Жол салу «пол» салу емес

 

Осыны аудан әкімдері түсінетін кез жетті.

Бүгінде Жамбыл облысында айта-айта, жаза-жаза жауыр болған тақырыптың бірі жол мәселесі екені жасырын емес. Тіпті, жылда бұл бағыттағы жұмыстарға миллиондаған қаржы бөлініп жатса да, әлі де болса бұл салада бауын тапса, байлауын таппаған мәселелер шаш етектен. Міне, апта басында өткен аппарат жиынында облыс аумағындағы осы автомобиль жолдарының жағдайы тағы бір мәрте күн тәртібіне көтеріліп, талқыға түсті.

Шындығы керек, жиында жолға жауапты бір емес, қос мекеменің басшысы баяндама жасап, ақпарақтағы ақпараттан гөрі, нақты фактілерді сөйлетті.

Ең алдымен облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рахманқұл Байтелиев сөз алып, облыс аумағындағы жалпы пайдалынымдағы автомобиль жолдарының жайын баян етті. Оның сөзіне сүйенсек, өңірдегі автомобиль жолдарының желісі 5060 шақырымды құраса, оның 1056-ы республикалық, 1943-і облыстық және 2061-і аудандық мәндегі жолдар екен. Ал соңғы 6 жылда бұл жолдарды жөндеу мен күтіп ұстауға 50,2 млрд. теңге бөлініп, өткен жылы жол сапасы 74 пайыздық көрсеткішке жетіпті. Биыл бұл межені 75,5 пайызға жеткізу көзделуде. Осыған орай, ағымдағы жылы жол құрылысына 7,2 млр. теңге бөлініп, жұмыс жоспары бекітілген.жол

жол2Жалпы бұл жұмыстар 1 сәуірден бастау алып отыр. Ал облыстық мәндегі жолдардың бойындағы элементтерді әкеп-сырлау мен жол жиегін тегістеу, шұңқырларды жөндеу   сынды  жұмыстарға 197  дана техника, 21 асфальтобетон зауыттар мен 16 уатқыш қондырғылар  жұмылдырылған. Сондай-ақ, аудандық жұмыспен қамту орталықтарынан 200 адамға дейін жұмысқа тартылып, қосымша жастар практикасымен студенттерді жол құрылысына шақыру көзделуде. Бұл бағытта  қазір Байзақ пен Жуалы аудандары жүйелі жұмыс көрсетсе, қалған аудандардың көрсеткіші көңіл көншітпейді.

Бұдан бөлек, аудандардың өз елді мекендеріне қарасты  жолдарды да жөндеуде тірлігі тіктелмеген мәселелер аз емес. Атап айтсақ, өткен жылы Шу ауданына — 284,6 млн. теңге, Меркіге – 179,0 млн. теңге және Т.Рысқұлов ауданына – 168,3 млн. теңге бөлінгенімен, ауылдардың ішінара көшелері ғана жөнделіп, қалған жолдар сылап-сипап ғана қойылған.  Сондай-ақ, бірқатар аудан басшыларының жауапсыздығынан биыл қыста «Бірлік-Мойынқұм-Ұланбел», «Ақкөл-Ойық-Ұланбел», «Тараз-Жетібай-Тегістік-Ойық» және «Досбол-Шығанақ» автомобиль жолдарымен 40-60 тоннаға дейін жүк тиеген көліктер қатынап, тәуір жолдың тас-талқанын шығарған. Осылайша жолдың бір бөлігін бүтіндей алмай жатқанда, аудан әкімдерінің салғырттығынан қалған бөлігі ой-шұңқырдан көз ашпай отыр.

Тағы бір айта кетерлігі, кейбір аудандарда жөнделді деген жолдың өзі екі жылға шыдас бермей бұзылуда. Мәселен, Мойынқұм ауданында 2014 жылы жөнделген 10 көшенің жағдайы қазір сын көтермейді. Бұл көшелердегі ақаулар негізінен жол жамылғысының сапасыз төселгені мен жүргізілген су құбырының орнын қайта қалпына келтірмеуден орын алып отыр. Құрылысқа жауапты «Компания СКиБ» ЖШС  аталмыш жолдарға екі жылдық кепілдеме берген. Алайда аудан әкімі Бақытжан Нүркенов бұл мәселені тез арада қолға алып, не себепті мердігерге олқылықтардың орнын толтыруды  міндеттемей отырғаны түсініксіз.  Дәл сондай, Шу ауданының әкімі Рүстем Дәулет «Де-Факто» ЖШС-на,  Т.Рысқұлов ауданының әкімі Жарылқасын Айтақов «Айя сервис» ЖШС мен «Құлан жолдары» ЖШС-на және Жуалы ауданының әкімі Батырбек Құлекеев «ЖДМСС» ЖШС-на тіс батыра алмай отырғандай. Олай дейтініміз атылмыш мердігерлер жүргізген құрылыстан кейін жолдар қайта бұзылып, енді оны серіктестіктер   қалпына келтірмей отыр. Жалпы алғанда мұндай жағдай Қордай, Жамбыл, Меркі, Талас сынды өзге аудандарда да орын алуда. Осыған орай, басқарма басшысы бұл істерді соттың  қарауына жіберіп, кеткен ақшаны өндіру қажеттігін тілге тиек етті.

