Жоғары сападағы музыка
Өткен демалыста орын алған атақты қазақстандық композитор Төлеген Мұхамеджановтың «Құс жолы» авторлық кеші «Астана Операда» аншлаг жинады. Екі сағаттық бағдарлама бір демде өте шыққанда көпшілік бір ауыздан: «Бұл музыка тыңдарманды өзге әлемде жүргендей сезіндіріп, рухани құндылықтар жайлы ойлануға итермелейді. Оның сапасы өте жоғары, өйткені онда композитордың жаны бар!» деген пікірлерін айтып, таңданып жатты.
Бүгінде Төлеген Мұхамеджановтың шығармашылығын білмейтін жан кемде-кем, себебі оның әуендерінің баурап алатын, еліктіріп әкететін күші бірінші аккордтарынан-ақ таңғалдырады және жадыңда мәңгіге сақталады. Неге десеңіздер, тұтас авторлық кештің атауына арқау болған «Құс жолы» әні тәрізді әр композицияның өзінің тарихы бар. Музыка саласының майталманы бұл әуенді білім ордасында оқып жүргенде жазғаны белгілі. Артынша ол осы әнін жазғы демалыста анасының жалғыз сиырды сатып, тапқан ақшасына сатып алынған пианинода орындаған. Жиырма бес жасар жас жігіт өзінің әнінде бүкіл жер шарын құшағына алады. Кейіннен бұл әнді Роза Рымбаеваның өзі орындады.
Танымал әнші бұл кеште «Астана Опера» сахнасында маэстро үшін қымбат осы әнмен өнер көрсетті. Оның жан тебірентерліктей орындалғаны сонша, атақты әншінің жаны ән шырқап тұрғандай көрінді.
Авторлық кеште көпшілік композитордың жан дүниесіне үңілгендей болды. Концерттің құрылымына зер салсаңыз, сахнада шырқалған туындылардың барлығы ол жайлы екенін түсіну қиын емес еді. Бағдарламаны «Адамдар арасындағы бөлтірік» фильмі арқылы баршаға таныс «Балалық шақ» әні ашты. Дирижер тұғырына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин көтерілді. Содан кейін «Астана Опера» хорының орындауында «Жорық», «Туған жер», «Дала» шығармалары, «Біржан сал», «Құнанбай» саундтректері бірінен соң бірі шырқалып кете берді. Тамаша скрипкашы Ержан Құлыбаев «Блаженство от музыки» туындысын шебер жеткізе білді. «Астана» симфониялық поэмасы бағдарламаның бірінші бөлімінің ғаламат қорытындысы болды.
– Мен осынау концертке Семейден арнайы келдім. Бірінші бөлім енді аяқталды, ал мен қазірдің өзінде бұл кештің мен үшін соңғы жылдардағы ең жарқын музыкалық оқиға болғанын түсініп отырмын. Мұнда барлығы жарқыраған, жоғары кәсіби деңгейде және ең бастысы шынайы, – деді антракт кезінде өз әсерлерімен бөліскен Аида Сағатова есімді көрермен.
Айта кетейік, залда түрлі өңірлерден, сондай-ақ Алматыдан көптеген қонақтар болды, мәселен, солардың бірі – Қазақстанның Халық әртісі Роза Бағланованың ұлы мен оның отбасы.
Соңғы үшінші қоңыраудың үні естілгенде шымылдық түрілді. Екінші бөлімде концертке басқа музыкалық шығармалар көрік берді. Мұнда тыңдармандар композитордың эстрадалық амплуадағы шығармашылығына баға бере алды. «Махаббат бекеті», «Аяулым», «Аққуым», «Қимай сені барамын», «Сезім», «Заман-ай», «Мне не забыть тебя», «Астана кеші», «Город мой», «Отан» тәрізді танымал әрі көпшілік ұнататын әндерді зал қосыла шырқады, басқа да көптеген композицияларға көрермендер ду қол шапалақ соқты.
Бұлай болғаны түсінікті де, өйткені туындылардың әсемдігі мен терең мағынасын қазақстандық сахнаның беделді тұлғалары – Қазақстаның Халық әртістері Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева, Нұржамал Үсенбаева жеткізді. Олармен қатар сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Жылтыркөзов, Маржан Арапбаева, Жұбаныш Жексен, Нұрлан Өнербаев, Бауыржан Исаев, Әлішер Кәрімов, халықаралық байқаулардың лауреаттары Евгений Чайников, Ержан Саипов, Рухия Байдүкенова, сондай-ақ «Джентельмены» тобы, «Art 4man» квартеті, «Жастар театрының» әртістері және тағы басқалары өнер көрсетті.
– Мен өзімді ғажайып мерекеде отырғандай сезіндім. Концерт бағдарламасының сәтті құрылғаны сонша, біздің алдымызға композитор Төлеген Мұхамеджановтың өзі шыққандай болды, ол музыкант ретінде ғана емсе, адам ретінде де жылы әсер қалдырды, – деп, концерттен кейін көрермен Мирас Жақыпов пікірімен бөлісті.
Авторлық концерт Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен зор табыспен өтті. Осынау кеште көпшілік Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Төлеген Мұхамеджановтың қазақстандық мәдениеттің дамуына зор үлесін қосып келе жатқан кемеңгер тұлға екеніне тағы бір мәрте көз жеткізді. Әлбетте, маэстроның табандылығы мен еселі еңбегінсіз осынау зор шығармашылық жетістіктерінің ешбірі болмас еді. Залдың барлық бұрышынан естілген «Бәрекелді, шебер!» деген дауыстар қазақстандықтардың оның сарқылмайтын дарынына деген құрметі әрі композитор үшін асқан сый еді.
«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының баспасөз қызметі