Жол жөнделіп, таза ауыз су тартылуда

Жол экономиканың күретамыры. Елімізді шектесіп жатқан мемлекеттермен байланыстыратын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолын айтпағанда, тұрғындардың ауылдан ауданға, облыс орталығына қатынайтын тасжолдың тақтайдай тегіс болғаны абзал. Сол үшінде кез келген ауданның ішкі жолдарының талапқа сай болуы біріншіден қотыр жолдан зәрезәп болған жолаушылардың жанайқайын тудырмайды, екіншіден бұл сол ауданның әлеуметтік экономикалық қуатының қай деңгейде екенінен хабар береді, — деп хабарлайды «Elana» ақпарат агенттігі.

Байзақ ауданында аудандық маңызы бар 132,07 шақырым жол бар. Биыл аудандық мәндегі автомобиль жолдарына, елдімекен көшелеріне және көпірлерге орта жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін «Автомобиль жолдарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша жалпы көлемі 485,9 миллион теңге қаржы қаралды. Осының арқасында 4 автомобиль жолының 20,35 шақырым, 5 көпір мен темір бетонды құбырлары және 5 елдімекен көшелеріне 3,694 шақырым, орта жөндеу, 8 аудандық мәндегі жолдарға ағымдағы жөндеу, 2 елдімекен көшелеріне шағал тас төсеу жұмыстарын жүргізу жоспарланды.

Негізінен, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы аудандық мәндегі жолдардың үлесі 81,2 пайыздан 87,7 пайызға дейін көтеріледі деп күтілуде. Бүгінде Тараз — Сарыкемер, Тараз — Көктал автожолдарын қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынды.

Ауылдықтарды ауыз сумен қамту ісі де ойдағыдай жүзеге асырылуда. Биылғы Талас және Сарыкемер ауылдарының ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстарын бастауға республикалық және облыстық бюджеттерден 656 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде, жалпы құны 3 миллиард 816 мың теңгені құрайтын Сарыкемер ауылын суландыру жүйесінің құрылысын бастауға облыстық бюджеттен 414,0 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Сондай-ақ, Көкбастау, Жаңатұрмыс ауылдарында ауыз су жүйелері құрылысын жүргізуге және Бурыл ауылындағы ауыз су жүйелерін қайта жаңғыртуға жобалау сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары қолға алынды. Нәтижесінде ауыз сумен қамту деңгейі 46,5 пайыздан 51,2 пайызға көтерілді, – дейді аудан әкімі Рахматілда Рахманбердиев.

Адам баласы үшін ауыз судың сапалы болуы маңызды. Өйткені, дұрғындардың денсаулығының жақсы болуы ішкен асы мен тұтынған суына да байланысты. Облыс басшыларының ел тұтынатын ауыз судың сапалы әрі қолжетімді болуын назарға алып, көпке ортақ қазынадан қаражат бөлуі сондықтан.

Әлім Мұратов

Жамбыл облысы