Жігерлі жастардың жетістіктері

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма төрағасы-ректор Талғат Ешенқұлов халықаралық және респубикалық спорттық жарыстардан жүлдемен оралған жігерлі жастармен кездесті.

Бұл –табанды әрі талапшыл студенттердің ректормен алғашқы кездесуі емес. Былтыр да әр деңгейдегі додалардан олжамен оралғанда оларды оқу орнының басшысы арнайы қабылдаған болатын.

 

– Былтырғы кездесу мен үшін үлкен мотивация болды. Сіздің бізге сенім артып, жетістікке жеткенімізге қуаныш білдіргеніңіз, арнайы қабылдағаныңыз серпін берді. Осыдан кейін жаттығуларды бұрынғыдан да күшейте түстік. Осы жолы жарыстан жүлдесіз қайтпау үшін барынша тырыстық. Оқуда да үлгерімімізді төмендетпеу үшін барымызды салып жатырмыз, — деді жақында ғана арбада билеуден өткен ел чемпионатынан жүлдемен оралған Ерғали Төлеубеков.

Бұл жарысқа М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінен 2 студент қатысқан болатын. Бірі – бүгінде 2-курста оқып жатқан Ерғали болса, екіншісі 1-курстан-ақ белсенділігімен көзге түскен Әсел Мұсаева. Олар кездесуде жарыс барысы туралы әңгімеледі.

Германияда өткен халықаралық турнирде үздіктер қатарынан көрінген Дулати университетінің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының 3-курс студенті Айбек Искраның жарыстан алған әсері көп екен. «Жұптасып жүзуден Германияның халықаралық чемпиондары» атты (Internationale Deutsche meistercahaften Im para schwimmen) жарыста алғашқы үштіктің қатарынан көрінген Айбек күміс жүлдені еншілеуге сәл ғана сәттілік жетіспей қалғанын айтты.

Айбек бұған дейін де S-13 дисциплинасы бойынша «Брасс» әдісімен 100 метр қашықтықта өтетін халықаралық жарыстардан бірнеше мәрте жүлделі оралған болатын.

Ректор шектеулі мүмкіндіктеріне қарамастан, табысқа жетудің барлық мүмкіндіктерін пайдаланып жүрген студенттерге ризашылығын білдіріп, емен-жарқын әңгімелесті. Жігерлі жастар көрсетілген сый-сияпаттан бұрын Талғат Ілиясұлының өздеріне көңіл бөліп, қал-жағдайларын сұрағанына, ашық диалогқа шақырғанына риза болды.

«Білім беру процесінен, жалпы университеттен қандай өзгерістер көргілерің келеді?» — деген сауалға студенттер іркілмей, өз ой-пікірлерін жеткізді. Жатақханада, оқу корпустарында қандай жағдай жасалса, мүмкіндігі шектеулі жастар үшін қолайлы болатынын айтып, ұсыныс-тілектерін жеткізді.