Бұдан бөлек, жиында «Қазфосфат» ЖШС-ның теңгеріміндегі «Бірлесу Еңбек-Гипсовый-Қазфосфат» автожолының Жамбыл ауданы әкімдігінің теңгеріміне белгісіз себептермен  алынғаны да қаралды. Енді соның салдарынан өндіріс орны аталмыш жолды облыстық бюджеттен жөндеп беруді сұрауда. Алайда басқарма басшысы Рахманқұл Тұрсынқұлұлының айтуынша бұл  негізсіз көрінеді.

Жалпы  аппарат отырысында осы сынды көптеген мәселердің басы ашылды. Оның ішінде «ҚазТрансГаз» АҚ-ның Тараз қаласында газ тарту жүйесін жаңғырту барысында бұзған жолдарды қайта қалпынан келтірмегені де бар. Бұл мәселе де қазір түйіні тарқамаған түйткідердің бірі болып тұр. Осыны баса айтып өткен Рахманқұ Байтелиев, бұл мәселерді тез арада шешпей  өңірдің жол жайы жөнге келмейтінін жеткізді.

Бұдан кейін сөз алған «Қазавтожол» АҚ облыстық филиалының директоры Қайрат Кәрібаев та бар мәселені бұқпасыз, бүркемелемей баян етті. Оның сөзіне сүйенсек, өткен жылы республикалық мәні бар жол бойында 8 дана жол белгілері, 771,4 қисықсызықты брустар, 5 бірлік жарық бағаналары, 6  оқыс тастайтын контейнер және 1 трансформатор ұрланып кеткен. Ал ағымдағы жылдың 3 айында 19 жол белгілеріне, 662,2 қисықсызықты брустарға, 7 жарық бағаналарына, 7 жарық шашқыш қондырғыларға, 49 эстокададағы перилалы қоршауларға және 1 демалыс алаңшасына зақым келген. Ұрланған және бүлінген заттарға байланысты өткен жылы 22, биыл 18 арыз-шағым ішкі істер бөлімдеріне жолданғанымен, әлі күнге бірде-бір факты бойынша нақты жауап жоқ көрінеді.Сонымен қатар, ағымағы жылдың небәрі үш айының ішінде 32 жол көлік оқиғасы тіркеліп, 8 адам қаза тауып, 70 адам түрлі дене жарақаттарын алған.

Міне, жолға жауапты құзырлы мекеме басшыларынан осындай хабарлама естігеннен кейін облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев та басқарма мен басқа арнаның басшыларының басынан сипай қоймады. Ең алдымен аймақ басшысы құрылыс басқармасының басшысы Рахманқұл Байтелиевтың өзіне бірқатар сауалдарын қойып, «Қанша қаржы бөліп жатсақта жол сапасы әлі сын көтермейді.Оған қоса, бірқатар жолдардың құрылысына  қаржы қарап қойсақ, оның сметалық жобасы дұрыс болмай жатады. Сонда бұл мәселерге кім жауап беруі керек? Аудан әкімі ма, әлде облыстың құрылысына жауапты  басқарманың басшысы, сен ба?», — деп  сөздерімен түйреп-түйреп алды. Бұдан кейін, «Қазавтожол» мекемесінің де жұмысын сынға алып, жол белгілерінің қойылу, қоршаулардың талапқа сай болуы, жарық шамдары мен қоқыс жәшіктерінің ұрлануы сынды оқиғаларға  оларда жауапты екенін ескертті. Соныме қатар, жергілікті полиция басқармасының басшысына ұрлау фактілеріне  қатысты қылмыстық істерді тез арада ашып, нақты шаралар қолдануды тапсырды.

Ал жиын соңында су қоймаларын бақылауда ұстауды, жылыту маусымының аяқталуы мен ыстық судың берілу тәртібін халыққа дұрыстап түсіндіруді және Мойынқұм ауданындағы дамбыны қайта қалпына келтіру жұмыстарына жіті көңіл бөлуді жауапты мамандарға жүктеді.

 

Саятхан Сатылған