ЖИРИНОВСКИЙДІ ҚҰТЫРТЫП ОТЫРҒАН КІМ?

Жуырда Әкім Таразидың «Күлтай жеңешем мен Александр Солженицын» атты эссесін оқып, ой тұңғиығына шым баттым. Көңілімнің түкпірінде өшуге айналған қоламта естелікке Әкім аға бір құшақ қауды тастай салғандай әсерге бөлендім. Жазушы аға Солженицынды бізге белгісіз қырларын тамыршыдай тап басып, пенделік құпияларын көзге шұқығандай көрсете отырып түйреп, жазған екен. Оқып отырып қаным қайнады оған. Алпыс екі тамырымды қуалай солқылдатқан тегеуірінді бұла күш қолыма еріксіз қалам алдырды. Шовинизмнің қазанында қайнаған, қазақтарды жабайы санаған Солженицынның мұрагерсіз қалған қубас емесін айтқым келді. Кеңес үкіметімен тіл табыса алмай шетел асқан «кемеңгер» жазушының, сыртта жүріп-ақ орыс мүддесіне қызмет жасағаны белгілі. Оның «қуатты» шығармаларымен, мақалаларымен, тағы басқа көркем дүниелерімен «ауызданған» ізбасар шәкірттері ТМД аумағында жетіп артылады. Ресейде тіптін көп. Солардың ішінен қара үзіп шыққаны – Жириновский. Нағыз керауыздың өзі. Қолына билік тисе, Күнді батыстан шығарғысы келеді зәнталақтың. Нан піскен кеудесіне көк аспанның өзі тарлық ететіндей аяғын алшаң басатынын қайтерсің. Әзірге оған «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмай тұр. КСРО-ның «шекпенін» бірге жамылған елдердің етегінен тартып, аяқтарынан бір шалып қалуға құмар антұрған. Одан қалды артынан бал ашып, «болашаққа» көз жүгіртіп қоятын «сәуегейлігін» айтсаңшы. Ондай «еркеліктерін» жіпке тізе берсем ерте күнді кеш қылармын. Ресей шовинизмінің бір мүйізін ұстап жүретін Жириновскийдің қазақтарды әлсін-әлсін мазақ етіп, сөзбен түйреп тұратын әдеті бар. «Қазақстан деген ел адамзат тарихында болмаған. Мына өзбектерде ең болмаса Үргеніш, Бұхара секілді қалалар болды. Хандық болды. Ал оңтүстік Сібірде ештеңе болған жоқ. Бұл Сталиннің ойдан шығарған қиялы. Қазақтарда не мемлекет, не жер болған емес. Қазақстанның солтүстік облыстарының барлығы дерлік орыстың жері».
Қайдағы бір Ресей еврейіне өкпелеп жүргенде, 2016 жылдың қыркүйегінде «Жығылғанға жұдырық» болып, Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов қазақ елінің мемлекеттігі болмады деген сөзі үшін сынға ұшырады. Көпшілік қызу талқылаған тақырыпқа қатысты депутат Сұлтановты Парламент Мәжілісінде ұстап алып сұхбаттастым.
— Қуаныш Сұлтанұлы, сізге жалғыз сұрағым бар. Ол әлеуметтік желілер мен сайттардағы сізге қатысты даулы мақала жайлы. Сіз одан хабардар боларсыз?
— Иә, оқыдым, білемін.
— Неге олай айтқаныңызды білгіміз келеді. Жалпы, өзіңізді қаралап жатқандарға қандай уәж айтасыз?
— Бұл жерде сөз былай айтылған. Бізді, қазақ жерін Ресей мен Қытай кезінде бөлген. Сөйтіп, шекара өткен. Бірақ қазақ қатынаспаған. Неге қатынаспаған? Оған қатынаспаған себебі мемлекет болмағандықтан деген сөз айтылды. Ол жерде жалпы мемлекеттің тарихы туралы әңгіме болған жоқ. Контекстен жұлып алып берген. Мемлекет болмады деген сөзді айтқанда қандай да бір жала жаба беруге болады.
Көкейдегі көп сауал осылайша кеудемде тұншығып қалды. Соңғы уақыттары ресейлік саясаткерлер «Қазақтарда мемлекет болмаған, мемлекет болмағасын, шекара қайдан болсын» деп екі күннің бірінде сұхбат беріп арандатып жатыр. Жалпы, осы бір «мемлекет болмаған» деген тіркесті айтуда абай болған дұрыс-ау – деп жазыппын.
Марқұм Ақселеу Сейдімбек атамыз аңырап отырып жазған қазақтың Ресей аумағындағы қалаларын санамалап беруге, «жынды мен жынды» болғысы келмеген шығар біздің тарихшылар үнсіз қалды. Қайран, ат үстінде қалғыған бабамыз Қазтуған жырау:
Салп-салпыншақ анау үш өзен
Салуалы менің ордам қонған жер
Жабағылы жас тайлақ
Жардай атан болған жер.
Жатып қалып бір тоқты
Жайылып мың қой болған жер
Жарлысы мен байы тең,
Жабысы мен тайы тең,
Жары менен сайы тең.
Ботташығы бұзаудай,
Боз сазаны тоқтыдай,
Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған,
Шырмаулығы шөккен түйе таптырмас,
Балағы көлге жылқы жаптырмас,
Бақасы мен шаяны
Кежідегі адамға
Түн ұйқысын таптырмас.
Қайран менің Еділім,
Мен салмадым ,сен салдың.
Қайырлы болсын сіздерге,
Менен қалған мынау Еділ жұрт!!!… деп, ата қонысының өзін жатқа қайырлы ет деп тілеген бабалар аманатын ол шіркінге сай-сүйегін сырқыратып айтып берер күн туар ма?
2005 жылғы Жириновскийдің бұл территориялық қақтығысқа шақыратын арандату пікірі қазақ қоғамында біршама қарсылыққа тап болды. Оны «нон грата» тұлғасы деп танып, Қазақстанға аяқ бастырмау керек деген басталамар да көтерілді ұлтшыл азаматтар тарапынан. Алайда, әркез әлдінің торына түсіп қалмау үшін, әліптің артын бағатындар бұл арандатуды елемегенсіді.
Кейінірек, Жириновский қазақтың домбырасын «екі ішек, бір таяқ» деп мазақ етті. Тақыр далада ертеден кеш, не тұшымды сөзі жоқ, қазақтың аңыраған әнінен басқаға жарамайтын қу таяқ деп залдағы жұртты мәз қылды. «Қазақ тілі деген не өзі? Жазба әдебиеті болмаған ұлтта қайдағы тіл?» – деп тілдеді. Соңғы уақыттары еттен бас тартқан саясаткер, Еуроодаққа деген «құштарлығын» ашық айтып жүр…
Менің қолыма қалам алғандағы негізгі мақсатым оның ішкі ойына барлау жасау. «Жылқының аласы сыртында болса, адамның аласы ішінде» демей ме қазақ.
Сонымен, тарпаңдығын көрсетіп, «ноқтаға» басын сұққысы келмеген Украинаға қарата айтқан мына бір сөзіне назар аударыңызшы?. «Балақайлар, ойындарың қанған болар. Бірдеңеге ұрынып қалмай тұрғанда тезірек үйге қайтыңдар. Әлі де кеш емес, еркеліктеріңді кешіреміз» деуінің астарында ащы мысқыл жатыр емес пе? Кейін украинаның жеріне Ресей әскері басып кіргенде, Жириновскийдің сандырағының өзі– шындыққа айналатынына көз жеткіздік.
Ол аз десеңіз Қырғызстанда халық көтеріліп, Президент Бакиев Ресей асқанда айтқан сөзі анау: «Бұлар өз беттерімен (оның ішінде бізде бармыз) ел бола алмайды деп мен айтқалы қашан. Күні ертең бәрі де келеді қыңсылап. Соғыс өртін өршітпеу үшін Қырғыздарды тез арада Ресейдің автономиясы етуіміз керек» деп табалауын қалай түсінсең, олай түсін. Қазақтар туралы мазақ сөздері интернеттің ермегіне айналды бүгінде. «Олар» дейді бейне роликтің бір тұсында, (бізді, қазақтарды айтады), «бабалары жабайы, қыдырымпаз, көшеді де жүреді, тұрақты мекендері жоқ, қолдарындағы ағаштарын (домбыра) сабалап, өздері айтып, өздері мәз халықтың бүгінгі ұрпақтары солар… Мәдениеттен жұрдай» деп мысқылдайды. «Ит үреді, керуен көшеді» десек те, өте ауыр сөз!!! Бірақ, қазақ көнпіс қой, көніп келеді. Қарап тұрсаң оған бәрін айтуға құқық берілгендей. Ал бізден біреу шығып айтып көрсінші тап осылай. Ұлтшыл, терроршы атанып, құйрығына қалжауыр байланып, зынданға тасталар еді сол заматта. Жириновский болса аузына не келсе соны оттап, ақпанда құтырған адуынды бурадай көбігі көкке шапшып әлі жүр.

 

АСТАРЫ ТЕРЕҢ, ҚИТҰРҚЫ ОЙЛАР

Жириновский туралы жаза бастағанда есіме марқұм Нөгірбек Мағзұмов аға түсті. Қаншыл кісі еді жарықтық. 1994 жыл. Студент кезім. Бір күні ағаға сәлем бергелі барғаным бар.
— Жаңа ғана ресейлік телеарналардан Жириновский деген неме сөйледі, – деді қыртыстанған қабағы жазылмай.
— Қазақтарға жаппаған жаласы, артпаған кінәсі жоқ. Сайлауға түсіп жатқан қу болса керек, ұпай жинау үшін бе, жоқ әлде басқадай қитұрқы ойы бар ма, аңдау қиын. Сөз саптасы ұнамады маған ол иттің. Қазақстандағы орыстардың «қиын» жағдайын ашына айтқанын естісең. «Жатақханаларда, мәдени орындарда т.б. көптеген жерлерде орыс ұлтына қысым жасалуда. Орыс мүддесі Қазақстанда аяқ асты етіліп жатыр», – деп байбалам салып өзеуреп, екі иығын жұлып жегені намысымды қоздырды менің, – деген аға сөзі есімде қалыпты.
Мен алғаш Жириновский жайлы сол жолы Нөгірбек ағадан естідім. Қаным қайнап басыма шапшыды.
Сонымен, сөзді көп созбайық, Жириновский деген кім? Ол – идеясын өлермендікпен қорғауға бар, кіші ұлттарға жиркенішін жасырмайтын «ұлы халықтың ұлтжанды» ұлдарының бірі. Оған диалогтың, сұхбаттың шырқын бұзу (әрине, қызу пікір-талас кезінде), қолына түскен заттың кез келгенін қару етіп қарсыласын «ықтырып» алу ерлікпен пара-пар. Бұл сөзімізге дәлелді алыстан іздеп әуреге түсудің қажеті жоқ. Күнделікті Ресей телеарналарындағы өзекті проблемаларды көтерген телешоулардан, тікелей эфирлерден Жириовскийдің ызалы дауысын, қышырлаған тісін, қалшылдаған қолын, әлдекімге кектенген жанарын көрсең жетіп жатыр. Грузияға қарата айтылған боқтық аралас сөзіне де «тәйт» деген бір адам жоқ. Билік сөзін қолдағасын қонышынан баспай қайтсін.
Жириновский қатысқан алқалы жиынның «беделінің» зор екенін журналистер де біліп алған. Газет шығарса алғашқы бетінде «айқайлап» Вакең тұрады, телеарналардың жаңа ашылған көрсетілімдерінің алғашқы қонағы да – өзі. Онымен қоймай журналистер оның «жалынды» сөздерінен цитата келтіруге шебер. Өздерінің ішкі ойларын оның аузымен айтқызып алады да, мысық құсап көздерін жұмып отырады. Міне, танымалдықтың берген жемісі. Бізде қалай? Ой елегінен өткізіп көрелікші бір!
Әріге бармай –ақ қоялық, Жириновский 2019 жылдың 25 мамыры күні тікелей эфирде «Вечер с Владимиром Соловьевым» бағдарламасында, алдағы уақытта Ресей орта Азияны бөлшектеуге кірісуі керектігін ортаға тастады. Қажыған шалдың кезекті бір ойыны ғой дейін десең «жоспары» мықты. «…После ударов по Ирану появятся миллионы беженцев. Куда они пойдут? На север. Что мы сделаем? Закроем границу. Там начнется кровавая каша — рухнет Азербайджан, Армения, Грузия. Недобитые боевики в Сирии уже стоят в северном Афганистане и ждут сигнала ворваться в Среднюю Азию…».
Осылай көсілген Жәкең, енді бір кезекте: «Среднеазиатский федеральный округ — мой родной город Алматы. Его переименуем в Верный, посадим генерал-губернатора. Будет наведен порядок в ближайшие 10 лет», — деп қолдаушыларына уәде береді.
Жә, делік. Дана қазақтың «аузында әзілі жоқтың қолында шоқпары жүрер» деген мақалын Владимирге қаратып айтсақ, қателеспес едік. Сөйте тұра ол – әлемдегі орыстардың қолдаушысы, һәм қорғаушысы Либералды демократиялық партияның лидері ЛДПР, Ресей думасының депутаты. Атағы дардай «ұлы тұлға» кей сәттерде «ұлы қателіктерге» жол беріп қоятыны бар. Соның ең өзектісі Қазақияның сағым қыдырған кең даласына көз алартып, сұқтануы. Ата-жауының бойынан да іліп алар жақсылық іздейтін қазақ емеспіз бе? Владимирді өте сауатсыз, надан көрсоқыр деп айту қиын. Кез келген пәннен «5» деген баға ала алады. Әсіресе география мен математикаға төрт аяғын тең басқан жорға, есте сақтау қабілеті керемет көрінеді.

(Жалғасы бар)

Нағашыбай Қабылбек

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған