Жолаушы қаза тапқан жол оқиғасы
Бүгін Батыс Қазақстан облысы аумағында бес көліктің соқтығысуының кесірінен орын алған жол-көлік оқиғасы кезінде бір адам қаза тауып, үш адам жарақат алған.
Бұл туралы БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Жергілікі уақытпен күндізгі сағат 10.39 шамасында департаменттің кезекші бөліміне облыстың Ақжайық ауданына қарасты Алғабас ауылы тұсындағы республикалық маңыздағы тас жолда орын алған жол апаты туралы хабар түскен. «Lada granta», «Volkswagen Passat», «Toyota Camry», «ВАЗ-2114», «Chevrolet Aveo» маркалы бес бірдей автокөліктің соқтығысуы салдарынан оқиға орнында «Lada granta» көлігінің жолаушысы көз жұмса, тағы үш адам жарақат алған. Жол-көлік оқиғасының себептері анықталуда.
Жалпы Батыс Қазақстан облысы аумағында жыл басынан бері 12 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл жол апаттары бес адамның қазасымен аяқталса, түрлі жарақаттар алған жолаушылар да бар. Алдағы он жылдықта адамзаттың өмірін сақтау мақсатында билік пен құқық қорғау органдары тарапынан жолдарды жүйелі жоспарлау, белгіленген қозғалыс жылдамдығын арттырумен күрес, көлікті ішімдік қолданған күйде басқаруға жол бермеу, қауіпсіздік белдігін, мотоцикл шлемдерін, балалар орындығын қолдану, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу секілді іс-шаралар қолға алынуда. Осындай профилактикалық жұмыстарға қарамастан, өңірде жол үстіндегі апаттар тыйылар емес.
Тәртіп сақшылары жолға шыққан жүргізушілерге жол ережесін қатаң сақтауды ескертеді. Сонымен қатар ауа райының түрлі құбылысы да жолдағы сақтықты естен шығармауды қажет етеді.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы