ЖІЛІК МАЙЫ
(анам Фатима Шымбайқызының әңгімесі)
Өткен ғасырдың 50-51 жылдары, қайғы-қасірет әкелген соғыстан кейін ел есін енді жиып келе жатқан кез, көптен денеге жабысқан дерт жіңішке (туберкулез) ауруымен науқастанған әкем Шымбайды ағалары Бұқара қаласы ауруханасынан ауылға алып келді. Менің 8-9 жасар кезім. Үлкендердің айтуы бойынша, ауруы асқынған, дәрігерлік ем қонбапты, әжем, ағалары:
-Бір Алладан күтеміз, өмірі болса дертінен айығар, болмаса маңдайға салғанды көреміз де, — деп, айтып жатты. Әкем өте азған, дауысы да әлсіз шығады, жөтел қысқанда қатты қиналып, көздері жасаурап, әлсіреп қалады. Шешем де біздер де үлкен уайымға батып жүреміз. Небәрі 30-дан енді асқан әкемізді аяп, өмірден өтіп кетсе, күніміз қалай болады, деген ой мазалап қиналып жүреміз. Әкемнің аға-інілері және әжем өзді-өзді сөйлесіп:
— Дәрігер қайтарды деп қарап отырамыз ба, дертіне шипа берейін десе жаратушының қолында, қазақ емшілеріне қаратайық, Алла шипасын берсе, аурудан айығар, — десіп емшіні алдырып, әкемді көрсетті. Емші кісі ауруды жан-жақты қарап, кетерінде әкемнің аға-інілеріне:
-Бұл аурудың емі жілікті майы, күнде таңертең шыжғырылған жілік майын аш қарынға ішсін, етті қайнатып, сорпалы тамақты үзбеңіздер, — деп, әкемнің дертінің емін айтып кетті.
Бұл кез елдің әлі тұрмысы төмен, ас-ауқаттың тапшы кезі. Ол кезде халық өте ауызбіршілікті еді ғой, жан-жаққа хабар беріліп, «Шымбайдың ауруына жіліктің майы ем екен, қолынан келген ағайын жәрдем берсін,» деп айтылғаны есімде. Біз Тауелібай жерінің Кенимех ауданына қарасты Сайлау, Жұлдыз қақ, Елтай, Баймұрат, Қалмұрат қазған т.б деген жерлерде тұратынбыз. Хабар тарасымен күнде жан-жақтан соғымға жылқы сойған жылқының, түйе сойған түйенің, қой, ешкі сойғандары — қой, ешкінің майлы жілігін, бір асым ет қосып әкеліп беріп жатты. Күз аяғы, қыс басынан бастап үйде шағылмаған жілік үзілмеді. Күнде кісі аяғы да басылмай, әкеміздің қал-жағдайын сұраушыларда тынбай келіп жататын. Қыс аяғына дейін әкеміз жілік майымен емделіп, әкелген етті жеп, сорпасын ішіп көктемге қарай дертінен тәуір болды. Көктем соңы әбден жақсы болып, бойына күш-қуат оралып, тіршілікке араласа бастады. Жаз шыға жұмысқа тұрып, тұрмысымыз жөнделіп, ел қатарына қосылдық.
Иә, бәрі бір Алланың құзырында ғой, рқым етіп, дерттің шипасын берейін десе, жазылмайтын ауру жоқ. Сол кездегі халықтың ықылас-пиғылы да өзгеше еді ғой, өздеріне жетіп-жығылып, кейбір үйлерде ысыауқат аз, асқатық кем болса да; «Біздің деніміз сау ғой, бидай, тары көже ішсек те өлмеспіз, дертті кісіге қиын ғой, ем болсын» деген ықыласының өзі қандай десеңші. Біздің тілегімізге, елдің ықыласына қарай, емшінің айтқан емі себеп болып, Алла әкемізді дертінен айықтырып, ажал ауызын қалды. Кейінде өзінің денсаулығын күтіп, ем-домдарын үзбей, әкем немере, шөбере көріп 1986 жылы жасы 70 келіп, өмірден өтті.
Міне, сол кездегі елдің пиғылы, елдің ауызбіршілігі, ынтымағы қандай еді десеңші! Біреу қиналса — ел боп уайыдайтын, біреудің басына қайғы келсе — бүкіл ел қайғыратын, аяп. Біреуге көмек керек болса — ел болып, жабыла қолдарынан келген жәрдемін беретін, дертті болған кісінің ауруына шипа екен десе, жалғыз лағын да аямайтын. Әкеміздің ауруынан тәуір болуына көмек берген қазақтың үз жүзінің де руы кісілер және қарақалпақ ағайындар да болды. Ол кезде елдің ынтымағын ұйытқан, бірлікке, татулыққа шақырып отыратын, көнекөз қариялар көп болатын сондықтан халықтар өте тату тұратын.
Оңдасын Оразов