«Жігері жасымаған желтоқсаншылар»
Биыл «Желтоқсан оқиғасына» 37 жыл толып отыр. Тәуелсіздігімізді жақындатқан 1986 жылғы қазақ жастарының ерен ерлігі өскелең ұрпақтың жадынан ешқашан ұмыт қалмай, жас буынға ұдайы дәріптеліп келеді. Желтоқсан оқиғасы Қазақстанның Тәуелсіздікке жасаған алғашқы қадамы, тәуелсіздіктің бастауы ретінде бағаланады. Осы орайда бүгін Мойынқұм ауылындағы мәдениет үйінің орталық кітапханасында «Жігері жасымаған желтоқсаншылар» тақырыбында желтоқсаншылармен кездесу кеші өтті. Іс-шараны ашқан аудан әкімі Ә. Балқыбеков желтоқсан оқиғасының куәгерлерін Тәуелсіздік күнімен құттықтай отырып жылы лебізін білдіріді және оларды «Құрмет грамотасымен » марапаттап естелік сыйлар ұсынды. Мойынқұм аудандық мәслихатының төрағасы Н. Саурықов та өз кезегінде құрметті қонақтарды мерекелерімен құттықтай отырып «Алғыс хаттар» табыс етті. Ал «Аманат » партиясының аудандық филиалының төрағасы М.Көшкімбаев қонақтарға партия атынан арнайы сый сыяпаттар табыстады.
— Шара барысында желтоқсаншылар 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы жайында бастан кешкен оқиғалары және естеліктерімен бөлісті. Желтоқсан батырлары 16-18 желтоқсанда алаңда болған оқиға жөнінде өз көргендерін айтып, бір сәтке өткен күнге оралды.
Кездесу барысында сөз сөйлеген желтоқсан оқиғасының қатысушысы, ақтау қағазын алған Л. Қожагелдиева елімізге ең бастысы тыныштық, балаларға бейбіт өмір тіледі.
Мұнан кейін Жамбыл мектеп гимназиясының озат оқушылары Желтоқсан оқиғасына қатысты жыр жолдарын мәнерлеп оқып берді. Бұдан кейін аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық әндер шырқап, өлең жолдарын оқыды. Жиынға сондай-ақ ауданның жастар қауымы мен БАҚ өкілдері қатысты.