Жол жөндеушілердің жалақы мәселесін шешу үшін компания өкілдері үш күн уақыт сұрады
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календеров «Меркі-Шу-Бурылбайтал» тас жолын салушы жұмысшылардың еңбекақысын көтеруге байланысты «Синьсин» компаниясының өкілдерімен арнайы кездесті,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
– Кәсіпорын басшылығы үш күн ішінде қызметкерлердің жалақысын көтеру мәселесі қаралатынын айтты, – деді Нұржан Календеров.
Еске салсақ, кеше қытайлық компанияның 80-нен астам қызметкері әлеуметтік желі арқылы Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаев пен облыс әкіміне жалақыны көтеру мен еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен болатын.
«Меркі – Бурылбайтал» тас жолының құрылысы Жамбыл облысындағы маңызды нысандардың бірі болып табылады. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары 90 пайызға біткен. 2023 жылы толық аяқталып, көлік қозғалысы ашылады деп күтілуде.
Жамбыл облысы ішкі саясат басқармасының Өңірлік коммуникациялар қызметі