Жігіттер әскерге аттанар күн жақын

Батыс Қазақстан облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы баспасөз жиынының кезекті тақырыбы көктемгі әскерге шақыру науқанына дайындық жұмыстарына арналды.

Жиынға БҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасарының міндетін атқарушы-жасақтау басқармасының бастығы Эльдар Халелов пен

Орал қалалық Қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Нұрлан Баймұханов қатысты. Олар 2004 жылы туған азаматтарды әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу және азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды

ұйымдастыру мен жүргізу тәртібi туралы баяндады.

Жыл сайын қаңтар-наурыз айлары аралығында 17 жасқа толатын ер азаматтар әскерге шақыру учаскелеріне тіркеледі. Сала өкілдерінің мәліметінше, тіркеуді тиісті жергілікті атқарушы органдар ауданның не қаланың жергілікті әскери басқару органдарымен бірлесіп, азаматтарды әскери есепке қабылдау, олардың санын, әскери қызметке жарамдылық санатын айқындау, білім деңгейін, алған мамандығы мен дене дайындығы деңгейін белгілеу мақсатында ұйымдастырады және жүргізеді.

Азаматтарды әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу туралы деректер негізінде ауданның не қаланың жергілікті әскери басқару органдары әскерге шақыру ресурстарын ҚР Қарулы Күштерінің түрлері мен әскер тектері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары бойынша алдын ала бөлуді, ҚР Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында әскери-техникалық және басқа да әскери мамандықтар бойынша оқыту үшін кандидаттарды алдын ала іріктеуді жүргізеді. Сондай-ақ әскери және арнаулы оқу орындарына түсуге ниет білдірген адамдарды іріктейді. Бұдан әрі баяндамашылар азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргізу тәртібінен хабардар етті.

Мерзімді әскери қызметке шақыруға Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды жасақтау үшін 18-27 жас аралығындағы, әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босатылу құқығы жоқ азаматтар жатады. Әскерге шақырудан қасақана жалтарған, сондай-ақ азаматтардың әскерге шақыру пункттеріне уақтылы келуіне кедергі келтірген адамдар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады. Ал олардың әскерге шақыру пункттеріне келмеуінің дәлелді себептері болған жағдайда, ол құжатпен дәлелденуі тиіс.

Жалпы бүгінде Отан алдындағы борышын өтеуге құлықсыз бозбалалар аз емес. Мүмкін оның түрлі себептері де бар шығар. Алайда әскерге баруға құлшыныс танытқан жігіттерді ұзақ уақыт медициналық және басқа да тексерулерден өткізіп, біраз уақыт өткізетіні де жасырын емес. Мұндай жағдайда әскерге шақырылушының Отан қорғауға деген құлшынысы құрдымға кетпей ме деген ойға қаласың. Ал әскерге шақыру науқаны аяқталар тұста жігіттерді көшеден не басқа да қоғамдық орындардан қорғаныс істері мекемелеріне жеткізіп, олардың бірқатары аз уақытта әскерге аттанып жататын оқиғалар да кездеседі. Бүгінгі баспасөз мәжілісінде де осы сауалды жолдадық. Сала өкілдері әскерге шақыру науқаны кезінде көшеден қорғаныс істері басқармасына жеткізілген азаматтардың әскери есепте бар-жоқтығы, басқа да мәліметтер анықталатынын айтты.

Еске сала кетсек, қазіргі уақытта көктемгі әскерге шақыру науқанына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ал көктемде Отан қорғауға сақадай сай жігіттер әскерге алынады.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы