта жиенге 40 серкеш атау осыдан қалған.
Смет бір жылда тағы келіп нағашысына: – Келесі жылы бие шұбар құлын туса, маған беріңіз, – дейді.
Құлындаған биеден 40 шұбар құлын туыпты.
Қайқы би 40 құлынды жасырып, жиеніне: – Ойбай жиен, биелер шұбар құлын таппады, – деп алдап, жиеніне тана-торпақ беріпті. Жиені атасының алдағаның біліп, ренжіп кетеді.
Көп кешікпей Қайқы бидің малы қырылады.
Сол кезде: – Жиеннің наласы жаман, – деген екен Қайық би. Сондықтан қазақ жиені не сұраса соны беретін болыпты.
Ал «Жиенқұрық» атауының шығу себебі – нағашысы ауылына келген жиеніне қолына құрық беріп: – Өзіңе ұнаған малға құрық сал, – дейді екен.
Демек, құрық тиген мал жиеннің еншісі болған. Көбіне қазақтар «Жиенқұрық» деп, үйіне алғаш келген жиенге қазіргі заманда қозы-лақ немесе мал атайды.
Қазақтар негізінен «Жиенқұрық» тартуы көп қолданады.
Этнограф Райхан Матаева.