ЖОҒАРЫ ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТКЕН АУЫЛ ЖАСТАРЫН ҚАБЫЛДАДЫ
Ұлыстың Ұлы күні Әділ Байұзақов жетекшілік ететін «Шайдана-Алмаз» командасы Жамбыл облысы әуесқойлар арасындағы кіші футбол лигасының күміс жүлдесін еншіледі. Аптаның сенбі, жексенбі күндері «Тараз-Арена» әмбебап спорт кешенінде өткен облыстық лигаға биыл 48 команда қатысып, үш ай бойы айналмалы жүйеде бақ сынасты. Жамбыл ауданының намысын қорғаған «Шайдана-Алмаз» командасы қарсылас біткенді қапы қалдырып, финалдық кездесуде «Дулати-Ұстаз» командасынан жеңіліс тапты. Дегенмен жергілікті ойыншылар ақтық сынға сүрінбей жетіп, аядай ауылдан нағыз спортшылар шығатынын дүйім жұртқа дәлелдеді.
Кеше аудан әкімі Сәкен Арубаев команда ойыншыларын арнайы қабылдап, оларды жеңістерімен құттықтады. «Батырлар» деп әңгімесін бастаған аудан басшысы өткен жылдың жаз айында орын алған оқиғаны тағы бір еске салды.
– Естеріңізде болса, Шайдана ауылының бір топ жастары әлеуметтік желі арқылы ашық хат жолдап, спорт кешеніндегі жасанды төсеніштің сиқы құрығанын, жаттығуға мүмкіндік болмай жүргенін айтып, жаңартып беруін өтінген еді. Расымен ауыл жастары бос уақытын сол кешенде өткізеді екен. Жедел іске кірісіп, Тараз қаласындағы төсенішті осы ауылға жеткізілуіне күш салдым. Енді мына қызықты қараңыздаршы, сол кешенде күз, қыс айлары жаттыққан спортшылар ауданның атын облысқа танытып, төбемізді көкке жеткізді. Финалдық кездесу наурыз мерекесі қарсаңында өткеніне байланысты жанкүйерлер арасынан табыла алмадым. Аядай ауыл жастарының ойын өрнегін, аяқ алысын тамашалағым-ақ келген еді. Жастардың ұйымшылдығына тәнті болдым. Жеңістеріңіз көп болсын, – деген Сәкен Қаланұлы команда өкілдері Әділ Байұзақов, Азамат Құрбанов, Ғани Мәтебаев, Алмас Аманалыұлы, Нұрғали Мейірхан, Ғабит Мәтебаев, Нышаналы Тыныбаев, Анушервон Муртазозода, Нұрлыбек Амантай, Батыржан Тұрғынбай, Айдын Есенгелді, Раунат Аязбаев, Ерік Досымов, Ақжігіт Жетпісбай, Елдар Әуесхан, Алихан Нұртазаұлы, Әділет Көшкінбай, Әділет Еламанов, Ғабит Жайшыбековтерге Алғыс хатын салтанатты жағдайда табыс етті. Өз кезегінде сөз алған Әділ Әбубәкірұлы:
– Жастармен бірге екеніңізді тағы мәрте дәлелдедіңіз. Ауданның намысы үшін бар күш-жігерін салған жастар сіздің жақсылығыңызды жақсы біледі. Елеп-ескеріп, қабылдап отырғаныңыз үшін ризашылығымызды білдіреміз. Осында отырған Жомарт Тешебайұлына да айтар алғысымыз шексіз. Финалдық кездесуде ауыл жастарымен бірге болып, қолдау көрсетті. Алдағы уақытта бұданда жоғары жетістіктерге жететіндігімізге кәміл сенімдімін, – деді.
Мұнан соң аудан әкімі Сәкен Арубаев «Шайдана-Алмаз» әуесқой футбол клубының ойыншыларымен естелік суретке түсіп, командадан тек жеңісті сәттерді күтетінін жеткізді.
Тағы бір айта кететін жағдай, аталмыш команда 2017, 2019 жылдары аудан әкімі кубогының иегері, 2013, 2020 жылдары Жамбыл облысы әуесқойлар арасындағы кіші футбол лигасының күміс жүлдегері атанған.
Қабылдауға аудан әкімінің орынбасары Олжас Елебекұлы, аудан әкімі аппаратының басшысы Жомарт Телеуов, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов, аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қайрат Ержігітов, аудан әкімдігі ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесінің басшысы Бақытжан Құтжан қатысып отырды.
Ақжігіт Жетпісбай, Жамбыл ауданы