ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ
Ауылдық елдімекендерді дамыту, ауыл инфрақұрылымын жақсарту мақсатында ауданда ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – Қызылотау ауылдық округінде бүгінде 2 көшенің күрделі жөндеу жұмыстары басталып, аяқталды. Жағымды жаңалықты естіген бойда әлеуметтік маңызы бар жобаның жүзеге асырылу барысымен танысу мақсатында ауыл әкімі Жандос Қуантаевтан сұрап, бірге аралап көрген болатынбыз.
Елді мекенге кіреберістен қызу тірліктің көрінісіне тап болдық. Шыны керек, қарқын алған құрылысқа қарасаңыз, көз тойып, көңіл марқаяды. Жол жөндеуге қажетті техникалық көліктер мен жұмысшылар қызу тірлікке кірісіп кеткен. Жол жиектеріне ескертпе белгілері қойылып, сүрілген жолды тегістеп, қиыршық тас төселіп жатыр. Құрылыс басында ауыл әкімі жұмыс жайын егжей-тегжейлі бақылап жүр.
–Биыл ауылда атқарылар жұмыс көп, бірқатар жобаларымыз басталып та кетті. Ауылда 3 ішкі көше бар, оның біріне біршама жыл бұрын асфальт төселген болатын. Ал биыл көріп тұрғаныңыздай 2 көшеге атап айтар болсақ Ш.Өскенбаев – 2 шақырым, К.Тоқбаев – 1,4 шақырым орта жөндеуге – аудандық бюджеттен 101,9 млн. теңге бөлініп, Мемлекеттік сатып алу порталына ашық конкурс жарияланып, 93,2 млн.теңгеге жеңімпаз мердігер «Ал Кон Сер лтд» ЖШС болып анықталды. Асфальт төсеу жұмыстары алдымен көше әбден тегістеліп, жолдың бетіне бірінші топырақ, топырақпен тегістеген соң, бетіне қиыршық тас төселді. Содан кейін асфальт төсеу жұмыстары жүрді. Жалпы 2 көшенің ұзындығы 3,4 шақырымды құрайды, ал асфальттың қалыңдығы – төселген тасымен есептегенде 10см, ал асфальттың өзі 5-6см қалыңдықта болады. Жұмыс барысына ешқандай қиындық туғызатындай мәселе болған жоқ. Асфальттау жұмыстары аяқталған соң жол белгілері міндетті түрде орнатылады, – дейді ауыл әкімі Жандос Қуантаев.
Иә, өңірімізде кейінгі жылдары жол құрылысы қарқын алғанын мойынқұмдықтар жақсы біледі. Былтырдың өзінде, әсіресе ауылдық елді мекендердің бірқатар ішкі көшесі жаңарды. Сондықтан болар, ауыл тұрғындары да жол жөндеу жұмыстарының уәде еткен уақытында басталғанына риза болып, қуаныштарын жасырмауда.
– Биыл ауылымыздың көшелері жаңаратынын естіп, қуанып қалдық. Сол себепті ауыл тұрғыны ретінде аудан басшылығына алғысымды айтамын. Көзіміз көріп отыр, қаншама жұмыс атқарылып жатыр, ауылымыз көркеюде. Халыққа мұнан басқа не керек?- дейді ауыл тұрғыны Ермахан Шаймағанбетов.
Қуаныш КӨБЕНҒАРАЕВ, Мойынқұм ауданы