Жігітте де жігіт бар …
«Күндер, күндер, күндер-ай зымырауық, түс ауғанша кетеді ғұмыр ауып» деп үлкен ақын Ұлықбек Есдәулет айтқандай кеше ғана жастықпен жалын атқан замандасым, қырық жылдай бірге жүрген әріптесім Жексембай Арғынғазыұлы Мейрембаев алдымыздағы сәуірдің он бесінде жер ортасы жетпіске толады.
Бар ғұмырын, құдай берген таланты мен күш-жігерін байланыс саласына арнаған Жексембайдың бүгінде әлемге әйгілі «Қазақтелеком» компаниясы басшыларының ішінде білікті маман, тамаша ұйымдастырушы ретінде орны ерекше. Қасиетті халқымыздың «Жүйрікте де жүйрік бар, қазанат жайы бір басқа, жігітте де жігіт бар, азамат жайы бір басқа» деген сөздері біздің Жекен жайлы айтылғандай. Қашанда бірқалыпты, сөзі мен ісіне берік, қызметкерлердің жағдайларын түсінетін, мұқтажға қол ұшын бере алатын, ер көңілді ерекше басшы деп Мейрембаевты айтуға болады.
Жексембай Арғынғазыұлы 1949 жылдың 15 сәуірінде Аягөз қаласында теміржолшылардың жанұясында дүниеге келген. Оның ата-анасы 1949 жылдан 1983 жылға дейін Қаратас жол бекетінде тұрған. Жекен бастауыш мектепті осы жерде аяқтап, 5-сыныптан бастап Матайдағы мектеп-интернатта тәрбиеленген. Бұдан әрі Жексембай 1969 жылы Алматыдағы байланыс техникумын бітіріп, Новосибирдің электротехникалық байланыс институтына түсті. Ресейдің ең мықты оқу орындарының бірінен саналатын институттың оқытушылары жас жігіттің білімге деген ынта-жігерін әділ бағалап, қолдау көрсетті. Институттың проректоры А.Ф.Зиневич, кафедра меңгерушісі П.В.Кочетов сияқты ұстаздар Жексембайдың терең білім алып, азаматтық жолға түсуіне зор ықпал етті. Мейрембаевтың еңбекқорлығы, істі ұйымдастыра білетіндігі студенттер мен ұстаздардың назарларынан тыс қалмай, ол топтың кейінірек бір потоктың старостысы болып сайланды. Бес жыл бойы еткен еңбек еш кетпей, Жексембай институтты қызыл дипломмен аяқтады.
Кішкентай ғана ауылдан шыққан ұлдың Ресейдің белді институтын зор табыспен аяқтауы кез келгеннің маңдайына жазалмаған нәрсе. Студенттік жылдардың оның өміріне еткен әсері ұшан-теңіз. Бұлар ұмытылмайтын туристік сапарлар, спорттық кездесулер, студенттік құрылыс жасақтарының белсенді мүшесі болуы, байланыс нысандарын салу, жер көріп, алыс қалаларды аралау.
Жексембай еңбек жолын Талдықорған облысының Бөрлі төбе, Ұштөбе аудандарынан бастады. Сәтті басталған жұмыс айлары зымырап өтіп жатты, екі жылдан кейін Жексембай Алакөл аудандық байланыс торабының бастығы қызметіне жоғарылатылды. Бұл шекараға жақын орналасқан маңызды тораптардың бірі болатын. Аудан орталығында үш қабатты байланыс үйі салынып, ол қуатты координатты АТС және басқа жаңа қондырғылармен жабдықталды. Бұл жұмыстарды тез әрі сапалы атқару жаңа сайланған мекеме бастығы Жекеңе жүктелді.
Осындай аса жауапты істерді атқару үшін Жексембай бұрын өзімен бірге істеген А.Наумов, М.Данилин, С.Құрмашева сияқты мамандарды шақырды. Жұмысының сәтті болғанын мынадан көруге болады: бес жыл ішінде торап ұжымы социалистік жарыста тоғыз рет облыстық партия комитеті мен облыстық байланыс басқармасының Қызыл туларына ие болды.
1982 жылдың тамыз айы Ж.Мейрембаевтың өміріне күрт өзгеріс әкелді. Оны қазақтың біртуар ұлы, қоғам кайраткері, байланыс министрі Сәбит Байжанов кабылдауына шақырып, Арқалық қалалық байланыс торабының бастығы қызметін ұсынды. Осы күннен бастап жас маман Мейрембаев және еліміздің белді азаматтарының бірі С.Байжанов арасында абзал аға мен ілтипатты ініде болатын достық катынас орнай бастады. Қиындықтан қашпайтын Жекенді мұңда да сын көтермейтін байланыс желісі, қиын да қызықты тораптық жұмыстар күтіп тұр еді. Осындай кезде сенімді мамандарды, Ресейде оқу бітірген жастарды шақыруға, олар үшін тұрғын үй, жатақхана салуға тура келді. Ж.Мейрембаевқа облыстық байланыс басқармасы, соның ішінде Б.Тұрғанбаев, В.Асетов, К.Ахмединдер үлкен көмек көрсетті.
Торғай жеріндегі жұмыс істеген жылдар Жексембайға саланы жете меңгеріп, түрлі деңгейдегі басшылармен істес болып, бай тәжірибе жинап, қызметте жаңа биіктерге апаратын баспалдақ болды. Алда бұдан да маңызды, күрделі істер күтіп тұр еді.
1986 жылдың жазында Ж.Мейрембаев өзінің туған жеріне — Талдықорғанға облыстық байланыс басқармасының бастығы дәрежесінде оралды. Бұл министрден кейінгі ең үлкен лауазым саналатын. Өйткені бұл дәрежедегі адам өзі жұмыс істейтін аймақта шешімдер қабылдап, түрлі жобаларды іске асыра алатын. Сонымен қатар облыстағы байланысқа қатынасы бар тірліктің бәрі үшін де жауап та беретін. Жекеңнің алдымен қолға алғаны — қызметкерлер арасында сол жылдары әдетке айналған жоғарыға арыз жазуды (оған себептер де бар еді) тоқтатып, олардың күш-жігерін алға қойылған игі мақсаттарды іске асыруға жұмылдырды, өйткені ол қызметкерлеріне қашанда жақын тұратын, олардың мұң-мұқтажын өз мүддесінен жоғары қоятын.
Жексембай телекоммуникация жүйелерінің жұмыстарын жақсартумен қатар жұмысшылардың әл-ауқатын арттыруға, әсіресе байланысшыларды тұрғын үймен, әлеуметтік нысандармен қамтамасыз етуге көп көңіл бөлді. Соның арқасында Талдықорғанда алғашқы емдеу орны, балабақшасы, үш жүзден артық пәтерлер іске қосылды. Бұл жұмыстар Жексембайды байланыстың қыры мен сырына үйреткен ұстаздарының бірі Елтай Батырбеков ағасының белсенді араласуымен атқарылды. Елге еткен еңбек өз бағасын алды.
Талдықорғанда бүкілодақтық семинар-кеңес өткізілді. Одақтың сол кездегі министрі В.Шамшиннің бұйрығымен Мейрембаевқа «Совет Одағының байланыс шебері» деген атақ берілді. Бұл саладағы ең жоғары марапат еді, өйткені мұндай атақтың иегерін одақтық министрдің өзінен басқа ешкім әкімшілік жағынан жазалай алмайтын-ды. Бұдан әрі шетелдік несиелер алу мүмкіндігі туып, облыста түріктер шығарған қуатты автоматты телефон станциясы, сандық АТС-тер іске қосылды. Жиырма төрт елді жалғастырған аты әлемге әйгілі Транс-Еуропалық талшықты-оптикалы байланыс желісі салынып, Алматы, Талдықорған облыстарының аудандары халықаралық стандартқа сай байланыспен қамтамасыз етілді. Кейінірек аудан мен ауданды, облыстарды біріктіру жайлы шешім қабылданып, Талдықорған аймағы астаналық облысқа қосылып, облыс орталығы Алматы болды. Жексембай Алматыға орын теуіп, министрліктің, жаңа құрылған Ұлттық акционерлік қоғамның басшыларымен ең жақын жердегі Бас директор ретінде қоян-қолтық қызмет атқарды. Көп ұзамай Жексембай Қазақтелеком филиалдары басшыларының қоғамдық негізде құрылған Кеңесінің бірінші төрағасы болып сайланды. Компанияның аяғынан тік тұрып, әлемдік аренаға шығуына осы Кеңестің де игі әсері болды.
Директорлар Кеңесі, компанияның тәжірибелі вице-президенттері кейбір үкімет мүшелерінің Қазақтелекомды бөлшектеу, әрбір облыста жеке қоғам кұру жайлы ұсыныстарына табанды түрде қарсылық көрсете білді. Сөйтіп, телекоммуникация біртұтас қуатты сала ретінде сақталды.
Отыз жылдай Алматы облысының телекоммуникация басқармасын басқарған, «Құрмет» орденінің иегері, Кеңес Одағының байланыс шебері Ж.Мейрембаев қазір де қол қусырып қарап отырған жоқ, ол Алматы Аймақтық телекоммуникация басқармасы бастығының кеңесшісі, Талдықорған қаласының Қоғамдық Кеңесінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқаруда. Жексембай заман талаптарына сай ел үшін еңбек етіп, соңғы жылдарда кәсіпкерлікпен айналысып, елеулі табыстарға жетуде. Сөзімнің айғағы ретінде жақында ғана ол Елбасының қолынан «Алтын парыз» сыйлығын алғандығын айтсам да жеткілікті.
Ойлап отырсам, Жекенмен түрлі сапарларда, куанышты сәттерді бөліскенде, табиғат аясында болып, аң аулап, ауа жұтқанда, бильярд ойнап таласқанымызда, өмір жайлы пікірлескенімізде осының бәрінен талай рет шын ләззат алыппын. Жекенге қандай аға болғаныма баға бере алмасам да, оның маған адал дос, аяулы іні екені анық. Достығымыздың бекіп, сыйластығымыздьң артуына игі әсер еткен адам — келініміз. Жоғары білімді маман Людмила Петровна. Оны біз Ләйлә деп еркелетеміз.
Жексембай Арғынғазыұлы байланыста өз орнын тапқан талантты да талапты басшы ғана емес, өмірде жан-жағына сәуле шашқан бақытты жан. Оның мыңдаған әріптестерінің сый-құрметіне ие болғаны, ағайын-тумасының ардақтысы бола білгендігі, адал жары, алтын асықтай ұлы мен қыздары, өзіне тартқан өжет немерелерінің өсіп келе жатқандығы.
Еңбекпен есейіп, бейнетпен шыныққан досым туралы ойда жүрген сөздерімді аяқтай келіп, Жексембайға зор денсаулық, қажымас қайрат, қомақты табыстар, отбасына жақсылықтар тілей отырып, ол туралы кеше ғана жазылған өлеңімді келе жатқан тойға тарту ретінде ұсынамын.
Қоғамдық Кеңесті басқаратын,
Жалқаулар атын естіп жасқанатын,
Бір белес мерейтойда марапаттап,
Мақтанышпен атаймыз оның атын.
Демеймін өткен күндер мұңайтады,
(Адал дос әрқашан да шын айтады),
Қазақтың байланысын өркендеткен,
Ең биік лауазымға қолы жеткен,
Жекенді 70-те деп кім айтады
Еңбегің, елге әйгілі өткендерің,
Досқа адал, туысқанға мейірімді,
Өмірің, жүрген жерің неткен керім!
Саңлағы, саламыздың Қазан аты,
Алаштың маңдай алды азаматы,
Қартайма, жүзге жеткін Жекен досым,
Арғынның артық туған асыл заты!
Өсербай Қарасаев