Жігітке жеті өнер де аз…
Облыстың азаматтық қорғау саласында уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген кілең сайдың тасындай іріктелген азаматтар, яғни, от жауынгерлері жетерлік. Бүгінгі әңгімеге арқау болғалы отырған жан да осындай өз ісінің майталман маманы десек қателеспейміз. Тараз қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Айдос Қасқаевтың пікірінше, Ерболат Керімбаевты әріптестері де тек жақсы қырынан таниды.
№1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші- құтқарушысы, азаматтық қорғау кіші сержанты Ерболат Керімбаев Сарысу ауданының Жаңаарық ауылында дүниеге келген. Ол үйдегі үш ағайындының ең үлкені. Ерболат Тараз қаласындағы №34 мектепті тәмамдаған соң одан әрі білімін жалғастыру үшін теміржолшылар даярлайтын колледжге оқуға түседі. Осында оқумен қатар, спорттың бокс түрімен және қоян-қолтық төбелес түрімен белсенді айналысады. Ал, волейбол мен футбол десе ол бұрыннан «ішкен асын жерге қоятын» жандардың қатарында еді. Мұндайда «жігітке жеті өнер де аз, жетпіс өнер де көптік етпейді» дейді дана халқымыз.
2015 жылы облыс орталығындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне өрт сөндіруші-құтқарушы болып орналасқан Ерболат қызметке келгеннен тек өрт ғана емес, қарлы боран кезінде немесе елді мекендерге су жайылғанда да бірнеше рет апаттық- құтқару жұмыстарының бел ортасынан табылып жүр. Сондай-ақ, ол Меркі және Т.Рысқұлов аудандарындағы таулы аймақта тұтанған өрт оқиғаларын жоюға да белсенді атсалысқан.
Ерболаттан жұмыс барысында ең есте қалған оқиғаны айтып беруін өтінгенімізде, ол аз-кем ойланып барып:
– Ол өрт оқиғасы осыдан бірнеше жыл бұрын орын алған еді. Әдеттегіше кезекшілікке түскен кезім болатын. Абай көшесіндегі бес қабатты тұрғын үйдің біріндегі пәтерден өрт шыққандығы жөнінде хабарлама келіп түсіп, оқиға орнына шұғыл аттандық. Ол кезде аталған өртті сөндіру жұмыстарын азаматтық қорғау подполковнигі, марқұм А.Н.Микропуло басқарған еді. Біз оқиға орнына жеткенде пәтер ішінде адамдар қалып қойғандығын анықтап, жедел түрде газ-түтіннен қорғау буынына қосылып, қою түтін мен бет шарпитын ыстық жалынға қарамастан ішке кірдік. Қалың қою қара түтіннің арасынан бір мүгедек кісі мен екі кәмелет жасына толмаған баланы сыртқа алып шығып, дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсеттік. Ал, бұл кезде өзге әріптестерім өрттің одан әрі жайылуының алдын алып, қызыл жалын дер кезінде сөндірілді. Мұндай оқиғалар біздің жұмысымызда жиі болып тұрады ғой, – деп әңгімесін аяқтады.
Жалпы, Ерболат Керімбаев өрт сөндіру бөлімдері арасында өткен газ-түтіннен қорғау қызметі буынының облыстық жарысында бөлімдегі әріптестерімен бірге жүлделі орындардан көрініп жүр. Ерболаттың зайыбы Жанар да бүгінде өртке қарсы қызмет саласында еңбек етеді, күштер мен құралдарды жедел басқару орталығында диспетчер. Екеуі бүгінде екі ұл тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы. Ендеше, егемен елімізде Ерболаттай еңселі жігіттер көп болсын дегіміз келеді.
Ақ жол газеті