Жолда қалғандарға жәрдем берді

Қысқы құбылмалы ауа райында сапарға шығудың өз машақаты да жоқ емес. Батысқазақстандық құтқарушылар ағымдағы жылдың 23 ақпаны күнгі аязды қарлы боранда үш шақырту бойынша оқиға орнына барып, жолда қалған азаматтарға қолұшын созды.

Бұл жөнінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Сол күні  түнгі сағат 03.30-да облыстағы Тасқала ауданының (Саратов-Орал тас жолы) Мерей ауылының тұсында «ВАЗ-2114» маркілі автокөлігінің қалың қарға кептеліп қалғаны жөнінде хабар түскен. Шақырту орнына жеткен №15 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері 1997 жылы туған Н. есімді азаматты эвакуациялап, жылыту пунктіне жеткізеді.

 

 

Ал таңғы уақытта (сағ.05.47) Ақжайық ауданы Көнеккеткен ауылының тұсында «Газель» автокөлігі де сондай жағдайға тап болып, құтқару қызметіне хабарласқан.  Нәтижесінде жедел-құтқару жасағының №6 құтқару бөлімшесінің қызметкерлері көлікті қар құрсауынан шығарып, А. есімді азаматты жылыту пунктіне жеткізген. Сондай-ақ таңертеңгі 09.27 шамасында Тасқала ауданы Бірлік ауылы тұсында ауа райының нашарлығына байланысты «Митсубиси» көлігі бұзылып қалған. Бұл шақыртуға құтқару қызметінің №15 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері келіп, көліктегі екі жолаушыны жылыту пунктіне алып барған.

Жолда қалған тұрғындар құтқарушыларға зор алғыстарын білдірді. БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қыста жолға шығатын азаматтарға

қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертуде. «Жолдардағы жағдай туралы ақпаратты «Дәрмен» мобильді қосымшасынан алуға болады. Ал құтқарушылардың көмегі қажет болған жағдайда адамдар «112» нөміріне хабарласа алады» деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметі.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы