Жол саласында жүйелі жұмыстар атқарылуда

 

Орталық коммуникациялар қызметі алаңындағы баспасөз мәжілісінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев өңірдің көліктік-логистикалық әлеуетіне тоқталып, жасалып жатқан жұмыстарды баяндады.

– Мемлекет басшысы елдің көліктік-логистикалық әлеуетін одан әрі арттыруды тапсырды. Осы бағытта өткен жылы 368 шақырым жол жөнделсе, биыл 436,5 шақырым жол жөндеуге 36,2 млрд. теңге қаражат қарастырылды. Ресейдің Самара қаласымен байланыстыратын «Самара-Шымкент» жолына, Саратов облысына шығатын «Чапаев-Жалпақтал-Қазталов-РФ шекарасы» жолдарына жөндеу жұмыстары жүруде. Батыс Қазақстан облысын Ресейдің Волгоград, Астрахань облыстарымен байланыстыратын республикалық маңызы бар «Қазталов-Жәнібек-РФ шекарасы», Өнеге-Бисен-Сайқын автожолдарын салу жұмыстары жалғасуда, – деді Ғали Нәжімеденұлы.

Бұлардан бөлек Ресейдің Орынбор облысы бағытындағы «Подстепное-Федоровка-РФ шекарасы» жолын жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалған. Ал Атырау-Орал тас жолын қайта қалпына келтіруге, яғни жол жиегін ұзартуға жобалық-сметалық құжаттама жасауға қаражат бөлінген. «Осы жұмыстар облыстың транзиттік әлеуетін дамытып, өңір экономикасының кіріс көздерін арттыратын болады» деді облыс әкімі Ғ.Есқалиев.

Өңір басшысы өз баяндамасында тұрғын үй құрылысы, сумен және көгілдір отынмен қамту, әлеуметтік қорғау, білім, денсаулық, дене шынықтыру салалары бойынша атқарылған іс-шаралармен таныстырды.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы