Жігіттің жігіт болмағы
Ер азамат әйел алмас бұрын анасынан іргесін бөлек салуы керек. Әрбір ер азаматтың өміріндегі бірінші әйел – анасы. Ұл бала жастайынан анасына еркелеп, оның мейіріміне қанып өседі. Алғашқы он екі жыл солай болуы қалыпты. Ары қарай ана мен ұлдың арасындағы байланыс сирей береді. Бірақ сол байланыс бәрінде бірдей үзіле ме? Он екіге толған соң анасынан гөрі әкесіне жақын бола бастайды. Егер анасы – рухани жетілген, мықты тұлға болса, ол ұлын оп- оңай еркін өмірге жібереді. Анасы ұлын әкенің тәрбиесіне тапсырады. Ендігі кезекте жігіт үшін нағыз азамат жауапты. Осылайша әкенің қайраты ұлына беріліп отырады. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасады.
Бірақ біздің заманда әркез бұлай бола бермейді. Қазіргі заманғы аналар кішкентай қыз қалпында қалып, рухани есеймей, жетілмей қалған. Ол ана ешкімге сенбейді. Жүрегі толған үрей. Мұндай ана ұлын ешкімге сеніп тапсырмайды. Әкесіне де. Мүмкін баланың әкесі баяғыда ажырасып та кеткен болу керек. Ұлына көз салған қызға да сене алмайды. Анасы ұлына еркіндік бермейді. Ол үшін бәрін өзі шешеді. Осындай қылығымен ұлын өмірде жолы болмайтын жігітке айналдырып жатқанын сезбейді де. Бірақ мұндай ана ештеңе білгісі келмейді. Ол – ана. Бітті. Ұлына ешкімді жолаттырмайды.
Ал, шын мәнінде бұл ананың бейсаналы түрде тым болмаса бір адамға керек болсам деген ниеті ғана. Өйткені, өзін мүлде лайықсыз, түкке тұрғысыз нашар адам сезінеді. Сосын өзіне сай баланы өсіреді.
— Онда тұрған не бар, — дейді ана. – Мен тірі тұрғанда ұлымды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмаймын, — дейді.
Егер анасы өлсе, баласы да өлуі керек пе? Бұл аналарға осындай сұрақты қойғың келеді.
Аналар! Бұл елге елін қорғайтын толыққанды азаматтар керек. Ұлдарың етектеріңе оралып жүре бермесін, оларға тезірек еркіндік беріңдер! Оларға еркек болуға мүмкіндік жасаңдар! Балаңды жан жүрегіңмен жақсы көр. Өз жүрегіңдегі жылап қалған қыз не істейді деген үрейден арыл.
Анасы, егер ұл бала ересек болса да шешесінің қас-қабағына қарап отырса, «психологиялық күйеу» шамасында өмір сүрсе, ол амал жоқтан ішіп кетеді. Тек мас күйінде ғана анасының «Өспе! Бала боп қал!» деген тілегін орындайды. Сондықтан, жігіттер, аналарыңмен араларыңды суыту үшін есею керек. Анасынан іргесін бөлек салып барып қана ер адам өмірлік жар таңдауда қателеспейді. Әйтпеген жағдайда, анасы бірінші әйел рөлінен шықпай, баласын келінінен тартып алады.
Анасына есейгенін дәлелдеген жігітке жақсы жар жолығады.
(с) Марк Ифраимов
Аударған Шынар Әбілдә