ЖІГЕРІ МОЛ ЖАС ҚҰТҚАРУШЫЛАР

Тараз қаласында 18-22 шілде аралығында Қазақстан Республикасының Өрттен құтқару спорты бойынша ХХІХ ерлер арасындағы және ІХ әйелдер жазғы чемпионаты өтуде. Біріншілік өздерінің қызметтік міндеттерін атқару барысында қаза болған өртсөндіруші-құтқарушыларды еске алу мақсатында ұйымдастырылды. Сайысқа барлығы 34 команда, атап айтқанда, ерлер арасында – 20, әйелдер арасында 14 топ қатысып, сынға түсіп жатыр.
Қатысушылар мен ұйымдастырушылар алдымен 18 шілде күні қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында қызметтік міндеттерін атқару барысында қаза болған өртсөндіруші-құтқарушыларды еске алу мақсатында батырлар ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Ерлікпен көз жұмған батырлардың рухына тағзым етті.
Жарыстың бірінші күні қатысушылар ерлер мен әйелдер арасындағы 100 метрлік кедергілер арқылы жүгіру сайысында бақтарын сынады. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған құтқарушы-спортшылар жарыстың осы түрінде өздерінің кез келген сынға дайын екенін дәлелдеп, мықтылықтарын танытты. Аталған сайыста ерлер арасында I орын тұғырынан Ильдар Ізбасаров көрінді. Шымкент қаласы құрама командасының намысын қорғаған ол 16,05 секунд нәтижесімен үздік өнер көрсетті. Аталған команданың жетекшісі – Дархан Райханов. Жаттықтырушысы – Мухритдин Шамшидинов. Айта кетейік, Шымкент қаласының құрама командасы жауынгерлік қанат жаюда ел чемпионатының 2 дүркін чемпионы. Шымкент қаласының әйелдер құрама командасы болса, 2016 жылғы жазғы ойындар чемпионы.
Шығыс Қазақстан облысы құрама командасының атынан шыққан Николай Буторин берілген тапсырманы 26 секундта орындап, II орынды иеленді. Ал III орынға осы Шығыс Қазақстан облысы командасының құтқарушы-спортшысы Мақсат Романов жайғасты. Ол тапсырманы 33,66 секундта аяқтады. Бұл команданың да жетістіктері аз емес. Құрама – Қазақстан Республикасы Федерация кубогының 2019 жылғы жеңімпазы. Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша чемпионаттың бірнеше дүркін жеңімпаздары. Команда жетекшісі – Иван Васильев, жаттықтырушысы – Евгений Поволоцкий.
Ал 100 метрлік кедергілер арқылы жүгіру бойынша әйелдер арасындағы сайыста Алматы қаласынан келген Оксана Золба жеңімпаз атанды. Оның нәтижесі 16,60 секундты құрады. Алматы қаласының құрама командасының жетекшісі – Ернар Арапбаев, жаттықтырушысы – Руслан Мезиков. Алматы қаласы әйелдер құрама командасы 2018 жылы Ақтөбе қаласында өткен чемпионаттың ІІІ орын иегері, 2021 жылы Астана қаласында өткен чемпионаттың ІІІ орын иегері. Ал ерлер құрама командасы 2019 жылы Атырау қаласында өткен жазғы чемпионаттың күміс жүлдегерлері.
Бұл сайыста II орынды 17,75 секунд нәтижесімен Астанадан келген Алла Серікханова иеленді. Топ басшысы – Назарали Селимов. Жаттықтырушысы – Орал Жылқайдаров. Астана қаласының әйелдер құрамасы өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша жазғы және қысқы чемпионаттардың жеті дүркін чемпионы және бес дүркін күміс жүлдегері. Бірнеше жауынгерлік орналастыру және өрт эстафетасының чемпиондары. Астана қаласының ерлер құрамасы өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша жазғы және қысқы чемпионаттардың бес дүркін чемпиондары, жауынгерлік өрістету бойынша бірнеше дүркін чемпиондары. Сонымен қатар өрт сөндіру эстафетасының үш дүркін жеңімпаздары.
Түркістан облысы құрама командасының белсенді ойыншысы Тұрсын Айдана III орынға лайық деп танылды. Ол берілген тапсырманы 20,44 секунд ішінде еңсерді. Құрама жетекшісі – Тимур Ыбрахим. Команда жаттықтырушысы Музаффар Ирисов. Түркістан қаласының әйелдер құрамасы 2021 жылы Атырауда өткен Федерация Кубогында 100 метрлік кедергілер арқылы жүгіру мен өрт сөндіру эстафетасының күміс жүлдегері атанған. 2022 жылы Шығыс Қазақстан облысында өткен қысқы чемпионатта олар жалпыкомандалық есепте
ІІ орынды жеңіп алды. Сондай-ақ 2022 жылы Маңғыстау облысында өткен Федерация кубогының күміс жүлдегерлері.
Сайыстың екінші күні Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі аумағының оқу мұнарасында ерлер мен әйелдер арасында шабуыл сатысымен оқу мұнарасына көтерілу бойынша жарыстар өтті. Құтқарушы-спортшылар қас қағым сәтте оқу мұнарасын бағындырып, ептіліктері мен батылдықтарын көрсетті. Сайысқа түсумен қатар, олар биіктікте жұмыс істеуге үйренеді, рекациясын дамытады, жылдамдығы мен шыдамдылығын жетілдіреді. Өрт сөндіру спортының ең қауіпті түрі – оқу мұнарасының ең жоғарғы қабатына шабуыл сатысымен көтерілу. «Старт» сигналынан соң құтқарушы-спортшы қолындағы шабуыл сатысымен оқу мұнарасына жүгірген бойы оның әр қабатының ойығына сатыны бекіту арқылы көтеріліп, ең соңғы қабаттың байланыс пластинасына аяғын тіреумен мәрені бағындырады. Спорттың бұл түрінде секундтың әр жүздік үлесінің өзі маңызды.
Аталған сайыста ерлер арасында Атырау облысының спортшысы Жасұлан Қайсарбеков жеңімпаз атанды. Ол мұнараны 13,78 секундта бағындырып, кіл мықтыдан озық шықты. Атырау облысының құрама командасының жетекшісі Айбек Құспанғалиев болса, құрама жаттықтырушысы –
Жасұлан Қайсарбеков. Команда 2019 және 2021 жылғы Қазақстан Республикасы чемпионатының, 2019 жылғы Петропавл қаласында өткізілген Федерация кубогының, Байқоңыр қаласында өткізілген ашық чемпионаттың күміс жүлдегерлері, 2019 жылы Орал қаласында өткізілген полковник Ж.Фазыловты еске алуға арналған турнирдің чемпионы.
II орынды 14,35 секунд нәтижесімен Астана қаласы командасының мүшесі Нұралы Мағау иеленді. Қызылорда облысының намысын қорғаған Еркін Әбдібек тапсырманы 14,60 секундта орындап, нәтижесінде III орыннан көрінді. Сыр өңірі командасының жетекшісі – Әбділда Баякеев, жаттықтырушысы –
Владимир Ситников. Құрама 2015 жылы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің ұйымдастыруымен Орал қаласында өткен чемпионатта жауынгерлік қанат жаю спорт түрінен III орынды иеленген. Сондай-ақ 2022 жылғы Ақтау қаласында өткен Федерация кубогында жалпыкомандалық есепте ІІІ орынды жеңіп алған.
IV орынды Батыс Қазақстан облысының құтқарушы-спортшысы Дмитрий Агафонов 14,77 секунд нәтижесімен иеленді. Топ жетекшісі – Ерен Бурекешев, ал жаттықтырушысы – Ғалымжан Қажымұратов. Батыс Қазақстан облысының ерлер құрамасы 2018 жылы Ақтөбе қаласында өткен өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша Қазақстан Республикасының жазғы чемпионатының қола жүлдегері. Батыс Қазақстан облысының әйелдер құрамасы өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша Ақтөбе қаласында өткен жазғы чемпионаттың чемпиондары.
Әйелдер арасында шабуыл сатысымен оқу мұнарасына көтерілу сайысында Ақмола облысының командасының спортшысы Анастасия Хорошева жеңімпаз атанды. Оның нәтижесі 07,32 секундты құрады . Түркістан облысы командасының намысын қорғаған Айдана Тұрсын тапсырманы 07,46 секундта орындап, ІІ орынды иеленді. Түркістан облысының спортшысы Назерке Өмірғалиева 07,55 секунд көрсеткішпен III орынға жайғасты.
Айта кетейік, ертең «Тараз» орталық стадионының аумағында өрттен құтқару спортының өрт сөндіру сайысы өтеді.
Сонымен қатар 22 шілдеде «Жастар» стадионында өрт сөндіру құтқару спортының жауынгерлік қанат жаю түрінен жарыс ұйымдастырылады. Сол күні «Жастар» сарайында чемпионаттың салтанатты жабылу рәсімі өтеді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ, Ar-Ay